Енді арзандамаса, қашан арзандайды?!

Бауыржан Ерман, «Ońtústik Qazaqstan».


Соңғы жылдары елімізде автокөліктер бағасының шарықтап кетуі тұрғындардың орынды наразылығын туғызды. Ал, бұл қымбатшылықтың басты себебі утильдік алым мөлшерінің шамадан тыс көбейіп кетуінде еді. Көлік бағасының аспандап кетуіне дәл осы алымның әсері мол болып отырғанын билік басындағылар да шындап ұғына бастағандай. Олай дейтініміз, еліміздің Премьер-министрі тағайындалған ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі осы мәселеге арнайы тоқталды.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, кәсіпкерлер мен жалпы қоғамда «Оператор РОП» компаниясының қызметі көптеген проблема туындатып отыр. Керек десеңіз, осы компанияға қарсы қоғамдық қозғалыс та ұйымдастырылған. 

– Мен Үкіметке «Оператор РОП-тың» утильдік алым жинауына тыйым салуын тапсырамын. Мұнымен шет мемлекеттердегідей мемлекеттік ұйым айналысуы керек. Алымдардың өзіне келсек, олардың ставкасы қайта қаралуы тиіс, – деді Президент. 

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы аталған проблеманың жай-жапсарын бизнес өкілдері және қоғаммен конструктивті түрде талқылау керегін айтты. Біздің пайымдауымызша, алдағы уақытта жеке тұлғалардың қалтасына құйылып жатқан утильдік алым мемлекет қамбасына түсіп, алым мөлшері азаяды. Соның әсерінен нарықтағы көлік бағасы да арзандауы бек мүмкін.

Пікір қалдырыңыз