Ғасырлардан сыр шерткен құмыра

Жуырда Бәйдібек аудандық сәулет-көркем музейіне Шаян ауылының тұрғыны Сүндет Қайсарұлы бағзы дәуірден жеткен қыш құмыра әкеліп табыстады. Құнды жәдігерді Сүндеттің әкесі Қайсар Шілменов Шаян өзенінің аңғарынан мал бағып жүріп тауып алған.  Бір бүйірі томпайып көрініп жатқан құмыраны жерден бүлдірмей, еппен қазып алған ол  баласы Сүндетке жәдігерді музейге сыйлауды тапсырыпты. Сонымен, музей қоры тағы да бір құнды жәдігермен толықты.
Құмыраға қарап  қазақ даласында, шежірелі Шаян өңірінде  мықты қолөнер шеберлерінің өмір сүргенін байқауға болады. Құмыраның сыйымдылығы 4-5 литр шамасында. Пішіні дөңгелек. Құмыраның ерекшелігі сол, ішінде су шүмегінен ғана құйылады. Ұстайтын бауы мен шүмек біріктіріле жасалған. Алайда, бауы сынып қалыпты. Құмыра екі қабаттан жасалған. Құмыраның сырты қара бояумен өрнектелген. Бір айта кетерлігі, музей сөрелерінде дәл осы құмыраның кішкентай көшірмелері бар. Бағзы заман адамдары бұл құмыраны сүт өнімдерін сақтауға пайдаланған дейді біздегі деректер. Қабатталып жасалған себебі айран, сүттің ашымауы үшін термос қызметін атқарған. Құмыраға құйылған суық сусын суық күйінде, ыстық сусын ыстық күйінде сақталатын болған.
Қазақ жерінде  қыш құмыралардың шығу тарихы неолит дәуірінен бастау алады екен. Саз балшықтың құрамы зиянсыз болып келетінін білеміз. Адам ағзасына қажетті кальций топырақтан алынады. Ал, саз балшықтан жасалған қыш құмырада 60 пайызға жуық кальций элементі бар көрінеді. Ғалымдар антибактериялық қасиетке ие саз балшықтан жасалған ыдыстардың құрамындағы радий элементі ағзамыздағы зиянды заттарды ыдыратуға көмектесетінін айтады. Заман ағымымен бертін келе қыш құмыралардың орнын шыны ыдыстар алмастырды. Алайда, дәл қазіргі таңда шыны ыдыстары-мыздың өзін пластик құтылар ығыстырып жіберді емес пе? 
Аудандық сәулет-көркем музейінде бір бөлме қыш құмыраларға арналған. Сөрелерде сән түзей орналастырылған қыш құмыралардың ішке бүккен сырлары көп. Осындағы құмыралардың көбісі бүйірлі, ернеулі, ұзын мойынды, кейбірі тұтқалы болып келеді. Кейбірінің сыйымдылығы 50-60 келі. Онда ұн немесе дәнді дақыл сақталған.
Қыш адамзат тұрмысында алғашқы қолданыста болған материалдар қатарында десек те, құнды жәдігерлердің бүлінбей, бұзылмай  сақталғаны таңқаларлық құбылыс.  Музейдегі құнды жәдігерлердің әрбірі өз дәуірі, сол замандағы адамдардың тіршілігі жөнінде сыр шертері анық. Сондықтан  музей қызметкерлері келген қонақтарға тарихи ескерткіштердің тарихын түсіндіріп, өлкеміздің шежіресінен сыр шертуді басты міндет санайды. Өйткені, тарихтың тарау-тарау жолдарынан бізге жеткен жәдігерлерді, яғни ата-баба мұрасын қадірлеу, тарихын білу – бүгінгі ұрпаққа парыз.

Эльмира ЖАМАШОВА,
облыстық мәдениет басқармасының Бәйдібек аудандық сәулет-көркем музейінің қызметкері.
Пікір қалдырыңыз