Кітапхананы аман алып қалды

Шымкенттегі қала әкімдігінің айналасында төрт мәдениет мекемесі бар. Олар:  Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры, Түркістан сарайы, Көрме орталығы және әл-Фараби кітапханасы. Жақында елімізде орын алған ауыр оқиға кезінде осы аталған ғимараттарға да шабуыл жасалды. Солардың ішінде кітапхана ғана аман қалды. Неге? Осы сауалға тереңірек үңіліп көрейікші... 

Әл-Фараби кітапханасы бұрын «Отырар кітапханасы» деп аталды. Ежелгі Отырар кітапханасының Александрия кітапханасынан кейінгі әлемдегі екінші кітапхана болғаны белгілі. Ал, Шымкенттегі кешегі Отырар, бүгінгі әл-Фараби атындағы кітапханада ғылыми-зерттеу орталығы құрылып, көне кітаптар мен қолжазбалар жинақтала бастаған еді. «Қазыналы Оңтүстік» көптомдық жинағы жарық көрді. «Сирек кітап қоры» деп аталатын бөлімде ғалымдар жұмыс істеді. Оларға кітапхана қызметкерлері де көмек көрсетіп, зерттеу жұмыстарының тыңғылықты жүргізілуіне өз үлестерін қосты. Бәріміз де кітапхана ісіне қызығушылық танытып, кітапханашыға айналдық. Кітап пен кітапханамызды үйімізден артық жақсы көрдік. Оның көркеюіне, өркендеуіне атсалыстық, барымызды салдық. Жігіттер жағы өз қолымен жиһаз жасаса, қыздар бөлімдерді ұлттық нақышпен безендірді. Сол жерде балалар батырлар жырын жаттап, республика көлемінде өткізілген сайыстарда жүлделі орындарды иеленіп, Отырар кітапханасының атын шығарды. Аталар мен әжелерге арналған мектеп те қарқынды жұмыс істеді. Соның бәрі ақылдаса отырып атқарған істердің нәтижесі болатын. 
Күні кеше қаңтар айының басында қаламызда орын алған тәртіпсіздік кезінде сол ғажап кезең өз жемісін берді деуге болады. Жайшылықта көп сөйлемейтін, біздің тұйық жігіттеріміз кітапхананың алдына шығып: «Бұл кітапхана – қазақтың бүкіл тарихын сақтап отырған киелі мекен» деп бұзақыларды тоқтатып, оларды райынан қайтарыпты. Осылайша кітап қорын, нақты айтар болсақ, 413 449 дана кітапты сақтап қалды. Күрделі жөндеуден өткен ғимаратқа ешкімнің қолын тигізбеді.
Алаңда болған жағдайды естіген сәтте кітапхана қызметкерлері Қайрат Балқыбек тен Нұржігіт Тоқтағұлов жұмыс орнына асыға жетіпті. Сол 2022 жылғы 5 қаңтар күні түнде кітапхананың күзетінде Жансейіт Шыналиев болған екен.    
Жігіттерге тас та, таяқ та тиген. Қайрат Балқыбектің осыдан үш ай бұрын аяғы сынған болатын. Ол дәл сол аяғынан тағы жарақат алады. Тыныштық орнағанша ауырған аяғын сүйретіп жүре берген азаматты қалайша батыр демейсің, қалайша қаһарман демейсің?!! 
«Бір Құдай өзі құтқарды! Алла абырой беріп, кітапханамызды өрттен сақтап қалдық» деп шүкіршілік етеді жігіттер. Қазақтың осындай отаншылдық рухы биік азаматтары аман болсын! Ерлігі бар жігіттердің елге жағар ісін айтқанды дұрыс көрдік. Қазақ ерлік жасағанның атасын сұрап, алғыс айтқан ғой. Аталарына рахмет!

Күлия АЙДАРБЕКОВА.
Пікір қалдырыңыз