«Омикрон» ойына келгенін істемесін!

«Көз үйренген ковидтің бұрынғы түрлеріне қарағанда, «Омикрон» штамының қаупі күшті» дейді мамандар. Олардың  айтуынша, «Омикрон» «Дельтаға» қарағанда 70 есе жылдам тарайды. Қаңтар айының ортасынан бастап «Омикрон» «Дельта» нұсқасын біртіндеп ауыстырып, өрши бастайтын көрінеді. 

Бесінші толқынның шыңы биылғы наурыз айында орын алуы әбден мүмкін. Өткен жылдың желтоқсан айының соңғы аптасында 60 жастан асқан егде адамдар арасында осы вирусты жұқтырғандардың 80 пайызды құрайтыны белгілі болды. Инфекция таралатын негізгі орындар — қоғамдық көлік (36%), сауда нысандары (34%) және отбасылардағы байланыстар (25%).  

Оңтүстік Африка елдерінен шыққан қауіпті дерт Қазақстанға қалай келген? Мұның бірден-бір себебі – шетелге саяхат. «Омикрон» штаммы тіркелген мемлекеттен былтырғы 3-20 желтоқсан аралығында 2,9 мыңдай жолаушы Алматы қаласына ұшып келген. Жолаушылардың 90%-ы Германия, Мысыр мен Ұлыбританиядан келеді, ал, бұл елдерде індеттің жаңа түрі табылғаны белгілі. Олардың арасында қауіпті дертті жұқтырған өз отандасымыздың жоқ екеніне ешкім кепілдік бере алмайды. Рас, сақтық шаралары үшін олардың ПТР анықтамалары, вакцинациялау төлқұжаты мұқият тексеріліп, бірер апта оқшауланса да әлгі жолаушылар арасынан КВИ-мен ауыратын 5 науқас анықталған. 

Елордадағы жағдай да алаңдатпай қоймайды. Нұр-Сұлтан қаласы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқарамасы басшысының орынбасары Жанна Пралиева жақында БАҚ өкілдеріне қаладағы эпидахуал туралы мәлімет берді. «Қазір біз науқастар санының тез арада көбейгенін «Омикронның» пайда болуымен байланыстырып отырмыз. Өйткені, соңғы күндерде 1442 жағдай тіркелді. Егер желтоқсан айында 2700 жағдай тіркелсе, кейінгі 10 күннің ішінде 4622 жағдай тіркеліп отыр. Яғни көрсеткіштің 1,7 есе артқанын көреміз» деді ол БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. «Ең соңғы рет желтоқсан айының соңында 25 сынама жіберген болатынбыз. Соның ішінде бір сынама оң нәтиже көрсетіп отыр. Ол оң нәтиженің иесі – біздің қаланың тұрғыны, шетелден 16 желтоқсан күні ұшып келген. Бірақ, келген кезде оның ПТР-тест нәтижесі теріс болған. Ал, 22 желтоқсанда денсаулығы кішкене нашарлап, тамағы ауырып, медициналық көмекке жүгінген. Сол жерде оң нәтиже көрсеткен. Сол сынаманы біз қосымша зерттеуге жіберген болатынбыз, «Омикрон» штамын көрсетіп отыр» деді Жанна Пралиева. Ол індеттің бетін тек белсенді вакциналау шарасы ғана қайтаратынын айтты. Жалпы, елдегі жағдай күрделілене түсті. Вакцинация үлкен қарқынмен жүріп жатқан жоқ. Бірақ, кез келген жағдайда вакциналау және қайта вакциналау қажет. Себебі, бүгінгі таңда жалғыз қорғаныс вакцинация және ревакцинация болып қала береді. Неғұрлым көбірек вакцина алсақ, індетті тезірек жеңу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. 

«Омикрон» тамақ ауырып басталады. Дене қызуы көтеріледі. Тағы бір ерекшелігі – адам тез шаршап, жата кеткісі келіп тұрады. Егер таңертең оянғанда өзіңізді нашар сезінсеңіз, үйден шығудың қажеті жоқ. Егер сіз науқаспен байланыста болғаныңызды есіңізге түсірсеңіз, дәрігерге баруыңыз керек. Вирусты таратпау маңызды. Республиканың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы бойынша бес күннің ішінде қалада аурушаңдық өссе, шектеу шаралары қабылданады» деді Жанна Пралиева.

Сондықтан сақтық шараларын күшейтпесе болмайды. «Жаман айтпай жақсы жоқ, «Омикрон» ойына келгенін істемесін!

С.МӘТҚАЛИҰЛЫ.

Пікір қалдырыңыз