Ауылдастары ауырса Асылбековті іздейді

ЛОР дәрігер Наралы Асылбековтің есімін Төлеби ауданының тұрғындары ерекше құрметпен атайды. Оның Көксәйек ауылындағы аудандық ауруханада табан аудармай қызмет етіп келе жатқанына қырық жылға жуықтапты.  Наралы Қамбарұлының зейнеткерлікке шығуына бір-екі жылы қалды, осыған орай ол қазір жас мамандар арасынан өзіне ізбасар даярлап жүр. 

Ол 1960 жылы Төлеби ауданы, Мәдени ауылында дүниеге келген. 1983 жылы Целиноград медицина институтын үздік тәмамдаған жас маман Шымкент қаласындағы облыстық ауруханада интернатурадан өтеді. Еңбек жолын аудандық ауруханада бастап, бас дәрігердің орынбасары, кейіннен бас дәрігер қызметтерін абыроймен атқарды.  
«Жастайымнан дәрігер болуды қаладым.  Мамандар тапшы сол жылдары онколог та, хирург те болуға тура келді.  Әлі күнге дейін көптеген күрделі оталарға қатысамын. Мұнда ем алуға ауылдардан ғана емес, қалалардан да  науқастар келіп тұрады. Мұндағы ЛОР жабдықтары бүгінгі заман талаптарына толық жауап береді. Кеңестік кезеңдегі құрал-жабдықтар қазіргімен салыстырғанда мүлде бөлек болатын. Олардың қызметі көбіне адам қолымен атқарылса, бүгінгі  техникалар науқастың ауру белгілерін дәл әрі нақты анықтауға мүмкіндік береді» дейді білікті дәрігер.
Бір салада қырық жыл қызмет атқарғаннан кейін шығар, ол айтатын естеліктер аз емес.  
«Ұмытпасам, 1996 жылдың жазы.  Ауруханаға түнгі сағат 23.00 шамасында Қарамұрт ауылының 8 жастағы  Сүндет есімді тұрғыны «Жедел жәрдем» көлігімен ауыр халде жеткізілді. Жас баланың бет-аузы түгелімен қанға боялып, мұрны бір жақ бетіне қарай қисайып, сынып кеткен. Түрінен түр қалмаған, кісі шошырлықтай. Мен түнгі кезекшілікте едім. Науқастың жағдайы өте ауыр. Анықталғандай, Сүнденттің отбасы қорада жылқы ұстайды екен. Ат арбаға екі атты парлап жегіп келе жатқанда,  асаулар қас пен көздің арасында бір-бірімен тебісе кетеді. Арбада отырған Сүндеттің тұмсығына аттың тұяғы тиіп, мұрнын, талқандап жіберген. Қатты соққы салдарынан астыңғы және үстіңгі еріндері жыртылып, мұрнының орнынан көздің астыңғы бөлігі анық көрініп тұрды. Сол себепті қан ақпай, орны малаққа толып қалған. Бас дәрігердің орынбасары «мына бала қалаға жетпейді, осы жерде шұғыл түрде алғашқы медициналық көмек көрсетуіміз қажет» деп кесіп айтты. Шұғыл отаға кірістік. Түнгі он екілерде басталған ота таңға жуық аяқталды. Ота кезінде көп қан кетіп, оған сәйкесінше қосымша қан құйып, қан айналымын қалпына келтірдік. Кейіннен сынған мұрынды орнына келтіріп, ауыз қуысындағы терілерді орнына тартып тіктік. Көретін жарығы бар екен. Сүндет аяғынан тік тұрып кетті. Қазір ара-тұра көріп қаламын. Бүгінде соқталдай жігіт болған, ата-анасына қолғабыс етіп жүр» дейді дәрігер.   
Бүгінде Наралы Асылбеков екі қыз, үш ұл тәрбиелеп өсіріп, олардан 8 немере сүйіп отыр. Тұңғыш қызы өзінің жолын қуды. Бүгінде дәрігер-косметолог болып  қызмет етіп жүр.  Жолдасы жарымжан балаларға арналған мектеп-интернатта жұмыс істейді.

Ы.СЕЙДОЛЛАҰЛЫ.
Пікір қалдырыңыз