Жеті жыл бұрынғы шешім ХОК-тың абыройын сақтап қалды

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Келер аптада Қытай астанасы Пекинде қысқы Олимпиада ойындары өз жалауын көтереді. Биылғы қысқы ойындарды өткізуге бастапқыда 15 қала үмітті болған. Кейіннен үміткерлер саны алтауға дейін қысқарды. Келсі кезеңге өткендердің ішінде Алматы қаласы да бар еді. Ақтық сынға Алматы мен Пекин ғана сүрінбей жетті. 2015 жылы Малайзия астанасы Куала-Лумпурда өткен Олимпиада астанасын таңдау кешінде Пекиннің бағы жанған-ды. Сол 7 жыл бұрынғы таңдау ХОК-тың бүгінгі абыройын сақтап қалады деп ешкім ойламаса керек. Түсінікті болу үшін бәрін басынан бастайық...
Бастапқы 15 қаладан 6 шаһар қалғанын айттық. Олардың қатарында Пекин мен Алматыдан бөлек, Краков, Осло, Стокгольм, Львов қалалары бар-тын. Украинадағы саяси ахуалдың тұрақсыздығына байланысты Львовтың кандидатурасын ХОК қабылдамай тастады. Өзге үшеуі өз еркімен бас тартты.
Олимпиада астанасы болуға үміткер екі шаһар (Пекин мен Алматы) қалды. Үміткерлердің мұндай аз болуы соңғы рет «қырғи-қабақ» соғысы кезінде болған екен. Әрине, Пекиннің жеңіске жетуге мүмкіндігі о баста мол еді. ХОК 2008 жылғы жазғы Олимпиаданы қабылдаған шаһарға көбірек сенім артатыны түсінікті болған. Оның үстіне сол Пекин 2008 жылғы ойындардан қалған спорттық нысандарды қысқы Олимпиадаға да пайдалануға дайын. Мәселен, қысқы ойындардың ашылу және жабылу салтанаты сол кездегі жазғы Олимпиада ойындарына арнап салынған «Құс ұясы» атты алып стадионда өтпек. Пекин кандидатурасының көңілге қонымсыз тұстары да жоқ емес. Мысалы, қысқы ойындар кезінде Олимпиада қалашығында жасанды қар жауып тұрады. Жасанды қардың табиғи қардан айырмашылығын спортшылардың сезетіні анық. Оның үстіне шаңғышылар сайысқа түсетін аумақ Олимпиада қалашығынан 200 шақырым алыста орналасқан. Сайыстар өтетін аумақтың Олимпиада қалашығынан мұнша алыс орналасуы Олимпиада ойындары тарихында бұрын-соңды кездеспеген екен.
Пекин кандидатурасының осындай көңілге қонымсыз тұстары Алматы үшін қол болып тұрған-ды. Біздің делегация Олимпиада астанасын таңдауға «Keeping it real» (Шынайы қар, шынайы тау – шынайы Олимпиада) ұранымен аттанған еді. Қысқы Азия ойындарын өткізген Алматы қаласы үшін Олимпиада ойындарын қабылдау аса қиынға соқпайтын. Қысқы Олимпиаданы қабылдау үшін Алматыға бар-жоғы екі спорттық нысан салса жетіп жатыр еді. Өзге нысандар бұрыннан бар. «Біз Олимпиада өткізу үшін супердержава ел болудың қажет емес екенін, миллиардтап ақша шашпай-ақ Олимпиада өткізуге болатынын дәлелдегіміз келеді» деген еді сол кездегі ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов.
Қазақстан делегациясының өкілі Андрей Крюковтың сөзіне сенсек, бұл Олимпиада Қазақстан қазынасына 3 млрд. АҚШ долларынан астам пайда түсірер еді. 
Малайзия астанасында өткен сайлау ХОК үшін де, басқалар үшін де қиындық туғызды. Дауыс беруі тиіс 11 өкіл Малайзияға бара алмай қалды. Одан бөлек техникалық қателер туындап, дауыс беру рәсімі кешіктірілді. Пекин Алматыны 4 қана дауыс басымдығымен жеңіп шықты. 
Еліміздегі саяси ахуалға байланысты республика бойынша екі апталық төтенше жағдай режимі енгізілген болатын. Егер осыдан 7 жыл бұрын қысқы ойындардың астанасы ретінде Алматы қаласы таңдалғанда Олимпиада ойындарының өтпей қалу қаупі жоғары еді. Онсыз да дүниежүзілік пандемияға байланысты біраз спорттық іс-шаралар кейінге қалдырылып келген. Саяси ахуалға байланысты қысқы Олимпиада да кейінге қалдырылғанда бұл ХОК-тың абыройына нұсқан келтірер еді. Абырой болғанда Куала-Лумпурдегі сайлау кезінде ХОК-тың таңдауы Пекинге түскен екен.
Хош... Келер аптада Пекинде Олимпиада алауы жағылады. Қазақстан құрамасы сапында бүгінге дейін 60 спортшы Олимпиадаға лицензия жеңіп алған. Бұл 1998 жылғы қысқы ойындар кезінде тіркелген рекордтың қайталануы. Ал, Пхенчхандағы қысқы Олимпиадағы біздің құрама 57 спортшы жіберген еді. Пекинге аттанатын спортшылардың саны әлі де толығуы мүмкін. Осы аптада биатлон, фристайл, шаңғы сайыстары бойынша қосымша іріктеу өтеді. Біздің құрама қысқы Олимпиада жолдамасы бойынша өз рекордын жаңартуға жақын.
– Қазір әлемнің әр жерінде жарыстар өтіп жатыр. Солардың қорытындысы бойынша ұлттық құраманың сапы толығуы мүмкін. Қазір іріктеу сайыстарына қатысып жатқан спортшылардан жеңіс күтеміз. Өйткені, олар халықаралық аренада жеңіске жетіп жүрген спортшылар. Пекинге аттанатын спортшылар мен бапкерлер құрамы вакцинациядан өтті. Олар Қытай астанасына бармас бұрын карантинге жатқызылған – деп мәлімдеді Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Серік 
Жарасбаев.
Пікір қалдырыңыз