Берекеміз – бейбітшілікте!

Барыс жылы басталғаны сол екен, қазақ халқы да төтен мінез көрсетіп, өз талаптарын бейбіт түрде айтуға алаңға жиылды. 
«Көп  – қорқытады, терең – батырады» демекші, қаумалаған халықтың үні жоғарыға жетіп, билік басындағылар елдің сөзіне құлақ түрген. Алайда, қандай да бір теріс қылыққа жетелейтін күштердің айтқанына ерген адамдар тәртіп бұзып, бейбіт шерудің соңы қанды қасіретке ұласты. 

Біз айтып отырған бейбіт шерудің басын «сұйытылған газ бағасын түсірсін» деген талаппен батыстағы ағайын бастаған. Бір сүйсінерлігі, жиылған жаңаөзендіктер арасында топты сөзіне тоқтата алған көшбасшылар болып, көпшілік тыныш тарқасты. Шерудің шырқын бұзбақ болғандарды тұрғындардың өздері-ақ орнына қойып отырғанына баршамыз куә болдық. Тиісінше, мемлекет басшылығындағы құзырлы қызметкерлер аталған проблеманың шешілетінін айтып, көп уақыт өтпей сөздерін іспен дәлелдеген. Дегенмен, еліміздің басқа да аймақтарындағы халыққа «айтақ» салып, халық талабы айтылады деген бейбіт шерулердің жалғасын өз пайдаларына жаратпақ болған беймәлім күштер өз дегендеріне жетті. Олай дейтініміз, қаңтардың бесінші жұлдызында басталып, бірнеше күнге созылған жаппай тәртіпсіздіктің салдарынан мамыражай заманда қарудан оқ атылып, соның кесірінен әскери қызметкерлер мен бейбіт халықтың қаза тапқанын, мемлекеттік және кәсіпкерлік нысандарға шабуыл жасалып, кейбір адамдардың кәдімгідей тонаумен айналысқанын бәріміз естіп, көріп жатырмыз. Адам өмірі мен құқықтарын, бостандығын басты байлық етіп белгілеген Ата Заңы бар ел үшін мұндай іс адами тұрғыдан да, заң тұрғысынан да дұрыс емес. 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жасаған Мәлімдемесінде елді сабырға, теріс жолдағылардың соңынан ермеуге шақырды. Айтса, айтқандай-ақ, елді бүлікке бастағандардың көпшілігі әбден дайындалған лаңкестік топ екені анықталған жоқ па?! Олар өздері арандатқан бейбіт халық тынышталғасын да миссияларын жалғастырып, елімізге едәуір залал тигізді. Әсіресе, Алматы қаласындағы тұрғындарға қару-жарақ таратқаны, әскерилерге қарсы оқ атқаны, тіпті, ауруханаларды басып алып, бірнеше күн бойы қызметкерлеріне қысым көрсеткені барып тұрған бассыздық емес пе?! Ал, «ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндер олардың әрекетіне қалайша тосқауыл қоя алмады?» деген сұрақ өз алдына бөлек тақырып. Теңқұқықты, ортақ заңға бағынатын тәуелсіз қоғамда мұндай арампиғылдыларға орын болмауы қажет еді ғой. Хош, бұл мәселелердің түйіні алдағы уақытта тарқатыла жатар. Келесі мәселеге көшелік.
Осы оқиғаларға байланысты ел аумағында төтенше жағдай жарияланып, сағат 23.00 мен 7.00 аралығында тұрғынжайдан тыс жерде бей-берекет жүруге болмайды деген шешім қабылданған. Дегенмен, өңір полицейлері бір ғана тәуліктің ішінде коменданттық уақыт ережелерін бұзған жүздеген адамды ұстады. Оған қоса, қалалар мен аудандардың кіреберісіне қойылған блок-бекеттердегі тексерулер кезінде Алматы сынды ірі қалалардағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқан облыс азаматтары асынған қаруларымен, тонаған заттарымен бірге құрықталып жатыр. Бір қынжылтатыны – олардың негізін жастар құрайды. Бұл мемлекеттік идеологияның, жастар тәрбиесінің жағдайы мәз емес екенінен хабар береді. Сонда біздің аузы дуалы ақсақалдар, ата-аналар, ұстаздар мен идеологтар қайда қарап отыр? Қазақ пен қазақтың алаңға шығып жаға жыртысқаны қай бір жақсылық?! Елдің ертеңі саналатын жастардың санасына Отанымызға, қандастарымызға деген жанашырлықты, терең түсінікті қалай сіңірмек керек? Ал, бұл сұрақтардың шешімін таба алмаса, біз айтқан идеология саласының мамандары да өздері отырған орынға лайық емес шығар?..
Иә, еліміздің теңқұқықты тұрғындары талабын, ойын ашып айтпасын деуге ешкімнің құқығы жоқ, айтсын. Бірақ, ел болғасын тәртіпке бағыну да керек қой. Әйтпесе, Отан үшін от кешіп, талай зұлматты көрген Бауыржан Момышұлы атамыз «тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» дегенді ерігіп отырып айта салды дейсіз бе?! Қандай істе болмасын қазаққа тән қасиеттерімізді, парасат пен пайымымызды көрсету – әрбіріміздің азаматтық борышымыз деп білемін. Берекеміз – бейбітшілікте, күшіміз – бірлікте, қазақ елі!

Бақдәулет СЫЗДЫҚ, 
лейтенант, 58012 әскери бөлімі батальон командирінің тәрбие жане идеологиялық 
жұмыстар жөніндегі орынбасары.
Пікір қалдырыңыз