Әлем назары – Қазақстанда...

Баян ДарҒожина, «Ońtústik Qazaqstan».

Қазақстанда таяуда ғана орын алған жаппай тәртіпсіздік әлем елдерінің, соның ішінде көршілес елдердің  алаңдаушылығын тудырған сыңайлы. Соңғы уақытқа дейін Орта Азиядағы ең тұрақсыз ел болып саналған Қырғызстан үкіметінің басшысы  «көтеріліс әрекетін енді ғана бастан кешірген Қазақстан көрші елдер үшін «революцияның экспорттаушысы» бола алады» деп ескертті. Оның айтуынша, Қазақстандағы лаңкестік пен тонауға қатысқан деструктивті элементтер кейіннен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) қатысушы басқа елдердің аумағына ене алады. ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл онлайн-отырысында сөз сөйлеген Қырғызстан үкіметінің басшысы Ақылбек Жапаров, міне осыған назар аударды.

Қазақстандағы жағдайдан ең алдымен Қырғызстан мен Өзбекстан билігі сабақ алуы керек екендігі туралы Беларусь басшысы Александр Лукашенко да дәл сол отырыста айтты. Оның өзінің де жақында билікті құлату әрекетінен аман қалғаны белгілі. 
Орта Азияның тұрақсыз елдерінің жария емес рейтингінде бірінші болып Қырғызстан тұр. Республика 2005, 2010 және 2020 жылдары биліктің үш рет ауысуын бастан өткерді. Екі мыңыншы жылдардың басында исламистердің террористік шабуылдары, қырғыз-өзбек этносаралық қақтығыстары, ал, бір жылдан аз уақыт бұрын көрші Тәжікстанмен шекаралық шағын соғыс болды.
Алматыдағы қазіргі тәртіпсіздіктерді басу кезінде қазақстандық құқық қорғау органдары көрші республикалардан, соның ішінде Қырғызстаннан келген бүлікшілердің ұсталғаны туралы мәлімдеді. Тәртіпсіздіктердің жалдамалы қатысушысы ретінде қырғыз джаз музыканты Викрам Рузахуновтың ұсталуы қазақ еліне абырой әкелген жоқ. Бірақ, нақты бүлікшілер арасында Қырғызстан азаматтары жеткілікті болған сияқты, республиканың сыртқы істер министрлігі Қазақстанда ұсталған бес адам туралы хабарлады.
Егер Қырғызстан төңкерістер мен кландардың билік үшін шайқастарына қысқа мерзімді лимитті тауысса, онда Тәжікстан өткен жылдың соңында аймақаралық қақтығыстардың қаупін еске түсірді. 2021 жылдың қарашасында  Тәжікстанда этникалық және діни жағынан ерекшеленетін тәртіпсіздіктер орын алды. Тоқсаныншы жылдардың басында елдің азаматтық соғыстан аман өтіп, қазір жаңа «Талибан» режимінің көршісі болғандығы ТМД-ның оңтүстік шекарасының қауіпсіздігі туралы алаңдаушылық тудырып отыр.
ҰҚШҰ Қауіпсіздік Кеңесінің биылғы саммитінде Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон  «тәжік – ауған шекарасын нығайту жөніндегі мемлекетаралық мақсатты бағдарлама» әлі қабылданбағанын айтты. Тәжік арнайы қызметтерінің мәліметінше, қазір ҰҚШҰ-ның оңтүстік шекарасында алты мыңға жуық содырлар мен террористерді дайындайтын 40-тан астам ұяшық бар.
Сарапшылардың пікірінше, тек Тәжікстан немесе Қырғызстан ғана емес, жағдайы тұрақты делінетін Өзбекстан да әлсіз буын қатарына жатуы мүмкін. «Ислам Каримовтың тұсында Өзбекстан халықаралық терроризмге мүлдем төзбейтін ел болды. Мысалы, Өзбек билігі 2005 жылы Әндіжанда содырлармен Калашников пулеметі тілінде сөйлесті. Бірақ, қазір жағдай нашарлады, және бұл, көріп отырғанымыздай, Өзбекстаннан содырлар кірген Қазақстанға теріс әсер етті» деп атап өтті ТМД елдері институты Орта Азия бөлімінің басшысы Андрей Грозин.
Естеріңізге сала кетейік, 2005 жылдың мамыр айында Ферғана алқабындағы облыс орталықтарының бірі – Әндіжан қаласында ауқымды тәртіпсіздіктер орын алды, саяси оппозицияның сөздеріне радикалды исламистік топтар қосылды. Олар тұтқындарды босатып, мемлекеттік құрылымдардың ғимараттарын басып алды. Құқық қорғау органдары қатаң түрде көтерілісті басқаннан кейін Еуропалық Одақ пен АҚШ Конгресі Өзбекстанға қарсы санкциялар енгізді, бірақ 2009 жылы бұл шектеулер алынып тасталды.
Грозиннің пікірінше, 2016 жылы Каримов қайтыс болғаннан кейін Өзбекстанды Шавкат Мирзиеев басқарған кезде республикалық мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің  басшылығына тәжірибелері аз жаңа тұлғалар келді. «Осыдан кейін елде өз азаматтарын Сириядан қайтарудың бірнеше кезеңдері өтті» деп еске алды сарапшы. Саясаттанушының айтуынша, сол кездің өзінде оралғандардың кейбірінің беделіне қатысты мәселелер туындаған. «Бірнеше жыл бойы сыртта жүрген адамдар қарулы наразылықты ұйымдастырудың барлық дағдыларына ие бола алады» деді сарапшы. Ол Қазақстан да өз азаматтарын Сириядан қайтару бойынша ұқсас саясат жүргізгенін еске салды, бұл нәтижесінде қауіпсіздікке теріс әсер етуі және жақында болған бүліктің негізін қалауы мүмкін.
«Тоқсаныншы жылдардың ортасында Ферғана алқабынан келген иммигранттар террористік деп танылған және Өзбекстанның өзінде және әлемнің басқа елдерінде тыйым салынған «Өзбекстан ислам қозғалысын» (ӨИҚ) құрды.  2010 жылы олар Тәжікстанда жаңа ауқымды қақтығыс тудыруға тырысты. Посткеңестік шекараларды мойындамайтын ұйым Орталық Азия аймағының барлық елдерінде «жиһадқа» анық сенеді. Сондықтан президент Рахмонның ҰҚШҰ Қауіпсіздік кеңесінің саммитінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт елдерінде террористік деп танылған ұйымдардың ортақ базасын қалыптастыруды кешіктірмеуге шақырғаны таңқаларлық емес» дейді Андрей Грозин. Сондай-ақ, ол Өзбекстан террористік қауіптің «қызыл аймағында» орналасқандығын, сондықтан оған ҰҚШҰ-ға оралу керектігін, Ташкентте қазақстандық оқиғаларға ұқсас оқиғаларды тоқтатудың басқа жолдары жоқ екендігін айтты.
«Валдай» халықаралық пікірталас клубының бағдарламалық директоры Тимофей Бордачев ҰҚШҰ елдері әскерлерінің Қазақстанда болуы, ең алдымен, саяси маңызға ие екендігін айтады. «Ресей әскерлері Қазақстанға соғысуға емес, саяси қолдау көрсетуге аттанды. Бұл қатысу республика басшылығына оның жалғыз емес екенін, серіктестерінің, соның ішінде Ресей сияқты қуатты одақтасының қолдауына ие болатындығын көрсетеді. Бұл Қазақстан билігі әрқашан өзінің күштік қызметкерлеріне сене алмайтын жағдайда өте маңызды, оны соңғы оқиғалар бойынша бағалауға болады» деді ол.
ТМД елдері институтының Орта Азия бөлімінің басшысы Андрей Грозин Қазақстанда болып жатқан оқиғаларға сыртқы әсер ету факторын толығымен жоққа шығару ақымақтық болатынын айтты. 
«Комсомольская правда» газеті «Алматыда бүлікшілер мен тонаушыларды ұйымдастырушылардың бірі – «Дикий Арман» лақап атымен белгілі Арман Жұмагелдиев ұсталды. Ол Түркияда ұзақ уақыт тұрып, қаңтарда елге оралған. Қазақстандық құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне Жұмагелдиев түрік исламшыл топтарымен де, британдық МИ-6 барлау қызметкерлерімен де тығыз байланыста болды деп болжауға негіз бар» деп жазды.
ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жеделхат жолдады, онда ол тәртіпсіздіктерге байланысты оның жігерлі шараларын бағалады. «Бұл сіздің саясаткер ретіндегі батылдығыңыздың және ел мен халық үшін үлкен жауапкершілігіңіздің көрінісі» делінген. Құжатта сондай-ақ,  Қазақстанның тұрақтылығына нұқсан келтіретін, азаматтардың бейбіт өміріне қауіп төндіретін, хаос тудыратын және «түрлі-түсті революцияны» тудыратын кез келген күштерге өте қарсы екендігі атап өтілген.       
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстандағы дағдарыстың себептерін қарастыру кезінде ішкі факторды да ескеру қажет. Қазақстандық саясаттанушы Марат Шибұтов «елдің көптеген аймақтарында ондаған мың адамды даярлау, оларды оқыту, оларға осал жерлердің, стратегиялық объектілердің тізімін беру, арнайы күштердің полицияға уақытында көмектесуіне жол бермеу, сол әуежайдың қызметтеріне өзін қорғауға мүмкіндік бермеу – бұл жүйелі проблемалар емес, ҰҚК-нің толыққанды қатысуы» деп санайды.  
«Мәсімов, әрине, кінәлі. Осындай шектен шығудың алдын алуға бағытталған ведомствоның басшысы бола отырып, жұмсарта айтқанда ол дұрыс жұмыс істемеді», – деп атап өтті Грозин. Оның пікірінше, дәл осындай бағаны Мәсімовтің орнынан түсуіне дейін алып келген ҰҚК-нің басқа да басшы қызметкерлеріне де беруге болады.
«Иә, ел мүддесіне опасыздық жасау – дер кезінде хабарламау, оларды залалсыздандырмау – бұл нағыз мемлекеттік қылмыс» дейді Назарбаевтың бұрынғы кеңесшісі Е.Ертісбаев.
Қазақстандық саясаттанушы М.Шибұтовтың айтуынша, экономикалық тұрғыдан алғанда жергілікті билік қателік жіберді. «Ішкі және экспорттық баға арасындағы айырмашылық іс жүзінде бес-алты есе өсті. Мұнда, әрине, ішкі бағаны көтеруге тура келді, өйткені газ өзіндік құнынан төмен сатылды» деп атап өтті сарапшы.
«Газ бағасының екі есе көтерілуінің қисыны неде деп айту қиын, бірақ алғашқы наразылықтардың Маңғыстау облысында болғаны кездейсоқ емес, өйткені бұл саяси және митинг тұрғысынан ең белсенді аймақ. Бірақ, тұтастай алғанда, елде әлеуметтік әділеттілікке сұраныс бар. Қазақстан даму бойынша посткеңестік кеңістіктегі көшбасшылардың бірі болып табылады, мұнай өндіру жылына 100 млн. тоннаға жақындап келеді. Бірақ, табыс моделі билікке жақын адамдардың тар тобымен шектеледі, қаражаттың негізгі алушылары Нұр-Сұлтан және Алматы болып табылады» дейді Посткеңестік зерттеулер орталығының аға ғылыми қызметкері Станислав Притчин.
Саясаттанушы Қазақстанның қалған бөлігінде «ішкі наразылық бар» деп қосты. Жалақының төмендігі және инфрақұрылымның даму деңгейі наразылықты тудырады. Ресми түрде берілген сурет шындыққа сәйкес келмейді. «Әлеуметтік әділеттіліктің талабы жаппай наразылықтарға әкелді» дейді С.Притчин.
Пікір қалдырыңыз