Үлкен кісінің батасын алған

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Кеше мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 110 жыл толды. Үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы болған Дінмұхамед Ахметұлы билік басында болған уақыт күрделі, қарама-қайшылыққа толы кезең болғанымен, елдің экономикасы, әлеуметтік саласы, ғылымы, ұлттық мәдениеті дамып, өрге басқан жылдар еді. Дінмұхамед Ахметұлы ел басқарған жылдары қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті мен 43 қала пайда болды. Олардың қатарында өнеркәсіп орталығы болып саналған Рудный, Екібастұз, Шевченко (қазіргі Ақтау), Никольский, Степногорск, Теміртау, Жаңатас, Кентау, Арқалық қалалары бар.

Ел арасында заманының заңғар тұлғасымен кездескен, дидарласқан, сұхбат құрған адамдар баршылық. Біздің редакциямызға бас сұққан Нұрқожа қажы Сыздықов та сондай жандардың қатарынан.

Ол 1990 жылы Алматы қаласында Дінмұхамед Ахметұлымен кездескен екен. Ал, ол жылдары Қонаевпен кездесу екінің біріне бұйыра бермеген. Нұрқожа қажы бізге сол кездесу сәтін былайша әңгімелеп берді.

– 1990 жылы Меккеге қажылыққа құжат жинап жүргенмін. Қазіргідей интернет заманы емес. Қағаздарымды мүфтиятқа тапсыру үшін жолға шыққанмын. Алматыны онша білмеймін. Шымкенттен бірге шыққан жас жігітті жолбасшы етіп алдым. Мүфтияттағы шаруаларымды бітірдім де, «балам, енді мен Қонаев ақсақалмен жолығуым керек, жол көрсетіп жібер» дедім. Содан ол жігіт жас болса да әлдекімдерден сұрастырып жүріп, мені Дінмұхамед Ахметұлы тұратын көшеге түсіріп жіберді. Сол сәтте бес бәлекеттен сақтайтын Құрандағы «Аятул Курси» сүресін оқып алдым. Жолымнан ешқандай бөгет шығара көрме деп дұға тіледім де, еңселі екі қабатты үлкен үйге келіп тоқтадым, – дейді қажы.

Есік алдынан оны қызметші жігіт тосып алыпты. Оған алыс ауылдан келгенін, Қонаевты көргісі келетінін айтқан. Біраздан соң қызметші әйел шығып, есікті ашыпты.

– Ішке кіргенім сол, үйдің ішінен таудың саф ауасы секілді таза ауа аңқып қоя берді. Тазалықты сүйген адам ғой. Үйдің тазалығына қатты көңіл бөлетіні сезіліп тұрды. Үлкен кісі төргі бөлмеде, кітап сөрелерінің алдында мені күтіп тұр екен. Амандасып, есен-саулық сұрасып, әңгімені неден бастарымды білмей сасқалақтадым. «Қажылыққа құжат туралап жүрмін» деп едім, «кешіріңіз, мен жақында зейнеткерлікке шыққанмын, ол шаруаңызға көмектесе алмаймын» деді. Мен көмек сұрауға емес, кездесуге, дидарласуға келгенімді, қажылыққа байланысты мәселелерімнің бәрін шешіп қойғанымды айттым. Ұлағатты кісі қазіргі өмірінен аз-кем сыр шертті. Бір кезде әлгіндегі қызметші әйел бөлмеге бас сұғып, «почта нету» деп орысша сөйледі. Дінмұхамед Ахметұлы оған орысша да, қазақша да жауап қатқан жоқ, бар назары менде болды. Бір кезде «жақында әйелім дүниеден өтті, жағдайым нашарлап қалды, сенің алдыңда ғана Леңгірден бір ақсақал келіп, жағдайымды сұрап кеткен-ді» деді. Сосын батасын алып, бір суретін беруді сұрадым. «Екі қапшық тола суретім бар еді, адамдарға таратып тауыстым» деді де, «Қазақстан» қонақүйінің алдында түскен үлкен портретін алып, жаза бастады. Сол кезде «үйдегі балам сізбен аттас еді, соған жазып берсеңіз» дедім. Сосын суреттің артына «Дінмұхамед! Бақытты бол! 19. ХІ. 1990» деп жазды да, қолын қойып берді, дейді Нұрқожа Сыздықов сол кездесуді еске алып.

Кейіннен бұл суретті Нұрекең түрлі-түсті етіп өңдетіп, үлкен портрет қылып, шығарып алған екен. Бүгінде суреттің түпнұсқасы да, көшірмесі де қажының үйіндегі төргі бөлмеде ілулі тұр. Үлкен кісінің тілегіне ие болған Дінмұхамед бүгінде бір отбасының тірегі болып отыр. Бір перзентінің есімін Дінмұхамед атамыз бен оның жары Зухра апамыздың құрметіне Дін-Зухра деп қойыпты.

Пікір қалдырыңыз