«Халық сақшылары» іске кірісті

Ысқақ САДЫҚ, «Ońtústik Qazaqstan».

Түркістан облысындағы ахуал тұрақты. Қоғам қауіпсіздігін сақтауда өңіріміздің белсенді жастары да шет қалмауда. Түркістан қаласы мен аудандардан 700-ге жуық жас жиналып, «Халық сақшылары» жасағын құрды. Олардың арасында нәзік жанды аруларымыз да бар. Осылайша қоғам белсенділерінен, танымал спортшылардан, спорт мектептерінің ұстаздарынан және өзге де сала мамандарынан құралған топ елдегі ахуалға байланысты тұрғындарды бүлікші топтар мен арандатушылардың сөзіне ермеуге шақыруда. Сондай-ақ, блок-бекеттерде тұрған қызметкерлер мен әскери жасақ сарбаздарына ыстық тағамдар және сусындар жеткізуде.  Азаматтар елді лаңкестерден қорғау үшін тұрғындарды бірлікке үндеп, елімізде жүргізіліп жатқан антитеррорлық операцияларды қолдайтындарын жеткізді. Ерікті жасақ топтарға бөлініп, түнгі уақытта кезекшілікте тұруға кірісіп кетті.
Бұл бастамаға ерекше қолдау білдірген облыс әкімі Ө.Шөкеев еріктілер жасағымен кездесіп, оларға өз алғысын білдірді.
«Ел ішінде болған тәртіпсіздік кезінде сабырлылық танытып, ел тыныштығын ойлаған барша азаматтарға алғыс айтамын. Алғашқы күннен бері ел қауіпсіздігін сақтау жолында күн-түн демей жұмыс атқарып жатқан полиция қызметкерлеріне қолдау көрсететін өздеріңіз секілді жастардың көп екендігі қуантады. Біз қашан да тыныштықтың, ынтымақтықтың жолында сақшы бола білуіміз керек. Біздің облысымызда жағдай тұрақты. Неге тұрақты? Себебі халқымыздың патриоттық сана-сезімдері жоғары деңгейде. Жер-жердегі ақсақалдардың белсенді жұмысы және  өздеріңіз секілді абыройлы жастар мен спортшылардың ел тыныштығы жолында аянбай еңбек етуі бейбітшіліктің  кепіліне айналды. Әлі де қауіп сейілген жоқ. Арандатушылар болуы мүмкін. Оған біз тек бірлігіміздің арқасында  тойтарыс бере аламыз» деді Өмірзақ Шөкеев.
Пікір қалдырыңыз