Тәлкекке түскен тағдыр

Бұл әкем Әбдіраш жазған дүние еді. Мұнда соғысқа барып, неміске тұтқын болған Мейірбек атамыздың басынан кешкен оқиғалары мен қиындықтары айтылады. Бүгінде əкем де, Мейірбек атамыз да марқұм боп кеткен. Имандары саламат болсын. Екінші жаһандық соғыстың аяқталып, Жеңіс туының желбірегеніне 77 жылға жуықтаса да соғыс салған ылаң жүректерден өшпейді екен, жаңғырады да тұрады. Сол себепті де осынау естелікті «Оңтүстік Қазақстан» газетінің оқырмандарына ықшамдап ұсынғанды жөн деп таптым. 

 Оралхан ДӘУІТ,
Жамбыл облыстық  «Ақ жол» газетінің бас редакторы.

Осы ағаның қиын тағдырын жұрт аузынан естісем де, өзінен сұрауға батпаушы едім. Оған кешегі кеңестік заман тәрбиесі де мүмкіндік бермеді ғой. Ол кезде соғысқа қатысқандар туралы жазғысы келетіндердің жаттанды сұрағы болатын: «Қанша неміс өлтірдің? Қандай ордендерің бар?». Ал, тағдыры тәлкекке түсіп, жау қолына түсіп қалып, біраз ғұмырын тұтқында өткізгендер осындай сауал кезінде күмілжіп, жер шұқып қала беретін. Фашистерден көрген азабы аздай, елім деп елпілдеп келгенде көңілі су сепкендей басылып, бұл жақтағылар да маңдайынан сипай қоймапты. «Отанын сатқан опасыз» деп, жігерін құм етіп, лағнеттің қара қамытын мойнына іліп, итжеккеннен бір-ақ шығарған жоқ па?! Сондықтан да болар, Мейірбек аға екі-үш адамның басы қосылған жерде өткен күндері жайлы үзік-үзік айтып қалғаны болмаса, шешіліп сыр шерте бермейтін. Сол бір азапты күндерін еске алмауға тырысатын.
– Ол кезде жетіжылдық білімі барлар жерде қалмайтын. Мен де колхозда әрі хатшы, әрі кассир болып жұмыс істеп жүргенмін. Үйде анам, інім, қарындасым бар. Менің табысым айналдырған төрт жанға жеткілікті. Сөйтіп жүргенде 1941 жылы маусым айында әскерге шақырту қағаз алдым, – деп бастады әңгімесін Мекең. – Ауыл бойынша бес адамға шақырту келіпті. Олар Міркәр Сүйіндіков, Орынбасар Мамадалин, Дошан Өмірзақов, Шәріп Тоғысбаев және мен. Бәріміз көңілдіміз. Әр үй кезекпен шақырып, ойнап-күліп, 13 маусым күні аудан орталығы – Георгиевкаға келдік. Ертеңіне Леңгір арқылы Шымкентке алып келіп, пойызға отырғызды. Ол кезде қызыл вагон, Батысқа қарай тартып келеміз. Жолда жүргенімізден тұрғанымыз көп. Жолға деп үйдегілер дорба-дорба тамақ салып берген, соны жеп, ойнап-күліп жарты ай дегенде Харьков қаласына келдік. Біздің пойыздың жанына бір әскери эшелон кеп тоқтады. Бір кезде гу-гу әңгіме көбейіп кетті. Сөйтсек, соғыс басталған екен. Мына әскери эшелон сол соғысқа кіруге бара жатыр. Онша қорқа қойғанымыз жоқ. «Қазір мыналар барады да, немісіңді тас-талқан етеді. Әттең, біз үлгере алмаймыз. Киім де, мылтық та алғанымыз жоқ. Алып болғанша мына әскер мен техника, қанша неміс болса да қырып салары сөзсіз» деп ойладық. 
Біздің баратын жеріміз – Житомир облысындағы Бердычев деген қала екен. Сол жерде әскери киім, қару-жарақ таратқан соң Батысқа қарай кеттік. Алғашқы күні 80 шақырым жаяу жүрдік. Қарсы кездескен босқындарда есеп жоқ. Шығысқа қарай жаяу-жалпылап, атпен, арбамен ағылған жұрт. Япырай, бұл айбынды Қызыл армияға не болған? Босқындардың айтуынша, немістер таяп кеп қалыпты. Мұндай жүріске үйренбеген солдаттар, кешке сүріне құлады. Көп адам аяқтарын күлдіретіп баса алмайды. Бәрі бірдей шұлғауын орай алмағандықтан ғой. Бірақ, оған қараған ешкім жоқ.
Ертеңіне батысқа қарай тағы да жолға шықтық. Жолдың екі жағы да сыңсып пісіп тұрған бидай. Ортадағы жолда адам лық тола. Батысқа қарай біз беттесек, шығысқа қарай ағылған босқындар. Күн бесіннен ауғанда батыс жақтан қаптап ұшақтар шықты. Алғаш бәріміз аңтарыла қарадық. Төбемізге төніп кеп қалғандарында бір-ақ байқадық, ұшақ немістердікі. Бомбаларын тастай бастады. Алғаш қызық көрдім бе, түскен бомбаларға қарап қалыппын. Бомбалар жерге түсіп, жарыла бастады. Босқындар мен солдаттар мидай араласып кеттік. Ию-қию, біреуді біреу біліп болмайтын аласапыран басталды. Бір кезде «Бидайдың арасына тығылыңдар» деген бұйрық болды, бет-бетімізге тарап, егін арасына жасырындық. Әркім қара басын қайда жасырарын білмей аласұрды. Пісіп тұрған егін лапылдап жана бастады. Ұшақтар істерлерін істеп, жүгінен жеңілдеп алған соң батысқа қарай сап түзеп кетіп қалды. Тірі қалғандарымыз орнымыздан тұрдық. Қырылған адамда есеп жоқ. Жұрт есі ауысқандай мең-зең. Бір-біріне қарамай, жақын маңдағы орманға қарай ағылып барады. Жиналғанымыз шамалы-ақ. Қаншама жан сол жерде қаза тапты. Орманға кіріп есімді жиғанда өз ауылдастарымыздан Міркәр ғана кездесті. Басқаларының өлі-тірісінен хабарсызбыз. Өлді деуге көзім көрген жоқ, тірі деуге алқаптағы сойқаннан аман қалғандардың барлығы осы орманға кірген. Орман ішінде бас-аяғымызды санасақ, солдаттардан 21-ақ адам қалыппыз. Бастап келген командирлеріміздің біреуі де жоқ. Жаралылар қалды ма екен деп көріп келуге бомбаланған жерге баруға ешкімнің де жүрегі дауаламады. Бұрын соғыс түгілі, адам өлімін көрмеген өрімдей жас жігіттердің есі шығып кеткен. Ойласа келе шығысқа қарай тарттық. Қазақтан үшеуміз. Бірі – мен, бірі – Міркәр, бірі – Түлкібастың жігіті (атын ұмытыппын). Орман ішімен келеміз. Бәріміз арбаға отырып, Киев бағытына қарай тартып кеттік. Мұнда бәрімізді қатарға тұрғызып қойып, әр солдатпен командирлер жеке-жеке сөйлесті. Солдаттар ішінен орыс тілін жақсы білетін, сауаттыларын бір бөлек бөліп алды да, Киевтен жеті шақырым жердегі орман ішіне алып барып, кіші командирлер даярлауға кірісті. Мен сол топқа қосылдым да, Міркәр Киевте қалып қойды. Содан кейін тағдыр маған Міркәрді қайта көруге жазбапты. Менімен Жүнісбеков Бәйгөбек, Бәженов Смайл деген жерлес жігіттер бірге кетті. Оқу бір айға созылды. Немістер ілгерілеген сайын бізді де шегіндіріп, алыстау жерге апарып жаттықтырды. Сөйтіп біз Полтава, Харьков облыстарының жерлерін басып өтіп, Воронежге келгенде оқу да бітті. Енді бізді бөлді. Мен 76-шы дивизияға түстім. Рота командирі Қыстаубаев деген қызылордалық жігіт еді. Маған сержант атағы берілген. Бір бөлімше командирі етіп тағайындады. Ұрысқа кірістік. Бірде шегініп, бірде шабуылға шығып, соғыс жүріп жатты. Қаншама жолдастардан айырылдық. Орнына қаншама адамдар келді.  Волчанск деген жерде қарсы шабуылға шықтық. 1942 жылдың 8 қаңтары еді. Соғыс сондай қатты болды. Әйтеуір белгіленген межені алдық. Волчанск жау қолынан азат етілді, бірақ бұл тым қымбатқа түсті. Бүкіл полктан 13-ақ адам сапта қалыппыз. Полк кешке қарай тылдан келгендермен толықты.
1942 жылдың наурызында қарсы шабуылға шықтық. Ұрыс он екі күнге созылды. Алма-кезек жеңіп, екі жақтан да адам қаны суша ақты. Қарсы шабуыл сәтсіз аяқталып, бір батальон солдаттан 19-ақ адам қалып, бізді толықтыру үшін демалысқа тылға шығарды. Біраз уақыт демалып, қатарымызды толықтырған соң Курскіге алып келді. Бұл жерде немістерге тойтарыс беру үшін екі линия болып соғысқа дайындалдық. Мен екінші линияда болдым. Мамыр айында осы жерде немістермен тағы да бетпе-бет келдік. Ұрыстың қатты болғаны соншалық, ұйымдасқан түрде шегінуге де мұрша болмады. Әскер бей-берекет бас сауғалап, бет-бетімен қашты. Бір қарасам, орман ішінде бір өзім ғана қалыппын. Есімді жиып, демімді алған соң тас жолға жақындасам, немістің мотоциклдері мен машиналары қара қоңызша қаптап, шығысқа қарай ағылып жатыр. Немістердің тылында қалғанымды білдім де, орман ішімен шығысқа қарай жүре бердім. Алғашқы үш күнде ешкім кездеспеді. Аздаған ғана тамағым бар еді. Ол таусылды. Үшінші күні бір өзбек жігіті кездесті. Сумкасына толтырып нан салып алған екен. Соның нанынан жеп, серіктесіп, шығысқа қарай жүре бердік. Бір аптада өзіміз сияқтылар қосылып, ұзын-санымыз жиырмаға жетті. Бір айдай орман ішін кезумен болдық. 
Басыңды ауыртып не қылайын, шырағым, атам қазақ «Дүниеде үш арсыз бар» деуші еді. «Ұйқы – арсыз, күлкі – арсыз, қу құлқын – арсыз». Сол айтқандай, қу құлқын деген арсыз бізді орманнан тас жолға айдап шықты. Бұл кезде жүруге де шамамыз келмей қалған болатын. Сонадайдан байқаған бір жеңіл машина тоқтап, ішінен үш-төрт офицер түсті. Олар қауіптеніп, дереу қаруларын оңтайлай бастады. Тәуекел, әйтеуір, бір өлім. Атса, атып тастар, ажал жетпесе, оны көрерміз. Қарсы жүре бердік. Олар да қауіп жоғын білді ме, тасадан шығып, ішінен орыс тілін білетін біреуі: 
– Қаруларыңды тастаңдар, – деді.
Онсызда әрең келе жатқандар қаруларын тастай салып, тас жолға шықтық. Олар бізді бір селоға дейін алып келді де, сол жерден қарулы күзет беріп, Харьковке қарай жаяу айдады. Сөйтіп неміске пенде болып, тұтқынға түстік. Бұл 1942 жылдың маусым айы еді. Харьковке келсек біз сияқты тұтқынға түскендер көп екен. Соларға бізді де қосты.
Желтоқсан айында бізді Полтаваға ауыстырды. Бұл жерде Николай патша салдырған ескі түрме бар екен. Соған әкеліп қамады. Киімдерімізді булап, өзімізді моншаға түсірді. Біраз күн өткен соң бөле бастады. Өңкей мұсылмандарды бөлектеп, Полтава облысындағы Миргорд деген қалаға әкелді. Бұл жерде бізге бұрынғыдан дұрыс қарады. Күніне бір мезгіл ыстық тамақ береді, 600 грамм қара нан үлестіреді. Тамағы тұзсыз, майсыз. Себебі, аштықтан әбден әлсіреген адам тұзды, майлы тамақты көтере алмай, өліп кетеді екен. Жағдайымыз біршама дұрысталды. Бұл жерде бір ай тұрдық. Көп кешіктірмей, эшелонға тиеп Германияға жөнелтті. Елге қайтсақ деген үміт біржолата үзілгендей. 1943 жылдың қаңтар айында немістің Нойхамер деген қаласынан бір-ақ шықтық. Бұл белгілі қайраткер Мұстафа Шоқай ұйымдастырған Түркістан легионы екен. Оны кейіннен білдім. Кейін партизандарға қосылдық. Бұл 1944 жылдың ақпаны болатын. Лагерьде бар-жоғы 70 мұсылман баласымыз. Сонымен 70 адам түгелдей партизан отрядында 1944 жылдың ақпанынан қыркүйегіне дейін болдық. Қыркүйекте лагерьге үш американдық келді. Бәрімізді жинап, жиналыс өткізді. Төрге төрт мемлекеттің жалауын іліп қойды. Олар: Америка, Англия, Италия, Совет Одағының жалаулары еді.
– Соғыс бітті, енді елдеріңе қайтасыңдар, – деп бір күн кешке дейін тойлатты. Үлкен той болды. Сөйтсек американдықтар Италиядан немістерді қуып шыққан екен.
Ертеңіне етекке түсіп, машинаға мінгізіп, Рим қаласына алып келді. Мұнда бірнеше күн болып, жан-жақтан тұтқынға түскен совет адамдарын жинап, бәрімізді Неаполь қаласына жеткізді. Сол жерден пароходқа мінгізіп, Суэц каналы арқылы бір портқа түсірді. Тағы да машинаға мінгізіп, 80 шақырым жүріп, бір селоға келдік. Бұл Египет жері екен. Мұнда екі ай тұрдық. Жан-жақтан совет тұтқындарын жиды. Екі айда 7000 адам болыппыз. Ескі киімдерімізді тастатып, американдықтар өздерінің жаңа әскери формасын берді.
Қарашаның бірінші жұлдызында қайтадан пароходқа мінгізіп, Парсы шығанағы арқылы Иран жеріне әкелді. Порттан түсірген соң пойызға отырып, Тегеранға келдік. Бұл жерде бізді совет адамдары қарсы алды. Жиналыс өткізіп, аман-сау оралуымызбен құттықтады. Тегеранда үш-төрт күндей болып, тағы да пароходпен Бакуге жеттік. 
Бұл жерде бізді қарулы күзетпен қарсы алды. Түнде Бакуге жақындап, зәкір тастап, тоқтап тұрдық. Ертеңіне күндіз әкеліп түсірді. Сөйтсек түнде түсіруге қашып кетеді деп қорықса керек. Қарулы күзет сапқа тұрғызып, вокзалға айдап келді де, эшелонға мінгізді. Ешқайда шығармайды. Солдаттардың қабақтары қату. Жол бойы НКВД жұмыс істеп, бәрімізді тергеуге алды. Кейбіреулерді бөліп әкетіп жатты. Сөйтіп 1945 жылы қаңтар айында Кемерово облысынан бір-ақ шықтық. 
Ал, енді НКВД-ның тергеуі жөнінде не айтайын. Ол туралы қазір көп жазып жүр ғой. Үш ай тергеді. Ұрып соғу, жала жабу – бәрі де болды. Халық жауы да – мен, Отанын сатқан опасыз да – мен, немістің шпионы да – мен. Әйтеуір шықпаған жан шықпады. Маусым айында Алматыға алып кетті. Мұнда да сол тергеу, ұрып соғу, атамын деп қорқыту. 1948 жылдың 25 маусымында Түркістан әскери округінің Алматы гарнизонындағы әскери-сот РСФСР қылмыстық кодексінің 58-ші бабымен 25 жыл бас бостандығымнан айыруға, тағы 5 жыл жер аударуға, бас-аяғы 30 жылға үкім шығарды. Содан кейін этаппен шығысқа қарай айдады. Владивостокқа дейін пойызбен келіп, сол жерден пароходқа салып қараша айында Магаданнан бір-ақ шықтым. Шахтадағы жұмыстың ауырлығын сөзбен айтып жеткізе алмаймын, шырағым. Норма өте көп, көбіне орындай алмаймыз. Орындамасаң аш құрсақ болып жүргенің. Сол 1948 жылдың қарашасынан келесі жылғы маусымға дейін бірде-бір тұтқынға көрпе, матрац бермеді. Бір барактағы мың адам кешке қарай сүріне құлап, киімшең жата кетеміз. Кір, лас, бит, түрлі ауру — бәрі бар. Бір жылға толмайтын уақыттың ішінде барактағы адамдардың төрт жүзден астамы ауыр тұрмысты көтере алмай, өліп кетті.
Лагерьде бір жақсы жері, қойған нәрсеңе ешкім тимейді. Ұрлық-қарлық, зорлық, ұрып-соғу, төбелесу атымен жоқ. Бәрі де бір ғана 58-ші статьямен сотталған саяси тұтқындар. 1951 жылға дейін көмір қаздым. Сол жылы мені құрылысқа ауыстырды. Мұнда да жұмыс жеңіл болған жоқ. Қырық градустан асатын аязда да жұмыс тоқтамайды. 1953 жылы токарьлық жұмысқа ауыстым. Бір ай үйренуші болып істедім. Бір баракта жеті қазақ жатамыз. Қолымыз қалт етсе, әңгіме соғамыз. Мен көбінесе соғыста көргендерімді айтамын. Сонда ішімізде үлкеніміз өскемендік Ахметжан деген ағамыз: 
– Мейірбек-ау, осының бәрін Москваға жаз. Сауатың бар. Сені сөзсіз босатады. Босатпаса нең кетті? Әрекеттене берсеңші, – дейді. Мен көнбей жүрдім. Босататынына сенбедім. Ахаң ақыры қоймай КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы К.Е.Ворошиловқа хат жаздырды.
1955 жылы қаңтар айында «Тиісті орындарға хатыңызды жібердік» деген жауап алдық. Күн санап жүрмін, қандай хабар келер екен деп... Сол жылдың 28 шілдесінде «өтем мерзімі жеті жылға қысқартылып, лагерьден босатылсын» деген қағаз келгенде сенер-сенбесімді білмей аңтарылып қалдым. Қуанышта шек жоқ. 
Лагерь бастығы шақырып алып:
– Құттықтаймын, енді бір апта шыда, паспорт беріп, шығарып саламыз, –  деді. 
Осы сапарым маған оң сапар болғандай. Шынында да, осы күннен бастап тағдыр маған оң көзімен қараған сияқты. «Мейірбек отыз жылға кетті» дегенде анам байғұс келінін шақырып алып, «отыз жылда кім бар, кім жоқ? Жас өміріңді қор етпе. Бағың жанып, бақытың ашылар, батамды бердім. Енді кете бер» депті.
Сонда әйелім:
– Апа, балаңызды Құдай аман-есен келуге жазсын. Рас, отыз жыл аз уақыт емес, «жаман айтпай, жақсы жоқ» деген, олай-бұлай болып кетсе, артында қалған қыз да болса – жалғыз тұяқты жат етті демесін. Мына немереңізді бауырыңызға басып, алып қалыңыз. Ал, балаңыз аман-есен елге келетін болса, қызы көкелеп алдынан шықсын, – деп Жұпарды анама тастап кетіпті.
Мен келгеннен кейін соғыс тұтқындарына амнистия жарияланып, ол жақта қалғандардың тірілері елмен қауышты. Бұл да бір жақсылық. Үйленіп, үй болдық. Бала-шаға сүйдік. Бұл да қуаныш, бұған да шүкіршілік. «Қартайған кәрі боз жорға ашыпты» дегендей, жасым елуге таяғанда институт бітіріп, диплом алып, көп жыл колхоздың есеп жұмысын басқардым. Енді міне, зейнеткер атанып «қарттық та бір бала» дегендей, ошақтың басында Толай жеңгеңмен шайға таласып отырысымыз мынау, – деп Мекең әңгімесін кеңкілдей күліп бітірді…
                                                                                               
 Әбдіраш ДӘУІТОВ.
1995 жыл, мамыр айы.
Пікір қалдырыңыз