Құрметті отандастар!

Құрметті отандастар! 
Өздеріңіз білетіндей, бірер күн бұрын Президентіміз мемлекетімізде қалыптасқан жағдайға байланысты Қазақстан халқына үндеу жариялаған болатын. Үндеуде елдегі ахуалға байланысты атқарылып жатқан шаралармен бөлісті. Атап айтқанда, қазіргі таңда бүкіл өңірлерінде жағдайдың тұрақталғандығын дегенмен, лаңкестер әлі де қару қолданып, азаматтардың жеке мүліктеріне нұқсан келтірулерін тоқтатпағандығын жеткізді. Осы тұста, Мемлекет басшысы: "Лаңкестікке қарсы іс-қимылдар содырларды толық жойғанша жалғаса береді"-деп, құқық қорғау органдарына тиісті тапсырмалар берілгендігін жеткізді. 
Сонымен қатар, еліміздің басына күн түскен сәтте қол ұшын берген ҰҚШҰ елдеріне және сабырлық танытып, мемлекет қабылдаған шешімдерді және төтенше жағдай режимін бұлжытпай орындаған халқымызға алғысын  білдірді. Әрине, осынау сын сағатта Президентіміздің жедел әрі ұтымды, саяси мән-маңызы терең шешімдер қабылдап, халқымызға жасаған үндеуі олардың болашаққа деген сенімін арттырып, ерік-жігерін ынталандыра түсті деп ойлаймын. 
Осы орайда Біз, Түркістан облысының халық қалаулылары Президентіміздің әрбір шешімін қолдайтындығымызды және еліміздің бейбітшілігін сақтау жолында бар күш-жігерімізді салып, мемлекет тарапынан қабылдандан шешімдерді бұлжытпай орындауға әркез дайынбыз. Аз уақытта бұл күндер де артта қалып, еліміз қарқынмен дамитындығына сенімдіміз. Бұл жөнінде Президентіміз өз сөзінде: "Қастерлі Отанымыз Қазақстан әлем картасындағы егемен ел ретінде қуатты мемлекетке айналады. Экономикамыз анағұрлым қарқынды дамиды, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайы жақсара түседі. Мен мұны зор сеніммен айтып тұрмын. Өйткені, оған қол жеткізу үшін қажетті реформалар мен нақты іс-шаралар жоспарын ұсынатын боламын"-деп айтты. Осы орайда, барлық қазыналы қарттарымыз бен аға буын өкілдерін жас ұрпаққа елді бірлікке, ынтымаққа шақыратын өнегелі әңгімесін айтып, еліміздің тыныштығын сақтауға өз үлестерін қосуға шақырамын.
Сонымен қатар, кешегі елімізде орын алған жаппай тәртіпсіздік кезінде қоғамдық тәртіпті сақтауға күш салған Қазақстан халқына, оның ішінде түркістандықтарға өз алғысымды жеткізгім келеді. "Бірлік бар жерде тірлік бар" деген аталы сөз бар. Еліміздің Тәуелсіздігі мен тыныштығы - біздің баға жетпес құндылықтарымыз. Сол себептен де, Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болсын десек, берекелі бірлігімізді ту етіп, бейбіт өмірді көзіміздің қарашығындай сақтауымыз қажет, отандастар!


Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Рахымұлы Балабиев
Пікір қалдырыңыз