Сиыр жылының сыйы да, сыбағасы да көп болды

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Жыл соңында әдеттегідей жеткен жетістіктеріміз бен кемшін тұстарымызды екшеп, таразылап жататынымыз бар. Осы тұрғыдан алғанда өтіп бара жатқан жылға өкпе жоқ, өйткені, таразы басын табысты көрсеткіштер басып тұр. Сиыр жылының тарту-таралғылары мен сый-сияпаттарын түгел тізіп шықпасақ та, ауыз толтырып айтуға тұрарлық бірер жетістігіне тоқтала кетейік. Соның бірі – біздің өңірдің бизнес пен кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы салаларындағы жетістіктері десек, бұл жағынан біздің облыс республика бойынша көш басынан көріне білді. 

Иә, бизнес жасауға қай өңір қолайлы? «The World Bank Doing Business» рейтингі бойынша біздің ел 190 мемлекеттің арасында жиырма бесінші орында тұрса, бизнес белсенділіктің жай-күйі туралы еліміздің облыстары мен мегаполистері арасында суб-рейтингте Түркістан облысы топ жарып шықты. Жұмыс істеуге қолайлы ауа райы, инфрақұрылымы мен бизнес үшін қаржының қолжетімділігі, адами капитал және қабылданатын шешімдердің транспаренттілігі сияқты бес фактор бойынша баға берілетін байқауда біздің облыстың бағы жанатынындай-ақ бар. Өйткені, жоғарыда көрсетілген факторлардың қай-қайсысы болса да біздің өңірдің табиғатына сай келіп тұр.
Біріншіден, ауа райы басқа өңірлерге қарағанда біршама жылы, яғни жұмыс маусымы ұзағырақ болады. Екіншіден, халық тығыз орналасқан, қол күші де жеткілікті. Үшіншіден, еңбекқор халқы бар екенін ескерген Үкімет ауыл шаруашылығы өнімдерін көптеп өндіру үшін, жеңіл өнеркәсіпті өркендету үшін барынша қолдау білдіріп келеді. Яғни бизнес жасаймын деген адамға мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктер де көп. Төртіншіден, шекаралық аймақта орналасқандықтан экспортқа да жол ашық. 
Иә, екі жылдан бері жалғасып келе жатқан карантиндік жүйе көптеген адамдарға бел шешіп жұмыс істеуге мүмкіндік бермеді. Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласы да бұл індеттің зардабын аз тартқан жоқ. Өткен жылы нағыз жұмыс істейтін көктемде карантин болып, дала жұмыстарын атқаруға қол күші жетіспей, одан қалса дайын өнімді экспортқа шығаруға мүмкіндік болмай, шаруалар біраз қиналыңқырып қалды. Бірақ, бір қуантарлығы, қандай қиыншылықтарды бастан кешсе де диқандар мойымай, алға қарай ұмтыла білгенінің арқасында біраз табыстарға қол жеткізді. 
Міне, осындай қысылтаяң кезеңде егін шаруашылығының даму қарқыны тұрақты сақталып отыр. Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, биыл 231,1 мың гектар дәнді дақыл егілді. Ол орташа есеппен 21 центнерден өнім беріп, жалпы 500 мың тоннадай дақыл жиналды. 
Рас, мал басының көбеюіне байланысты жем-шөп қорына сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Нәтижесінде, нарықта жем-шөптің бағасы көтеріліп, малазықтық дақылдар еккен 17740 агроқұрылымның да табысы еселене түсті. Біздің өңірде бау-бақша өнімдері облыс халқының қажеттілігінен 34,4 есе, республика халқының сұранысынан 3,2 есеге артық өндіріледі. Сондықтан бақша дақылдары Түркістан облысы үшін экспортқа бағытталған мақтадан кейінгі екінші өнім болып отыр. Өндірілген өнімнің 53 пайызы экспортқа шығарылады, 47 пайызы ішкі нарықта сатылады.
Картоптан жылда 300 мың тоннадай өнім жиналады. 300 мың тоннадай қырыққабат, 50 мың тоннадай пияз, 40 мың тоннадай сәбіз жиналады. Облыс, қала әкімдіктерімен түзілген меморандум нәтижесінде 187 мың тонна өнім ішкі нарыққа, 73 мың тонна өнім экспортқа жөнелтілген. 
Облыс ауыл шаруашылығы саласының алдыңғы шептен көрінуіне ет экспортының да қосқан үлесі қомақты. Иә, агроөнеркәсіптік кешен халықты аса маңызды азық-түлікпен қамтамасыз ететін, сондай-ақ елеулі экспорттық әлеуеті бар салалардың бірі болып саналады. 
Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы саладағы өнім көлемі 729,7 млрд. теңгені құрады. Нәтижесінде республикадағы үлесі 12 пайызға жетіп, облыс еліміз бойынша 3-орынды иемденді.
Облыста ауыл шаруашылығы саласының негізгі капиталына 58,1 млрд. теңге инвестиция тартылды. Инвестициялардың ауқымды бөлігі Кентау қаласы (21%), Ордабасы ауданы (10,2%), Сайрам (9,9%) және Бәйдібек аудандарына (9,9%) тиесілі. Республика бойынша ірі қара мал санының – 14,4 пайызы, ұсақ малдың – 23 пайызы, жылқының – 12,1 пайызы, түйенің – 15,1 пайызы және өндірілген еттің – 12 пайызы, сүттің 12,5 пайызы – біздің облыстың үлесінде. Республикада ірі қара мал етін экспорттау бойынша да облыс 1-орында тұр.
Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 847,9 мың гектарға жеткен. Ал, жылыжайлар 131,6 гектарға салынып, жалпы көлемі 1 246 гектарды құрады.
Жылыжайлардың негізгі бөлігі – Сарыағаш (739 га), Келес (89 га), Ордабасы (87,4 га), Қазығұрт (63,4 га) аудандарының үлесінде. Республикадағы жылыжайлардың 67 пайызы – облыстың еншісінде. Тамшылатып суару технологиясы – 21,9 мың гектарды, жаңбырлатып суару технологиясы 2,2 мың гектарды құрады. Агроөнеркәсіп кешенінде еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру мақсатында бір алқаптан жылына екі-үш рет өнім алу бағытында 2 мыңға жуық жоба жүзеге асырылып, 262,5 мың тонна өнім өндірілді.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Түркістан облысында 150 мыңға жуық кәсіпкер тіркелген. Бүгінгі таңда «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 24,4 миллиард теңгеге 246 жоба қаржыландырылса, 5 миллиард теңгеге 29 жоба мақұлданып, жүзеге асыру жұмыстары қолға алынған. Одан бөлек, алты миллиард теңгеден астам қаржыға тағы 27 жобаны іске қосу көзделіп отыр.
Міне, осылайша Сиыр жылының бізге бұйырған сыбағасы жаман болған жоқ. Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, бизнес саласы –  ел экономикасының жетекші салаларының бірі десек, бұл бағыттар бойынша да бағындырған белестеріміз бен жеткен жетістіктеріміз жаман емес. Еңбекқор елі мен әрекетінен танбайтын  әлеуметі бар халыққа алдағы Барыс жылының да берері аз болмасын демекпіз! 
Пікір қалдырыңыз