Жер мәселесіне жеңіл қарауға болмайды

Мемлекет басшысы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты биылғы Жолдауында жерді тегін алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отырғанын, соның кесірінен шаруалардың қазір мал жаятын жерге қолы жетпей жүргенін айтқан болатын. Тіпті, Президент айтқандай, өңірімізде мұндай жерлерді адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастағандар да аз емес. Сондықтан жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету өте өзекті мәселеге айналып отыр. Осы мәселеге орай Сайрам аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрбол ӘБІЛҒАЗИЕВТІ әңгімеге тартып, бөлім тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарын білген едік. 

– Нұрбол Керімбекұлы, Сайрам ауданы диқаншылықпен қатар соңғы жылдары мал өсіруге де бет бұрып келеді. Шыны керек, қазір жердің жекеменшікке өтіп кетуінен қарапайым шаруалар жайылым тапшылығын сезініп отыр. Жерді мемлекет меншігіне қайтарсақ, жайылым мәселесі шешіле ме?
– Расында, сайрамдық шаруалар кейінгі кезде мал өсіруге ойыса бастады. Бірақ, малды қораға қамап, бағу оңай шаруа емес екені белгілі. Оның жем-шөбі, ем-домы қалтаға әжептәуір салмақ түсіреді. Сондықтан ауыл тұрғындары пада ұйымдастыруға дағдыланып келеді. Өйтпесе ауыл іргесіндегі жерлердің көбі жекеменшікке өтіп кеткен. Жалпы, ауданның жер көлемі 114 476 гектарды құраса, жайылымдық жерлердің үлесі бар болғаны 22 090 гектар ғана. Президенттің жайылымдарды қайтару тапсырмасына байланысты біз аудан аумағындағы бірнеше кооперативтің қайта тіркеуден өтпегенін анықтадық. Соның негізінде аудандық прокуратурамен бірлесе отырып, селолық кооперативтерге тиесілі бірнеше жайылымдық жерлерді қайтардық. Мәселенің маңызды екенін түсінген кейбір шаруалар жерді өз еріктерімен қайтарып жатыр. Түсіндіру жұмыстарының арқасында биыл 3047 гектар жайылымдық жер ауданның арнайы жер қорына қайтарылып, тұрғындардың мал жаятын ортақ жайылымы ретінде ауыл әкімдіктеріне қайта табысталды.
Бұл жерде ең алдымен тұрғындар мен шаруа қожалықтарының ауызбіршілігі қажет екені айтпаса да түсінікті. Онсыз іс өнбейді. Бұрын малсақ ағайын ауызша келісіммен бірінің жерін бірі пайдаланып, мал азығын дайындай беретін. Қазір мал басы көбейіп, барлық техникаға қол жеткен сайын өзіне тиесілі жерге ешкімді де кіргізбей, «ала қойды бөле қырқатындар» өкінішке қарай, аз болмай тұр. Содан түсініспеушілік туады. Кез келген адам жайылымдық жерге қожа болғанымен, жер асты пайдалы қазбаларына, өзен суларына иелік ете алмайтынын білгені жөн. Өйткені, олар мемлекеттің меншігінде.   
– Қазір жер-жерде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді түгендеу жұмыстары жүргізіліп жатыр? Сайрам ауданында бұл жұмыстың қарқыны қалай?
– Жалпы, жерге иелік ететіндер көбіне жердің құнарлы қабатын бұзу, нысаналы мақсатына сай пайдаланбау, белгіленген шекарадан ауытқу, тұрғын үй және басқа да құрылыс жұмыстарын жүргізу және жер учаскесін қоршау үшін ор қазу сияқты заңсыздықтарға жиі барады. Осы фактілер анықталған жағдайда заң талаптарына сәйкес, құжаттар жинақталып, шара қолдану үшін уәкілетті органға жолданады. Мәселен, жер түгендеу жұмыстары кезінде Қайнарбұлақ ауылдық округіндегі 158,45 гектар жерге ор қазылғаны анықталып, жер иеленушілерге ол жерді бастапқы қалпына келтіруді міндеттедік. Тіпті, кейбірін әкімшілік жауапкершілікке тартып, жерді қалпына келтіруге міндеттеу туралы сотқа арыздар жолданды. Қазір бұл жұмыстар бізде тұрақты бақылауға алынған.
– Өзіңізге мәлім, Сайрам – облыстағы халық ең тығыз орналасқан аудандардың бірі. Сондықтан мұнда тұрғындардың жерге деген сұранысы үнемі жоғары. Айтыңызшы, тұрғын үй салу үшін тұрғындарға жер бөлу мәселесін қалай шешіп жатырсыздар?
– Шымкент қаласына іргелес орналасқандықтан, ауданда жер мәселесі өте өзекті. Қазіргі таңда 20 мыңға жуық азамат жеке тұрғын үй құрылысы үшін бөлінетін жер учаскесін алуға кезекте тұр. Оларға жер учаскесін беру үшін 3 мың гектарға жуық жерді ауыл шаруашылығы айналымынан алу қажет. Осыншама жер жеке тұрғын үй құрылысы үшін ауыстырылатын болса, бірқатар шаруа қожалықтары мен ауыл тұрғындары күнкөрісіне жарап отырған егіншілігінен ажырап қалады. Дегенмен, қарап отырғанымыз жоқ, елді мекендердің қолданыстағы бас жоспарларына сәйкес, тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру мақсатында Ақсукент, Қарамұрт, Манкент және Көлкент ауылдық округтерінде жоспарлау жобаларына сай 278 гектар жерді дайындап жатырмыз. Алдағы уақытта ол жерлерге инфрақұрылым жүргізіліп, дайын болған соң кезектегілерге ретімен беріледі.
– Кейбір тұрғындар жерді кезегімен алған соң, оны қайта сатып жіберетінін де жиі естіп қаламыз...
– Шыны керек, ел ішінде осыған қатысты алыпқашпа әңгіме көп. Біреулер жер сатып алып, оның өз атына өтпегенін біліп алданып қалып жатады. Ол жерде тек ауызша келісім жасасу ғана болады. Расында, тұрғындарға тұрғын үй құрылысын салу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен табысталған жер учаскелерін жекеменшікке табыстамай, мәміле жасауға құқығы жоқ. Ол дегеніміз уақытша мерзімге табысталған жерді екеуара келісіп, яғни ауызша жерді сатып алу деген сөз. Демек, мұның арты түрлі дауларға себеп болып, соттасуға дейін апарады. Сондықтан жерді сатып аларда заңгердің кеңесіне жүгінген артықтық етпейді. Осы ретте айта кетейін, Жер кодексінің 43-1-бабының 2-тармағына сәйкес, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын конкурс негізінде табыстау мақсатында аудан аумағында орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы бос жерлер анықталып, 11 жер учаскесі конкурс негізінде қайта айналымға шығарылды.
– Өзіңіз айтқандай, жер саласында дау-шар көп. Мұның соңы кей жағдайларда сыбайлас жемқорлыққа ұласып кететіні жасырын емес...
– Ойыңызды түсіндім, бізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оны болдырмау мақсатындағы жұмыстар жолға қойылған деуге болады. Бөлім қызметкерлеріне «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның талаптары түсіндіріліп, құқықтық оқыту жұмыстары бекітілген жоспарға сай жүргізіліп отырады. 
Өзіңізге мәлім, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен онлайн режимде «Adal komek»  жобасы іске қосылған. Жоба аясында аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы ретінде әлеуметтік желілерге шығып, тікелей эфир арқылы халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырамын. Бұл – Президенттің «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасынан туындаған игілікті іс.
Жер саласына қатысты кез келген мәселе бойынша бөлімнің сенім телефонына (8 (72531) 20-258) хабарласуға, сондай-ақ, WhatsApp желісі арқылы 8-778-536-59-15 нөміріне жазбаша түрде жолдауға болады. Бөлім басшысы ретінде азаматтарды және заңды тұлғалардың өкiлдерiн жеке қабылдау дүйсенбі–жұма күндері сағат 15.00-ден 18.00-ге дейін жүргізілетінін айта кеткім келеді.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Ońtústik Qazaqstan».

Пікір қалдырыңыз