Рақымшылық: үміт пен үрей

Таяуда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай сотталғандарға рақымшылық жасау туралы заң жобасы қабылданды. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметіне сүйенсек, осы 30 жыл ішінде елімізде 8 мәрте рақымшылық жасалса, соның кейінгі төртеуі Тәуелсіздік күніне орайластырылған екен. 

Қазіргі таңда елімізде барлығы 64 түрме мен 16 тергеу изоляторы бар. Онда 34 мың азамат қамауда отыр. Олардың 93%-ы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар. Бостандыққа тек ауырлығы орташа қылмыс жасағандар шығатынын ескерсек, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай түрмедегі 2 мың 236 адамға рақымшылық жасалғалы отыр. Енді мың адам абақтыдан босатылса, мыңнан аса адамның жазасын өтеу мерзімі қысқартылады. Сондай-ақ, пробацияда тұрған 11 мыңнан астам қылмыскердің жазасы жеңілдесе, тағы 1 294 адамның жазасын өтеу мерзімі қысқарады. Үстінен тергеу ісі енді басталған 1 674 азамат қылмыстық жауапкершіліктен мүлде босатылуы мүмкін. Облысқа қарасты 16 пробациялық органда 2005 адам тіркеуге алынған. Оның ішінде 625 бас бостандығынан шектеу жазасына тартылған азаматтар рақымшылыққа ілінуі мүмкін. 
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қабылданған рақымшылыққа кімдер ілігеді? Ең алдымен ардагерлер, кәмелетке толмағандар, І және ІІ топтағы мүгедектер, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдар ілінеді. Заң жобасында жеңіл және орташа ауырлықтағы қылмыс жасағандарды, залал келтірмеген немесе залалды толық өтеген, мемлекет пен азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндірмейтін сотталушыларды жазадан босату ұсынылған. Сондай-ақ, заң жобасында қарастырылған адамдар үшін негізгі жазаның мерзімі мен мөлшері қысқарады. Аталған топтағы адамдар тобын қарау кезінде келтірілген залалдың толық өтелгені, сондай-ақ осы заң қолданысқа енгізілген күні жазасын өтеуге бір жылдан көп емес уақыт қалғаны, теріс мінез-құлық танытпағаны ескеріледі. Өз кезегінде, заң жобасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар еңбекке жарамды адамдарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, сондай-ақ түрмеден босатылған кезде әлеуметтік және басқа да көмек көрсету бойынша шаралар қабылдауы тиіс. Бірінші және екінші топтағы мүгедектерді, жүкті әйелдерді, ата-ана құқығынан айырылмаған және осы заң қолданысқа енгізілген күні кәмелетке толмаған балалардың жалғыз ата-анасы деп танылған және ата-ана құқығынан айырылмаған әйелдерді де назардан тыс қалдырмады. Заң жобасында қылмыстық теріс қылық жасаған және залал келтіруге әкеп соқпаған, не оны толық өтеген азаматтар мен мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін онша ауыр емес, сондай-ақ ауырлығы орташа қылмыс жасаған сотталушыларды жазадан босату ұсынылады. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған рақымшылық кәмелет жасына толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыс жасағандарға, сонымен қатар, жемқорларға, кісі өлтірушілерге, экстремистер мен қылмыстық топтың бұрынғы мүшелеріне қолданылмайды.
Егер жемқорлыққа байланысты қылмыс жеңіл, залалы жоқ болса, рақымшылыққа ілінуі мүмкін. Ал сыбайлас жемқорлық санаты бойынша ауыр, аса ауыр қылмыс жасағандарға жеңілдік қарастырылмаған. Жемқорлықтың жеңіл, орташа немесе ауыр қылмыс ретінде жіктелуіне тоқталсақ: пара сомасы 30 айлық есептік көрсеткіш немесе 9 млн. теңге шамасында болса, айыпты 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұл орташа дәрежедегі қылмыс саналады. Демек, мерзімі мен пара сомасы бұдан төмен жандардың жазасы жеңілдеуі бек мүмкін. Жемқорлыққа қатысты сотқа дейінгі тергеу ісі басталған жағдайда күдікті амнистияға ілінуі ықтимал. Тергеу ісі сотқа жетпей, жемқорлық дерегі бойынша қылмыс дәрежесі орташа деп танылған жағдайда, онда тергеуші істі сотқа дейін жеткізбей күдіктіден алдымен рақымшылық жасалғанын қалай ма, жоқ па, соны сұрап алады.  Егер күдікті бұған келіссе, онда қылмыстық іс тоқтатылып, күдікті амнистияға ілігеді. Бірақ ол адамның өзін-өзі ақтау құқығынан айырады. Демек, амнистияға іліккен айыпталушы өзінің бұрынғы жұмыс орнына, яғни мемлекеттік қызмет не құқық қорғау органдарына қайта жұмысқа тұра алмайды.  
ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ҚР Парламент отырысында түзеу мекемесінен босап шыққан мыңнан аса сотталған азаматтарға жұмыс берілуі керек екенін атап өтті. Заңға сәйкес, жергілікті органдар арнайы квота бөледі. Бостандыққа шығар алдында пробациялық бақылаудағы қызметкерлер жергілікті органға хаттама жібереді. Сол хаттама бойынша бостандыққа шыққан адамдар жұмысқа орналаса алады.
Тағы бір көкейге күдік ұялататын жайт, түзеу мекемесінен босап шыққан сотталғандар қайда барып тіркеледі және оларды кім қадағалап отырады? Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жасалатын рақымшылыққа қылмысы аса ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшін жазасын өтеп жатқан азаматтар ғана ілігеді. Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ИЧ-167/9 түзеу мекемесінде аса ауыр жазаға тартылған қылмыскерлер жазасын өтейді. Олар бостандыққа шықпайды, кейбірінің ғана заңға сәйкес жаза өтеу мерзімі қысқаруы мүмкін. Ал, еліміздегі басқа түзеу мекемесінен шыққан сотталғандар босатылғаннан кейін тұрғылықты мекенжайы бойынша пробациялық бақылау қызметкерлері, учаскелік инспекторлар тізімге алады. Екіншіден, олардың жұмыс мәселесін шешуге көмектеседі. Жергілікті әкімшілік жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп бостандыққа шыққандарды жұмысқа орналастырады. Егер олар сот жүктеген міндеттерге бағынбаса, заңға сәйкес жауапқа тартылады.
Жалпы, рақымшылық – заң бұзған азаматтарға қатысты мемлекеттің ізгі ниеті мен сотталғандарға білдірген сенімі. Егер бостандыққа шыққандар заң бойынша жүктеген міндетті орындамаса, қапасқа қайта қамалады. Қазір қоғамда темір тордан босап шыққан мыңнан аса адам қайта қылмыс жасап, қоғамға зиян келтіре ме деген күдік те жоқ емес. Сондықтан рақымшылық біреулерге үміт пен қуаныш сыйласа, ал, кейбір адамдарға уайым туғызуда. Себебі. олар өздері және балалары үшін алаңдайтындарын жасырмайды.

Раушан НАРБЕК.
Түркістан қаласы.

1 пікір

  • Нигар..Амнистия дегеніміз -е жазықсыз адамдарды өлтіріп азайту дегенді білдіреді.Себебі менің қызымды көлікпен қағып,2айдпн соң амнистиямен жазадан құтылып кетті.Қызым қиналып жатвп қайтыс болды.Ешқандай сотта болмады.Осы әділдік па? а
    Нигар..Амнистия дегеніміз -е жазықсыз адамдарды өлтіріп азайту дегенді білдіреді.Себебі менің қызымды көлікпен қағып,2айдпн соң амнистиямен жазадан құтылып кетті.Қызым қиналып жатвп қайтыс болды.Ешқандай сотта болмады.Осы әділдік па? а

    Амнистия дегеніміз жазықсыз адамдардың құқығвн таптау.Менің мектепте оқитын қызымды көлікпен қағып ,2айдан соң амнистиямнн құтылып кетті.Жап жас қыз жарақаты ауыр болған соң қайтыс болды.Ешқандай сотта бллған жоқ.Бұл өмірде әділдік жоқ.заң жоқ.

Пікір қалдырыңыз