Тайвань тәуелсіз болғысы келеді... Оған Америка мен Қытай не дейді?

Баян ДарҒожина, «Ońtústik Qazaqstan».

Әлемдегі алпауыт елдердің арасындағы талас-тартыстың бүгін-ертең тәмамдала қоюы екіталай. Қай-қайсысы да өз үстемдігін танытқысы келеді-ақ. Сол жолда ештеңеден тайынбайды.
Таяуда Қытайдың сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Чжао Лицзянь мәлімдеме жасады. Ол АҚШ билігі Тайваньды Қытайды тұқыртып ұстау үшін пайдалануға тырысып, уәделерді бұзып, «біртұтас Қытай» қағидатын елемей отырғандығы үшін кінәлады. 
«Тайвань – Қытайдың ажырамас бөлігі, бұл заңды және тарихи фактіні өзгерту мүмкін емес. АҚШ-тағы біреулер Тайваньның көмегімен Қытайды ұстап тұруға тырысады, ал, бұл Тайвань бұғазындағы шиеленістің ушығуына әкеледі» деді ол брифингте АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Джейк Салливанның Пекиннің «тұрақсыздандыру шаралары» туралы айтқан сөзіне түсініктеме беріп.
Қытай дипломатының айтуынша, «Біртұтас Қытай» қағидатын сақтау – «Қытай–Америка қатынастарының тұрақты дамуының саяси негізі». «Америка Құрама Штаттары  өз уәделерін бұзып, халықаралық қатынастарды сақтаудың негізгі ережелерін елемейді» деп толықтырды Чжао Лицзянь.
Ресми өкіл атап өткендей, Вашингтон Бейжіңнің сынына назар аударып, аймақтағы жағдайды тұрақсыздандыруды тоқтатуы керек. «Қытайдың Тайваньмен соңғы түпкілікті бірігуі – тарихи үрдіс, оны өзгерту мүмкін емес. Бұған ешбір күш, ешкім, бірде-бір ел кедергі жасай алмайды» деп түйіндеді ол сөзін.
Өткен аптада Джейк Салливан АҚШ әкімшілігі Тайваньға байланысты жағдайда статускво күшінің өзгеруіне жол бермеуге ниетті екенін айтқан. Оның айтуынша, Вашингтон «Пекиннің тұрақтылықты бұзатын әрекеттеріне» жауап беруге дайын.
Тайвань 1949 жылдан бастап, яғни Куоминтанг күштерінің қалдықтары Қытай азаматтық соғысында жеңіліске ұшыраған кезден бастап әкімшілік басқаруға көшкен. Содан бері мұнда коммунистер билікке келгенге дейін материкте болған бұрынғы Қытай Республикасының туы мен басқа да белгілері сақталып келеді. Көптеген елдер, соның ішінде Ресей қолдайтын ҚХР-дың ресми ұстанымына сәйкес, бұл арал – Қытай провинцияларының бірі болып табылады. Сол себепті  Чжао Лицзянь АҚШ Тайвань мәселесі бойынша міндеттемелерді қатаң сақтап, Бейжіңнің ұстанымы мен алаңдаушылығын байыпты қабылдауы, Тайбэймен кез келген ресми және әскери байланыстарды тоқтатуы керек дейді. Сонымен бірге, Чжао Лицзянь «Тайваньмен қарым-қатынас туралы заңды»  АҚШ  біржақты түрде тұжырымдап, қабылдағанын атап өтті. Заң, оның айтуынша, халықаралық қатынастардың негізгі нормаларын бұзады, заңсыз және жарамсыз болып есептеледі. Айта кету керек, «Тайваньмен қарым-қатынас туралы заңды» 1979 жылы американдық конгресс қабылдады. 
Бұған дейін Тайванның қорғаныс министрі Цю Гочжэн  Қытай 2025 жылға қарай Тайванға түпкілікті басып кіру үшін барлық мүмкіндіктерге ие болады деп ескертті, сонымен қатар Тайвань бұғазында соңғы 40 жылда  жағдай дәл қазіргідей шиеленіспегеніне тоқталды. Оның мәлімдемесі қазан айының басында ҚХР халық-азаттық армиясы аралдың жағалауына 150-ге жуық әскери ұшақты жібергеннен кейін айтылды.
Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И Тайваньды үйіне қайтатын саяхатшымен салыстырады. «Тайвань бұғазындағы жағдайдың айналасында шиеленістің жаңа кезеңі пайда болды, проблеманың тамыры Тайвань билігі Вашингтонға «тәуелсіздік» үшін сенім артуға тырысады, ал, АҚШ және басқа да жекелеген елдер Тайваньды Қытайды бақылау үшін пайдалануға ниетті» деді ол 2021 жылы Халықаралық жағдай және Қытай дипломатиясы конференциясының ашылу салтанатында. «Қытай біріктірілуі керек және ол сөзсіз бірігеді» деді министр.
ҚХР орталық үкіметі мен оның арал провинциясы арасындағы ресми қатынастар жоғарыда айтылған сол 1949 жылы үзілді. Дегенмен, арадағы іскерлік және бейресми байланыстар 1980 жылдардың аяғында қайта басталды. Тоқсаныншы жылдардың басынан тараптар үкіметтік емес ұйымдар арқылы өзара іс-қимыл жасай бастады.
«АҚШ «біртұтас Қытай» саясатын ұстанады, бірақ, Тайваньға қорғаныс әлеуетін нығайтуға көмектеседі және аралға қарсы күш қолданудың кез келген әрекетіне қарсылық танытуға дайын тұрады» деді Пентагон бастығы Ллойд Остин.
АҚШ  Қытайды Тайвань төңірегінде жоғары әскери белсенділік танытып, оны өзіне күшпен қосып алғысы келетіндігі үшін айыптайды.  Ал, Бейжіңде Тайвань тәуелсіздігін жақтаушыларды қолдағаны үшін АҚШ-ты сынға алады. 
Ллойд Остин: «Жоқ, біз НАТО-ның азиялық нұсқасын іздемейміз және Қытайға қарсы коалиция құруға тырыспаймыз. Біз елден АҚШ пен Қытай арасында таңдау жасауды сұрамаймыз. Біз қарсыласуға да, жанжалға да ұмтылмаймыз... Біз жаңа қырғи-қабақ соғыс пен қатаң блоктарға бөлінген бейбітшілікті іздемейміз» деді.
Остин сонымен бірге АҚШ Үнді–Тынық мұхиты аймағының елдерімен одақтастық қатынастарды нығайтатынын, еуропалық серіктестерді аймақтық істерге тартатынын, бірлескен жаттығулар өткізетінін және ғылыми-зерттеу саласында ынтымақтастық орнататынын айтты.
Оның айтуынша, АҚШ-тың әрекеті «бейбіт және гүлденген» Үнді–Тынық мұхиты аймағын қалыптастыруға, «мәртебені өзгертуге емес, ұстап тұру әлеуетін нығайтуға» бағытталған.
Ал, ҚХР-дің сыртқы істер министрі Ван И Қытай АҚШ-қа қарсы тұрудан қорықпайды дейді. Осыған қарамастан, Бейжің өзара әрекеттесуге ұмтылады, өйткені, ынтымақтастық екі елге де пайдалы, ал, қарама-қайшылық тек зиянын тигізеді. Дипломат Қытай тең құқылы және өзара тиімді диалогқа дайын екенін және соңына дейін күресетінін атап өтті. «АҚШ-та басқа елдердің даму құқығын мойындағысы келмейтін адамдар бар. Олар ҚХР үнемі дамып, нығайып келе жатқанын қабылдамайды» деді Ван И.
Ол сондай-ақ, бұл кейбір адамдар Бейжің мен Вашингтонның өзара тиімді ынтымақтастық жолына түсуі мүмкін екендігімен келісе алмайтындығын, сондықтан Қытай тарапын тежеу және басу тобын құруға тырысатынын айтты.
Бұған дейін АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамп Қытай билігінің  дұрыс емес әрекеттері үшін АҚШ 500 миллиард доллар жоғалтты деп айыптаған мәлімдеме жасаған болатын.  

Пікір қалдырыңыз