Қарсыласынан биік, халқынан аласа Сырым

Сырым Ізбасаров қаршадайынан атқа құмар болып өсті. Әкесі Нұржан Ізбасаров облысқа танымал көкпаршы еді. Әкесіне еліктеп, атқа мінуді, ат баптауды, көкпар шабуды Сырым да ерте үйренді. Әкесінің айтуынша, Сырым үш-төрт жасында-ақ кітаптағы аттың суреті мен  тірі атты салыстырып,  түр-түсін, мінезін ажырата бастаған. 3-4-сыныпта оқып жүргенде, өзі құралпы балалармен ауыл сыртындағы кең жазық Саңлақта есекпен көкпар шауып жүретін. «Мен Ақылбаймын», «Мен Жанбатырмын», «Мен Шадиярмын» деп таласып-тартысып, өздерін көрмесе де, атағы елге тараған ағаларындай болғысы келді. Соларға еліктеп өсті. 5-6-сыныптарда құнан, дөнен мініп, ауылдағы көкпардан қалмай, көкпаршылардың қимылын, тартысын барлап жүреді. 8-9-сыныптарда ауылдағы  бата көкпарға қатысып, салым салып, үлкендердің көзіне түсе бастайды. Осылайша бала Сырымның көкпарға, ат өнеріне қызығушылығы күннен-күнге ұлғая түседі. Салым салған күндері үйге қуанып қайтса, салым сала алмаған күндері қай жерден мүлт кеттім, қай жерден қателестім деп түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмай, ендігіде қате жібермеуді ойластырады. Көкпар деген киелі, қасиетті ата-баба өнері Сырымды бірте-бірте өзінің терең иіріміне тарта берді.

Ер жеткен соң әкесіне ілесіп, аудан, көрші аудандардағы ірі көкпарларға қатысып жүреді. Сонда аудан, қала берді республикаға аты дүркіреп шыққан, көкпар шабудың жарқын жұлдыздары Ақылбай Манкеев, Жанбатыр Бекмұсаев, Шадияр Шоқановтың көкпар шабысын құр тамашалап қоймай, олардан көкпар тартудың, тақымға басудың, додадан сытылып шығудың амал-тәсілдерін көкірегіне тоқи береді. Өзі де көкпар шапқанда, солардың тәсілдерін мейлінше қолдануға тырысады.

Сырымның  талабын  байқап жүрген ауыл ағалары Бабан, Қайнар Сейдалиевтер оны облыстық ұлттық ат спорты мектебіне апарып, оның аға жаттықтырушысы Ақылбай Манкеевке табыстайды. Жас көкпаршының аяқ алысын байқап жүрген жаттықтырушы оны талапкерлердің қатарына апарып қосады. Сырым осылайша ат өнерінің тылсым сырын меңгеруге кірісіп кетеді. 

Күнделікті жаттығу үстінде жаттықтырушы:

– Отыз-қырқыңның ішінен жеңген оныңды ғана таңдап, құрама командаға қабылдаймын. Сосын оларды еліміздің жастар арасындағы біріншілігіне алып барамын. Сондықтан бар өнерлеріңді салыңдар, – дейді.

Облыстың түкпір-түкпірінен келген сайдың тасындай кілең бозбала жаттығуға жанталаса кірісіп кетеді. Сырым да бар күш-жігерін салып, қарсыластарынан айласын асыруға тырысады. Бұрын-соңды көкпарға қатысуы, күнделікті өзінше дайындық жүргізіп,   дене күшін жаттықтыруы оған көп көмегін тигізеді. Жаттығу қорытындысы бойынша әбжілдігімен, қарымдылығымен көзге түсіп, ондықтың ішіне кіреді. Сөйтіп, Көкшетау қаласында өтетін  жастар арасындағы ел біріншілігіне қатысуға мүмкіндік алады. Бұл 2008 жыл еді. Онда өз бағын сынап, екінші орынға ие болады. Ол кезде ендігі өмірі ұлттық ат спорты өнерімен тығыз байланысты өрбитінін білген жоқ еді.

Содан кейін Сырым жастар арасындағы облыстық ұлттық ат спорты құрама командасына қабылданады. «Құлагер» командасында ойнап, республикада  облыс намысын қорғап жүреді.  Сонымен қатар жаттықтырушы оның білек күшін байқап, аударыспақтың қыр-сырына баули бастайды. Зерделі жігіт көп ұзамай, оны да меңгеріп алады. 2008 жылы Тараз қаласында аударыспақтан ел чемпионаты өтеді. Сырым алғаш рет аударыспақтан ауыр салмақта сайысқа түседі. Осында ол қарсыластарының бәрін қоғадай жапырып, бірінші орын алып, түйе балуан атанады. Бұл кезде оның жасы 19-да  еді. Ол тұста балуандар үш салмақ бойынша сайысатын. Кейінірек аударыспақ ойыны бірте-бірте жетілдіріліп, бүгінде балуандар 8 салмақ бойынша күш сынасатын болды.

2009 жылы төрт жылда бір өтетін «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарында Сырым 80 келі салмақта сайысқа түсіп, жеңімпаз атанды. Міне, осылайша оның спорттық карьерасы жалғаса берді. Өзімен сайысқан балуандардың бәрін аттан аударып, ары қарайғы  жолын кесті. Ол 11 дүркін ел чемпионы атанып, 2014, 2016, 2018 жылдары өткен Азия чемпионатының биік тұғырына көтерілді. 

2017 жылы Қырғызстан дүниежүзілік «Көшпенділер» ойындарын өткізді. Оған еліміздің ұлттық ат спортының майталмандары да қатысты. Сырым аударыспақта 90 келі салмақта күшін сынады. Қарсыластарының бәрін жеңіп, ақтық сайыста қырғыз балуаны Марат Алтынбековпен кездесті. Қырғыз балуаны қалай да жеңіске жету үшін ережеге сай емес, түрлі құйтырқы іс-әрекеттер қолданып бақты. Аттан аударылып бара жатса, ердің басынан ұстап қалады. Қарсыластың  аты да өзіне сай қыршаңқы екен. Мұның атын кеудесімен қағады. Атының да жамбасын тістеп жаралап тастады. Қырғыз төрешісі оған ескерту жасау орнына өз жерлесіне 2 ұпай, бұған 1 ұпай береді. Ұпай санымен қырғыз балуаны басым болып барады. Уақыттың тең жартысы өтіп қалған. Осындай әділетсіздікті байқаған бапкері Жанбатыр Бекмұсаев:

– Сырым, таза жеңбесең, саған жеңісті берер  түрі жоқ. Бар күшіңді салып, аттан аударып түсір, – деп қоршаудың арғы жағынан қатты айқайлайды.  

Ұстазының жанайқайы Сырымға ерекше рух, күш бергендей болды. Серпіліп, бар күш-қайратын бойына жиып, шалт қимылдап, қырғыз балуанының белбеуінен шап беріп ұстап, өзінің және астындағы аты Байторының жәрдемімен қарсыласын аттан жұлып алып, жерге аударып тастайды. Сөйтіп, қазақ елінің мерейін көрермендердің алдында асқақтатып, көк туын желбіретеді.

Сайыста мінгені  облыстық ұлттық ат спортының  директоры Ғани  Ахметбаевтың аты болатын.  Қара торы, бойы аласа, жуан, төртбақ, талпақ келген, әр қимылыңды тез сезе қоятын ақылды, сезімтал жануар еді. «Жауапты сайыста аттың да балуанға көп жәрдемі тиеді.  Менің сол сайыста жеңімпаз болуыма  Байторының да зор үлесі бар» дейді балуан атына риза болып. 

Бүгінде Сырым Ізбасаров – облыстық ұлттық ат спорты мектебінің аға жаттықтырушысы. Артынан ілескен ізбасарларын баптап, жарыстарға дайындап жүр. Шәкірттері республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, абырой биігінен көрінуде. Ағабек Ғабит,  Құралбай Ермек, Алтынбек Манас, Өткелбай Дарын, Расул Құрайыш , Латыпбек Алмат, Айтбай Жасұлан, бәрі де шетінен «сен тұр, мен атайын» деген құрыш білекті, шойын кеуделі жампоз жігіттер. Олардың арасында Азия чемпиондары Ағабек Ғабит, Құралбай Ермектер сияқты спорт шеберлері өсіп келеді. 

Сырым Ізбасаров – халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2020 жылы Түркістан облысының «Ең үздік спортшысы» атағына ие болды. Сырым  қаншама биік сатыдан көрініп, марапаттарға ие болса да, баяғы салмақты, салиқалы, қарапайым, адамгершілік қасиеттерінен айныған емес. Биязы мінезімен алдына келгеннің ғана емес, алыстан айбат шеккендердің де мысын басып, тілін тауып, сабасына түсіріп, аптығын басатын азамат. Сондықтан ол жүрген жерінде әрдайым сыйлы, абыройлы. Өзінен кішілерге үлгі-өнеге.

Көшкінбай ЕЛІКБАЕВ. Төлеби ауданы.

Пікір қалдырыңыз