КЕНТАУДАҒЫ ОҚИҒА: идеология қызметкерлерін қыруар жұмыстар күтіп тұрғанын тағы бір дәлелдеп берді

идеология қызметкерлерін қыруар жұмыстар күтіп тұрғанын тағы бір дәлелдеп берді

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Ońtústik Qazaqstan».

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, Кентаудағы шатақтың басы екі қыздың сыныптағы лидерлікке таласуынан басталған сияқты. Осыдан бірер ай бұрын ғана басқа мектептен ауысып келген сегізінші сынып оқушысы сыныптың топ басшысымен сөзге келіп қалады. Іштегі өкпені сыртқа шығарса адамның ашуы қайтады деуші еді. Жоқ, бұлар мәселені басқалай жолмен шешкісі келеді. Сөйтіп, басқа бір мектептің ауласында бетпе-бет кездескенді жөн көреді. Ар жағы белгілі, ерегіс төбелеске ұласады. Құдды шетелдік киноның көшірмесі дерсің, біреуі жерде екі бүктетіліп жатқан қызды шірене тұрып тебеді. Шашынан тартады. Қалғандары жабылып төмпештейді.

Бірақ, бұл кино емес, Кентау қаласында болған төбелес. Триллердің «қаһармандары» – сегізінші сыныпта оқитын қыздар. Төбелесті қаршадай қыздар бастан-аяқ смартфонға түсіріп, оны әлеуметтік желіге жүктеген. Міне, бүгінгі қоғамның тренді – осы. Себебі, бейнежазба неғұрлым сорақы болса, көрермені де соғұрлым көп болады. Бірақ, оны ұстаздар, ата-аналар, қала берді қалың көпшілік көреді-ау деген ой олардың қаперлеріне де кірмеген.
Оқиғаның мән-жайын білмек болып, Кентаудағы Ы.Алтынсарин атындағы №1 мектеп-гимназиясының директоры Қайрат Тілегеновті сөзге тарттық. 
– Жалпы, төбелеске үш мектептің оқушылары араласқан. Өкініштісі, оны ұйымдастырған да, таяқ жеген оқушы да біздің мектептен шығып отыр. Жанжалды бастады делініп отырған А.О-ның басқа мектептен ауысып келгеніне екі ай енді болды. Алғашқыда анасы құжаттарын әкелгенде, қабылдаудан бас тарта алмадық. Бағаларына қарасақ, кілең төрт пен бес. Бірақ, тәртібі аса жақсы емес екен. Соққыға жығылған қызбен осыған дейін араларынан қыл өтпестей дос болған. Бір үйде, бір подъезде тұрады. Тіпті, аналары да бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста болған. Жанжалдың басы екеуі бір сыныпқа түскеннен кейін басталған көрінеді. Сыныптың топ басшысымен жиі-жиі сөзге келіп, сыныпқа билігін жүргізгісі келген. Оның шет-жағасын байқап, біз 14 желтоқсан күні екі қыздың ата-анасын шақырып, жиналыс өткіздік. Екеуі сол күні татуласып кеткен. Міне, үш күннен кейін осындай жағдай орын алып отыр, – дейді мектеп басшысы.
Ал, таяқ жеген қыз дене жарақатымен қалалық ауруханаға түскен. Анасы сол күні-ақ қалалық полиция басқармасына арызданып, қызына қол көтергендерді жауапқа тартуды сұранған. Облыстық полиция департаменті күдіктіге қатысты әзірге «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 435-бабы (он төрттен он алты жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адам жасаған бұзақылық) бойынша материалдар жинақталып жатқанын алға тартып отыр. Қыз ауруханадан шыққан соң құжаттар сараптамаға жіберіліп, соның негізінде шешім қабылданбақ. Әрине, мұндайда жәбірлеушінің кешірім сұрайтыны белгілі. Екі жақ мәмілеге келсе, қазанның қақпағы жабыла тұрады. Бірақ, уақыт өте мұндай жағдайдың басқа өңірде қайталанбасына кім кепіл? 
Қала әкімінің білім саласына жауапты орынбасары Ақнұр Байболованың айтуынша, осы оқиғадан кейін мамандар түсіндіру жұмыстарын бастап кеткен. Ол да дұрыс шығар. Бірақ, қаланың идеологиялық жұмыстарына жауапты басшылары осы кезге дейін не істеп жүрген деген сауал туындайды. Енді Кентау қаласындағы мектептерде науқан жүріп, тәрбие мәселесі біразға дейін майшаммен қаралатыны анық. 
– Мектеп директоры мен оның тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына және сынып жетекшісіне қатаң тәртіптік шара қолдану жөнінде адами әлеуетті дамыту бөліміне ұсыным жолдадық. Себебі, тәрбие мәселесіне атүсті қараған. Егер сынып жетекшісі болған жайды дер кезінде тиісті орындарға хабарлағанда, бүгінгідей жайсыз оқиға орын алмас еді, – дейді Ақнұр Сұлтанқызы.
Әрине, жағдай тұрақталған соң бәрі де баяғы қалпына түсері сөзсіз. Қыздар да түк болмағандай оқуын жалғастыра береді. Алайда...

Түйін сөз: Осынау оқиғаны соншалықты дабыра қылмай-ақ бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде жасыруға болар еді. Бірақ ауруын жасырғанның өлетіні де белгілі ғой. Бұл оқиға Кентауда идеологиялық жұмыстардың өз дәрежесінде жүргізілмейтіндігін тайға таңба басқандай көрсетіп берді. Бұл бүкіл Кентаудың атқамінерлері үшін дабыл. Мәселе сынып жетекшісіне сөгіс беріп, мектеп директорын орнынан алып тастаумен бітпейді. Біздіңше, қалада бүкіл идеологиялық жұмыстарды қайта қарау керек. Идеологиялық жұмыстар дегеніміз жалғыз бюджеттен ақша бөліп, науқандық іс-шараларды өткізу ғана емес. Руханиятқа негізделген идеологиялық жұмыстарда бір жүйе болуы тиіс. Кентауда ондай жүйе бар ма? Кентау қалалық ішкі саясат, білім, ішкі істер бөлімдерінің басшылары идеясы бар адамдар ма, жоқ әлде қызыл сөзден қуырдақ қуырып жүрген кездейсоқ жандар ма? Кентауда идеологиялық жұмыстарды жолға қою үшін мұның бәрі маңызды рөл атқарады. Жалпы, Кентауда бола ма, басқа аудан-қалада бола ма, идеологияға кездейсоқ адамдар келмеуі тиіс. 
Мемлекетті құрдымға жіберуге идеология саласындағы кішкентай бір немқұрайдылықтың өзі молынан жетеді. Ендеше, Кентаудағы өндірдей қыздарымыздың қазақ қыздарына тән емес осы бір қылықты көрсетуін бір қаланың емес, тұтас ұлттың қасіреті деп қабылдаймыз.
Қазақты шынымен-ақ мәңгілік ел еткіміз келсе, бірінші кезекте қыздарымыздың тәрбиесіне көңіл бөлейік. Ол үшін руханият саласымен шындап айналыспаса болмайды, кентаулық шенеуніктер!
Пікір қалдырыңыз