Қазақстанның стратегиялық жоспары көптеген мемлекеттерге үлгі

Биыл біздің бауырлас еліміз – Қазақстанның егемендік алғанына 30 жыл толып отыр. Өз басым түркі әлеміне және оның бірегей елі Қазақстанға деген құрметім алабөтен. Бұл ел біздің көз алдымызда ынтымағы жарасқан, шекарасы мығым, берік ұстанымы бар мемлекет ретінде қалыптасты. Кеңестер Одағынан бөлініп шыққан елдердің арасында Қазақстан көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Қазақстанның отыз жылда жеткен жетістіктері жайлы көп жайды баяндауға болады.

Сексенінші жылдары Кеңес Одағында орын алған экономикалық және әлеуметтік дағдарыс себеп болған саяси толқулар жер жүзінің алтыдан бір бөлігін қамтыған алып империяның ыдырауына әкеліп соқты. Кеңес Одағы ыдыраған соң одақтың өзіне тән экономикалық құрылымдары істен шығып, мемлекетаралық байланыстар сақталмағандықтан экономика тоқырауға ұшырады. Кеңес Одағынан бөлініп шыққан барлық республикаларда ауыр өнеркәсіп өндірісі тоқтап, қаржы-экономикалық күйзелістің салдарынан қаржы проблемалары туындады. Сондай-ақ, ақшаның құнсыздануы халықтың сатып алу қуатының төмендеуіне әкеліп соғып, жұмыссыздар саны өсті. Құрдымға кеткен экономикалық құрылым өз кезегінде әлеуметтік салаларға әсер етті. Экономикалық дағдарыстардан бөлек этникалық және діни қақтығыстар ушығып келе жатты. Югославия ыдырап, Осман империясы тұсында мұсылмандыққа мойынсұнғандықтан түрікке теңелген босниялықтарды сербтер жер бетінен жойып жібере жаздады. Израильдің талабына сай Ирак, Сирия, Түркия мен Ираннан жер алып, Күрд мемлекетін құрып, Таяу Шығысты өз мүддесіне орайластыруды жоспарлаған АҚШ ядролық қаруды сылтауратып, Ираққа баса-көктеп кірді. Сондай-ақ, АҚШ Түркияда этникалық наразылықты күшейту мақсатында лаңкестікті белсенді түрде қолдауға көшті. Түптеп келгенде Кеңес Одағындағы ішкі наразылықтар егемендіктен бұрынырақ басталған еді. 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына қатысушылар қатаң жазаланған болатын. Кеңес өкіметі Нұрсұлтан Назарбаевты билік басына тағайындап, кері шегінуге мәжбүр болса да, оқиға барысында қолданылған қатаң жазалау тәсілдері мен тергеу амалдары кезіндегі шектен шығушылық халықтың наразылығын тудырды. Көп ұзамай Ферғана аймағында бауырлас халықтардың қақтығыстары басталды. 1989 жылы Ферғанада Месхед түріктеріне қарсы жасалған әрекеттердің салдарынан этникалық топтарды көшуге итермеледі. Сол жылы Ош қаласында екі бауырлас халық – қырғыздар мен өзбектердің арасында туындаған қақтығыс 1990 жылы қанды оқиғаға ұласты. Сол жылы Әзірбайжандағы Баку қаласында 20 қаңтар оқиғасы тіркелді. Ресейдің әскери күштерінің көмегімен армяндар Әзірбайжанда жаппай қырып-жою әрекетіне кірісті. Әзірбайжан жерінің 25 пайызы Ресейдің қолдауымен жаулап алынды.  Бір миллионға жуық әзірбайжан ата мекенін тастап көшуге мәжбүр болды. 1992 жылы Тәжікстан дүрдараздықтың орталығына айналды. Одан әрі Өзбекстанда діннің атын жамылған террористік қозғалыстар пайда болып, Кавказда шешендердің азаматтық соғысы орын алды. Ресейде орын алған келеңсіз жайттарды қоса алғанда Кеңес Одағы аумағындағы тұрақсыздық күннен-күнге ушыға түсті. Бұл іргелес жатқан Қазақстанға да қауіп төндірді.  Бірақ, осынау сынақтардан татулықты ту еткен Қазақ елі сәтті шыға білгенін мойындауымыз керек. Және оған біз қуанамыз да. Қазақстан тәуелсіздігін алғаш мойындаған мемлекет Түркия екенін ерекше мақтан тұтамыз.  

Қазақстан егемендігінің алғашқы кезеңі астананы Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына көшірумен басталса, екінші кезеңі екінші онжылдықта өтті. Ал, үшінші кезең деп 2017 жылдан бермен қарайғы жылдарды қарастыруға болады. Басқа сөзбен айтқанда, алғашқы кезең құрылу үдерісі, екінші кезең даму, инвестициялау және халықаралық аренада өзін мойындату үдерісі, ал, үшінші кезең жаңа нысандар мен рухани жаңғыру үдерісі деп аталады. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы кезеңінде Ата заңның қабылдануы, Мемлекет басшысын сайлау, мемлекеттік рәміздердің дүниеге келуі, ұлттық ақша бірлігі – теңгенің айналымға енуі, шетелде өкілеттіліктердің ашылуы, бұрынғы мекемелер мен ұйымдардың қайта құрылуы, жаңа мекемелердің ашылуы, халықаралық ұйымдарға мүше болу мәселелері мемлекет құру үдерісіндегі алқашқы қадамдарды қарқындатумен қатар халықты алаңдататын экономикалық жағдайды жақсарту үшін көптеген шаралар жүзеге асырылды. Кеңес Одағының экономикалық жүйесі шайқалған соң өз ісінің майталмандары экономистермен бірге нарықтық экономикаға өтуге шешім қабылданды. Елдің кен резервтері ескеріліп, энергияны инвестициялауға көңіл бөлінді. Шетелдік капиталды тарту үшін энергия саласы көш бастап, шетелдік фирмалармен біріге жұмыс істеді. Шетелдік салымшыларды елге тарту үшін  ыңғайлы шарттар түзілді.  Әсіресе, екінші кезеңде ауыр өнеркәсіптердің сандық технологияға өтуі барысында алдыңғы қатарлы техникаға көңіл бөлінді. Сенімді де қауіпсіз жағдайдың қалыптасуынан Қазақстан 300 миллиард АҚШ долларына барабар шетелдік инвестицияны тарта алды. Жалпы ұлттық өнім 18 есе өсті. 1993 жылы 11 миллиард АҚШ долларын құрайтын жалпыұлттық өнімнің бүгін 30 пайызы шағын және орта кәсіпкерлерге тиесілі болып, 180 миллиард доллардан асып түсті. Осылардың нәтижесінде тоқсаныншы жылдардың басындағы 30 пайыздық кедейшілік қазір 5 пайызға дейін төмендеді. Тұрақты қаржы саясаты мен қаржы-экономикалық дағдарысқа себеп болатын толқулардың алдын алу үшін Қазақстан 90 миллиард шамасында қаржы қорын жинақтауға қол жеткізді. 

Экономика саласындағы ілгерілеумен қатар екі мыңыншы жылдардан соң Қазақстан ірі инфрақұрылымдарға бет бұра бастады. Бір жағынан Нұр-Сұлтан мен Түркістан қалаларындағы құрылыстарға, екінші жағынан Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау, Ақтөбе сияқты қалалардың әрі қарай дамуына зор күш жұмсалды. Сонымен қатар қомақты қаржы бөлініп, қалааралық жолдар, теміржолдар мен әуежайлар салынды. Осының арқасында Қазақстан Қытай мен Еуропаның арасындағы транзит елге айналды (Батыс Еуропа–Батыс Қытай жолы қазынаға жылына  5 миллиард доллар табыс түсіреді), бір жағынан бұл жол Қазақстанның  сауда желісіне оң әсер етті. Бұрын одақтық сауда желілері Мәскеуде тоғысатын. Жаңа жолдардың салынуы, орныққан халықаралық қатынастар мен сауда желісінің нәтижесінде Қазақстан бір жақтан Қытай арқылы Тынық мұхитына, екінші жағынан Иран арқылы Парсы шығанағына, сондай-ақ Иран-Түркия арқылы Еуропаға шығуда. Осылардың барлығы Қазақстанның сыртқы саудаға шығу жолындағы тосқауылдарды жойғанын, бір сөзбен айтқанда, саудада егемендік алғанын көрсетеді.  

Шетелде «Қазақстан жолы» немесе «Назарбаев жолы» деп аталып, үлгі ретінде көрсетілетін Қазақстанның экономика саласындағы жетістіктері елдегі бейбітшілік пен  тыныштықтың арқасы екені шүбәсіз. 

Отыз жылда аса маңызды мәселелердің бірі елдің демографиялық жай-күйі болатын. Экономикалық құрылымның жақсаруы мен мемлекет тарапынан туу көрсеткішін көтеру үшін жасалған әлеуметтік ынталандыру шаралары қазақ халқының көбеюіне, қазақтардың өз елінде халықтың басым бөлігін құрауына мүмкіндік берді. 1991 жылы жалпы халықтың 39 пайызын құраған (1999 жылы 53 пайыз, 2013 жылы 65 пайыз) қазақ халқы бүгінде қазақстандықтардың 70 пайызынан асып түсті. Бұл тұрғыда 2 миллионнан астам басқа этникалық топтардың, әсіресе, орыстардың (1270000) және немістердің (550000) тарихи отандарына қоныс аударуы, сондай-ақ кезінде ел асып кеткен қазақтардың атамекеніне оралуының ықпалын ерекше атап өту қажет. Демографиялық салада жасалған шараларды елді қазақыландыру ретінде жасалған стратегиялық қадам деп бағалау керек. Қазақстан осы 30 жылда мемлекетті қазақтандыру бағытында маңызды шараларды жүзеге асырды. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде мемлекеттік мекемелерде қызмет атқаратын қазақ ұлты өкілдерінің саны едәуір аз болғаны баршаға аян. Өткен отыз жылда атқарылған жұмыстар нәтижесінде бұл мәселе негізінен еңсеріліп, бүгінгі таңда еліміздің әр мекемесінде, оның ішінде стратегиялық және мамандандырылған мекемелер мен салаларда қазақ ұлты басым деңгейге жетті. 

«Ұлттық мұра», 2030 және 2050 жобалары сияқты маңызды жобаларды жүзеге асырған тәуелсіз Қазақстанда 2017 жылдан бастап жаңа кезең басталды деп айтуға болады. Жоғарыда біз атап өткен мемлекет құру, экономика, саясат және әлеумет салаларында макро тепе-теңдікті дұрыс жолға қойып, нық қадамдармен ілгерілеген Қазақстан 2017 жылдан бастап «Рухани жаңғыру» атты жаңа бағдарламасымен халқының алдына шықты. Бұл бағдарламада экономикалық және саяси міндеттер бар болса да, бағдарламаның ұлттық рухты, ұлттық сананы қалыптастыруды көздегенін, оның жаңа бағытты айқындап көрсететін, халықты тарихына, тіліне және ұлттық мәдениетіне жетелейтін аса құнды бағдарлама екенін айта кеткен жөн. 

Латын әліпбиіне көшу туралы шешім осы үдерістің маңызды қадамдарының бірі екені сөзсіз. Қазақстан және басқа да түркі текті мемлекеттер мен қауымдар бұған дейін 1926 жылғы Бакудегі Түркология съезінің шешімдерінен кейін латын әліпбиіне көшкен болатын. Дегенмен, 1928 жылы Түркияның латын әліпбиіне көшуінен секемденген Кеңес өкіметі 1940 жылы өз құрамындағы түркі халықтарына жеке-жеке кирилл әліпбиін жасап, ортақ әліпби үдерісіне  нұқсан келтіріп, бауырлас халықтардың арасына әліпби деген кедергі қойды.  

Түркістан қаласы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар рухани жаңғыру үдерісіндегі тағы бір маңызды қадам деуге болады. Түркістан қаласының облыс орталығына айналуы, оның қайта құрылуы, Түркі әлемінің рухани көсемі Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың Түркістаннан таратқан рухани лебі тарихпен, дінмен астасып, қазақ халқына да, бүкіл түркі жұртына ортақ тарихты, ортақ мұраны еске салады әрі келешекке жол сілтейді. Түркістанда жасалған оң өзгерістер мен Қожа Ахмет Ясауиға назар аудару, рухани жаңғырудың нені меңзеп тұрғанын түсіну үшін Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына зер салу жеткілікті. Н.Назарбаевтың біз жалпылама беруге тырысқан Түркі әлемі туралы ойлары бүгін ғана пайда бола салған ойлар емес. 2009 жылғы Нахичеван саммитінде Түркі кеңесін және осы Кеңес аясында түркі текті халықтардың тарихы мен мәдениетін зерттеу мақсатында Нұр-Сұлтан қаласында өз жұмысын жүзеге асырып келе жатқан Түркі академиясын құру туралы шешім қабылданған. «Ортақ түрік тарихы» кітабы осы академияда әзірленіп, қазір дайындалып жатқан «Ортақ түрік әдебиеті» кітабы да,  барлығы да Н.Назарбаевтың ұсынысымен жүзеге асырылғанын айта кеткен жөн. 

Қазақстан отыз жылдық тарихында экономика, саясат және әлеуметтік салаларда көптеген жетістіктерге жетті. Атап айтқанда, аз болса да, демографиялық құрылымды жақсарту, саяси және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, шекараны белгілеу, астананы Нұр-Сұлтанға көшіру, Түркістанды облыс орталығына айналдыру және осы бағытта атқарылып жатқан шаралар, елдегі үлкен өзгерістерді көрсететін инфрақұрылымдық жұмыстар,  Ұлттық мұра және рухани жаңғыру бағдары аясындағы мәдени шаралар мен халықаралық аренада қол жеткен саяси бедел іспетті әрқайсысы жеке-жеке атап өтуге тұрарлық еңбектер жайлы сөз болып отыр. 

Қазақ тілінің жұртшылық арасында беделі артып, ғылыми-зерттеулерде қолданылу аясының кеңейе түскенін айта кету керек. Тағы бір айта кететін жайт, соңғы кездері білім беру тілі 70 пайыз қазақ тілінде деген ресми хабар да көңіл қуантады. 


Осман ЙОРУЛМАЗ, тарих ғылымдарының докторы, 

профессор. 

Стамбұл қаласы.

Пікір қалдырыңыз