Бүгінгі сот жүйесі бір күнде қалыптасқан жоқ

Өз алдына жеке шаңырақ көтеріп, азат ел болуды аңсамайтын ұлт пен ұлыс аз. Әлі күнге дейін алып елдердің ықпалында қалып, тәуелсіздігіне жете алмай жүрген ұлттар бар. Осындай елдермен салыстырғанда, біздің бағымыз басым, ұпайымыз түгел.
Қазақстан соттарында еңбек етіп жүрген судьялар да тәуелсіз елдің тұғырын биіктетіп, беделін нығайту жолында аянбай еңбек етіп келеді. Бүгінгідей жаңғырған, дамыған сот құрылымы бір күнде қалыптаса қалған жоқ. Бұл – үлкен еңбектің, ұжымдық жұмыстың нәтижесінде қол жеткен жетістік. Шыны керек, тәуелсіздік алған жылдардан бастап Елбасы сот жүйесінің жандануына айрықша көңіл бөлді. Сот қызметін оңтайландырып, халық сенетін құрылым қалыптастыруға нақты тапсырмалар беріп, бағыт-бағдар ұсынды. Ал, бұл мақсатқа тек заңның көмегімен қол жеткізу мүмкін емес еді. Сондықтан Ата Заңымыз бен «Сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы» конституциялық заң қабылдаудан бөлек, соттағы ашықтық пен жариялылықты, жеделдікті арттырудың тетігі қарастырылды. Сот корпусы судьялар мықты болған жағдайда ғана халық сенімінен шығары күмәнсіз. Бұл судьялықтан үміткер жандарға қойылатын талапты жоғарылатуға алып келді. 
Ал, тәуелсіз елдің тәуелсіз соты қандай болуы керек? Үшінші билік ретінде танылған сот жүйесі бұл ретте сыртқы ықпалдан барынша жоғары тұруы міндет. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген Майқы бидің тағлымды сөзі сот жұмысының басты ұстанымына айналуы тиіс. Өйткені, жоғарыға жалтақтап, күштінің шоқпарын соққан соттың таразысы тең болмайды. Судьяның тура төрелік етуі ішкі принциптеріне ғана тәуелді емес. Тәуелсіздігі заңдық тұрғыдан шешімін тауып, материалдық жақтан кіріптарлықтан құтылғанда ғана қазылардың балғаны батыл ұратыны ақиқат. Дәл осы мәселе Ата Заңымызда толық шешімін тапқан. Соған сәйкес, Президенттік басқару нысаны мемлекеттік биліктің заң шығарушылық, атқарушылық және сот билігі тармақтарының аражігін ажыратудың конституциялық міндетін шешіп берді. Осылайша, бір жағынан билік тармақтарының өзара ынтымақтастығы қамтамасыз етілсе, олардың Конституция мен заңдарда белгіленген бір-бірінің өкілеттігіне араласпау тетігі жасалды. Осының бәрі елдегі әділдікке жол ашады.

Сәбит ТӨРЕХАНОВ,
Әл-Фараби аудандық сотының судьясы. 
Шымкент қаласы.  

Пікір қалдырыңыз