Егемендік есейткен құрылым

Осыдан отыз жыл бұрын тәуелсіз ел атанғанда жүрегі Отаным деп соғатындардың ішінде толқымаған адам болмады. Себебі, 1991 жылдың 16 желтоқсанында ата-бабаларымыздың өмір бойғы мұраты орындалды. Аз ғана уақыт ішінде жас мемлекеттің шекарасы бекіп, алдағы бағыт-бағдары айқындалды. 
Осы отыз жыл ішінде Қазақстанды көркейту, өркендету мақсатында көптеген жұмыстар қолға алынды. Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдаулары сол игілікті істердің стратегиялық жоспары болғанын айта кеткеніміз жөн. Осы Жолдауларда отандық сот жүйесін дамыту мәселесі де басты орынға қойылғаны белгілі. Шын мәнінде, әр Жолдаудың сот құрылымын жандандыруға әсері өлшеусіз болды. Мәселен, осыдан отыз жыл бұрын судья тәуелсіздігі, мамандандырылған соттар, алқабилер соты деген түсінік мүлде жоқ болатын. Бұл жаңашылдықтар – елді көркейтсек, өркениетті елдердің сапына қосылсақ деген ниеттің жемісі. Соған орай қазақстандық соттарды әлемдік талапқа барынша сәйкестендіру бойынша ілкімді істер қолға алынды. 
Бүгінде соттардың барлығы жарық, еңселі ғимараттарда сот төрелігін жүзеге асырады. Сот мәртебесі мен судья тәуелсіздігін бекітетін арнайы заң қабылданып, соның негізінде судьялардың жұмысын өзгелерге жалтақтамай, сыртқы ықпалға бағынбай, заң мен арды басшылыққа ала отырып жүргізуіне жағдай жасалды. Мұның сот пен халық арасындағы алтын көпірді жандандыруға ықпалы зор. Азаматтардың талап-тілегі, ұсыныс-пікірі осы жылдар ішінде қолға алынған реформалардың өзегі болды десек, қателеспейміз. Мәселен, мамандандырылған соттар азаматтардан түсетін іс-материалдарды терең зерделеп, қос тараптың көңілінен шығатындай ойға қонымды шешім шығару үшін қажет болды. Судьяның қателігі ешқашан кешірілмейді. Себебі, судья таразы басына салынатын кез келген азаматтың тағдыры үшін жауапты. Қазының бір қателігі іске қатысты бірнеше тағдырдың бүлінуіне әкеліп соғуы мүмкін. Ал, мамандандырылған соттар судьялардың белгілі бір салаға бейімдеп, бірыңғай тәжірибе қалыптастыруға, заңнамаларды жетік меңгеріп, олқылықтардың орын алмауына септігін тигізеді. 
Отыз жыл ішінде сот саласын жандандыратын талай ізгілікті реформалар оң нәтижесін берді. Сот төрелігінің жеті түйіні бойынша жүзеге асырылған жобалардың өзі қоғамда үлкен серпіліс тудырды. Осы іргелі істер алдағы уақытта да жүзеге асырылатынына сеніміміз мол.

Ғалым ҚАЛДАРОВ,
Әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған 
ауданаралық сотының төрағасы.
Шымкент қаласы. 

Пікір қалдырыңыз