Айрықша қолдау көрсетілді

Болашағынан үміт күтетін кез келген мемлекет өз ұрпағының сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына айрықша назар аударады. Әлемдік білім кеңістігіне ену үшін тәуелсіздік жылдары елімізде бірқатар реформалар жүзеге асырылды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық» деп жазған еді. Шынымен де, бұл кез келген адамды ойландыратыны рас. Отыз жылда Сайрам ауданының білім саласында қандай өзгерістер болды? Енді осы сұрақтар төңірегінде ой қозғап көрейік.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап елімізде мектеп салу  қолға алынды. Үкімет бұл жөнінде «100 мектеп, 100 аурухана» атты бағдарлама қабылдап, жер-жерде мектеп салу ісі қарқын алды. Бұл игілікті істен халқы тығыз Сайрам ауданы да шет қалмады. Бүгінде ауданда 45 мектеп жаңа ғимаратқа көшті. Сонымен қатар, білім беру мекемелерінің құрылыс жұмыстарына жыл сайын қаржы бөлініп, бүгінге дейін 21 білім ошағына күрделі жөндеу жүргізілді. 

Қазір аудандағы 78 мектепте 7158 педагог қызмет істейді. Жаңартылған білім беру мазмұны аясында 2016 жылдан бастап барлық педагог «Назарбаев  зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымының  «Педагогикалық  шеберлік орталығы» және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» базасында біліктілікті арттыру курстарынан өтті.

Дана бабамыз Жүсіп Баласағұн «Адам бойындағы ең тамаша нәрсе – ілім мен ақыл» деген. Қазіргі білім беру жүйесінде жүріп жатқан реформалар педагогтардың үздіксіз кәсіби дамуына жол ашып отыр. Сондықтан мұғалімдерді кәсіби қолдау, пәндік құзыреттіліктерін жетілдіру – өзекті мәселелердің бірі.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық  мақаласы қоғамдық сананы жаңғыртудың нақты бағыттарын айқындап берді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруда «Отаным – тағдырым», «Өлкетану», «Саналы азамат» бағыттары бойынша ауданда бірқатар ауқымды шаралар атқарылды.

Елімізде білім сапасының отыз жылда жеткен жетістіктерінің бірі  – мұғалімнің мерейін өсіріп, мәртебесін көтеруге бағытталған «Педагог мәртебесі туралы» заңының қабылдануы. Бүгінде мұғалімдердің кәсіби біліктілігін, беделін көтеру, оларға жан-жақты қолдау көрсету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Нақтырақ айтсақ, мұғалімдердің апталық жүктемесі 18-ден 16 сағатқа төмендеп, жалақылары 2020 жылдан бастап 25 пайызға өсуде. Дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне үйірмелер мен спорттық  секциялардың жұмысын жүргізгені үшін қосымша ақы төленіп жатыр. Сонымен қатар, мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілері мен адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскерлерінің де еңбек демалысы 42 күннен 56 күнге ұзартылып, кәсіптік қызметіне кірмейтін жұмыстардан босатылды. Бұл өз кезегінде білім саласы қызметкерлерінің материалдық жағын түзеуіне, моральдық тұрғыдан қорғалуына оң әсер еткені сөзсіз.

Сонымен қатар, 2018 жылдан бастап мұғалімдерді аттестаттаудан өткізудің жаңа жүйесі енгізілді. Бүгінде ауданда 3212 мұғалім   аттестаттаудан өтіп, қосымша біліктілік санатына байланысты жалақысына 30-дан 50 пайызға дейін үстемеақы алуда. Сонымен қатар, ІІІ санатты – 86, ІІ санатты – 104, І санатты 16 мектеп директорының орынбасарлары да аттестациядан өтіп, жалақыларына 30-дан 100 пайызға дейін қосымша ақы төленуде.

Осы ретте айта кетейік, жыл сайын орта есеппен жүзге жуық жас маман аудан мектептеріне жұмысқа орналасады. Бұдан бөлек, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында ауылды жерлерге жұмысқа орналасқан жас мамандарға бүгінде жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетіледі. 

Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап білім саласында қабылданған реформалар жемісті әрі жеңісті болды. Бұл тек отыз жылдың ғана жетістігі. Білім берудің жаңа деңгейге көтерілуі, жылдар бойы жеткен жетістіктеріміз ұстаздарымыздың нәтижелі еңбегінің арқасында жүзеге асты. Біз үшін алда әлі талай асу, биік белестер бар.  


Әлжан САПАРБЕКОВ, 

Сайрам ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімі басшысының 

міндетін атқарушы.

Пікір қалдырыңыз