Тәуелсіздік – төл теңгемізді төрге шығарудан басталды

Тәуелсіздіктің тартуы көп. Соның бірі төл теңгеміз болса, оның алғаш айналымға түскен кезі көп адамды ерекше әсерге бөлегені анық.
ҚР «Қаржы қызметінің үздігі», «Құрмет» орденінің иегері Исмайлбек Шалабаевпен болған әңгіме-сұхбат сол күндерден сыр шертеді.

– Байырғы қаржыгер, әрі бұрынғы банк қызметкері ретінде о баста еліміздің өз валютасы – алғашқы теңгесі шығарылатыны жөніндегі  хабарды қалай қабылдадыңыз?
– Бәрі де ойламаған жерден басталып, едел-жедел өте шыққанымен, бұл тарихи мәні зор жауапты іске әзірлік жұмыстары ұзақ әрі тыңғылықты жүргізілгенін кейін барып білдік.
Тарихқа үңілер болсақ, теңге қазақтың алғашқы ақшасы емес. Бұған дейін де өз ақшасы болған. Сырдарияда, Отырар алқабында түрік билеушілері, ал, Жетісуда түргештер VII-VIII ғасырларда өз ақшаларын шығарған. Отырар мен Исфиджабта монет сарайлары жұмыс істеген. Оныншы ғасырлардың ортасы мен сегізінші ғасырларда қалалар тез өсіп, тауар өндірісі мен сауда көлемі ұлғая түсті. Ұсақ бөлшек саудада көбіне мыс фельстер қолданылды. Алтын монеталар да айналымға түсті, бірақ ол саудада дара түрінде ғана емес, салмағына қарай пайдаланылды: монетаны қажетіне қарай кесектеп сындыратын болған. ХІV ғасырдың соңынан бастап Қазақстанда Әмір Темір монеталары айналымға енді. Бұлардан басқа Қазақстан қалаларында саудада Самарқан, Бұхара, Ташкент монеталары, негізінен, мыс динарлар пайдаланылды. Қазақстан ақшасының бұрынғы тарихы міне, осындай.
1993 жылы 15 қараша күні теңге ресми айналымға енгізілді. Ұлттық банк алғашқыда 1 теңгені сол кездегі 1000 рубльге бағалаған болатын. Алайда, кейін еліміздің саяси және әлеуметтік, мемлекетаралық қатынастары ескеріліп, 1 теңге 500 рубль бағамында белгіленді. 
Негізі төл теңгемізді дайындау жұмыстары 1992 жылы қолға алынып, сол жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ал, ертеңіне қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанды. 1993 жылы алғашқы теңге партиясы Англияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылды. Теңгені елге тасымалдау үшін төрт ИЛ-86 ұшақтары Тұманды Альбион еліне 18 мәрте қатынады. Төл валютамыздың алғашқы партияларын сақтау үшін арнайы жерасты қоймалар дайындалып, дәл осы қоймалардан ұлттық теңгеміз еліміздің барлық өңірлеріндегі банктерге 8 күн ішінде жеткізілген еді. 
Ең алғашқы теңгемізде белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар пайдаланылды. Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгелікте Сүйінбай, бес теңгелікте Құрманғазы, он теңгелікте Шоқан, жиырма теңгелікте Абай, елу теңгелікте Әбілқайыр хан, жүз теңгелікте Абылай хан бейнесі сомдалды. Президент Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді.
– Төл теңгемізді алғаш көріп, қолыңызға ұстағаныңыз, айналаңыздағылардың қандай әсерде болғанын айтып бере аласыз ба?
– Әлі есімде, 1993 жылдың 14 қарашасында облыстық қаржы бөліміне құпия хат келіп түсті. Онда жаңа ақшаның ендірілетіндігі туралы айтылыпты. Ертеңіне облыс әкімінің бірінші орынбасары Владимир Кузьмич Колесниченконың кабинетіне кірдім. Мұнда облыстық Ұлттық банк басқармасының бастығы  Хамза Сұлтанбаевты жолықтырдым. Оның қолында жаңа ақшаның купюралары бар екен. Ол маған сыртқы көрінісімен де, түсімен де қатты ұнады. 
Арада екі апта өткенде айлығымызды жаңа ақшамен алдық. Сол аптаның жексенбісінде Қайнарбұлақ ауылында болатын көкпарды өткізу жөніндегі ақылдасу-мәслихатына қатысуға шақыру алдым. Көкпарды ұйымдастырушы менің мектепте бірге оқыған досым Абданбек Тағаев еді. Ол жаққа Абданбектің ағасы, облыс әкімшілігі аппараты жалпы бөлімінің меңгерушісі Қабылбек Төретаймен бірге менің «Жигули-05» автомашинаммен бардық.
Дастарқан үстінде көкпарды ұйымдастыру, кімнің қандай жүлде, салым қосатыны жөнінде әңгіме болды. Әңгіме барысында көкпарды ұйымдастырушы маған қарап:
– Исмайлбек, жүлдеге не қосасың? – деді.
Мен әмиянымды ашып, жаңа шыққан 100 теңгелікті ұсындым. Алғашқы кезде бұл үлкен ақша саналатын.
– Бұл не? – деді шабандоздар таң қалып.
– Жаңа ақша – 100 теңгелік.
– Мұны қайтіп майдалаймыз? Одан да осы соманы майда ақшамен бер, – деді көкпарды ұйымдастырушы.
Мен оларға 3, 5, 10, 20, 50 теңгелік қағаз банкноттарды бердім. Олар ақшадағы Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Әбілхайыр хан мен Абылай хан сияқты қазақтың ұлы тұлғаларының бейнесіне қызыға, сүйсіне қарады.
Сондағы ауыл адамдарының жаңа теңгеміздегі ұлт тұлғаларының бейнелеріне соншалықты ынтызарлықпен қарап, қуанғаны әлі де көз алдымнан кетпейді.
– Еліміздің қалыптасу кезеңінде эксперимент ретінде құрылған республикалық мемлекеттік банктің облыстық басқармасын басқардыңыз. Сол тұста мүлдем жаңа бағытта – банк ісі, ақшамен жұмыс істеудің ерекшеліктеріне тоқталып өтсеңіз?
– Қазақстанда ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарында жауыннан кейінгі саңырауқұлақ сияқтанып банктер қаптап кетті. Бұл банк ісін кеңінен пайдаланған бизнесшілердің қанатын кеңге сермеген шағы еді. Өйткені, банк дегенің капитал жинаудың бастапқы кезеңінің символы болды ғой. Алайда, түптеп келгенде, олардың санаулылары ғана қиындыққа төтеп бере алды.
Біздің облыста қазіргі жұмыс істеп тұрған банктерден басқа «Жилсоцбанк», «Агропромбанк», «Нефтехимбанк», «Таймбанк», «Крамдсбанк», «Көмірбанк», «Жақсылықбанк», «Союзбанк», тағы басқа банктер құрылған еді. Олар нарықтық экономикаға бейімделе алмай жабылып жатты. Бұл банктерге деген сенімсіздікті қалыптастырды.
Біздің Үкімет банк жүйесін жолға қоюдың әдістерін іздестірді. Сөйтіп, бірқатар батыл шешімдер қабылдады. Оның бірі – ҚР Үкіметінің 1996 жылғы ақпан айындағы Қаулысымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджет банкін құруы болатын. Оның құрылтайшысы болып Үкіметтің атынан ҚР Қаржы министрлігінің Бас қазынашылық басқармасы белгіленді. 
1996 жылдың мамыр айында мені облыс әкімдігіне шақырып, өңірімізде жаңадан құрылып жатқан  облыстық бюджет банкі басқармасы бастығының қызметіне ұсынатындықтарын айтты. Бұл тосын ұсынысқа бірден жауап бере алмай ойланып қалдым. Өйткені, бір жағынан банк жүйесінің жұмысынан хабарсызбын, екінші жағынан қысқа уақыт ішінде қаншама коммерциялық банктер өмір сүре алмай жабылып жатқанын көзіміз көрді. Бірақ, әкімдіктегілер менің бюджет саласындағы ұзақ жылғы еңбегімді ескеріп, сенім білдірді. Бұл мен үшін жауапкершілігі мол, үлкен іске араласуыма беріліп отырған мүмкіндік еді. Содан 1996-1998 жылдары мүлдем жаңа бағыттағы салада жұмыс істедім. Бірінші кезекте кадрларды дұрыс таңдау мен жасақтауға көңіл бөлдім. 
Біздің банк алғашқылардың бірі болып іске кірісті. Ол өз жұмысын белгіленген мерзімнен ерте бастап кетті. Бұл шапшаңдығымыз республиканың бюджет банкі басшыларының таңданысын тудырды.
Сондай-ақ, банк клиенттеріне қызмет көрсетудің мәдениетін жетілдіру бағытында да көп жұмыс атқаруға тура келді. 
– Бюджет банкі жабылғаннан кейін өз салаңызға, қаржы басқармасына қайта оралып, ұзақ жыл басшылық етіп, зейнетке шықтыңыз. Ел экономикасының өркендеуіне қаржыгерлердің де қосқан үлесі мол. Негізгі көрсеткіштер бойынша жылдан-жылға жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді...
– Елбасы Н.Ә.Назарбаев пен Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың басшылығымен еліміз көптеген жетістіктерге жетіп отыр. Соның жарқын мысалы ретінде Түркістанның облыс орталығы мәртебесіне ие болғанын айтуға болады. Бұл тарихи шара Шымкент шаһарының халқының саны 1 миллионнан асатын республикалық маңызы бар қалаға айналып, жаңаша өсіп-өркендеуіне жағдай жасады.
Өткенімізге саралай қарап, бүгінде өзіміздің бүкіл тарихымызда болмаған табысты экономикалық даму қарқынына қол жеткізгенімізді көріп риза боламын. 
Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылы облыс бюджетінің көлемі 2,3 млрд. рубль болған екен. Ал, 1993 жылы қараша айында айналымға теңге енгізілгеннен кейін, сол кезде облыс бюджеті небәрі 379,9 млн.теңгені құраған. Қазіргі 2021 жылғы Түркістан облысы (824,4 млрд. тг.) мен Шымкент қаласының (451,3 млрд. тг)  бюджет көлемі  1275,7 млрд. теңгені құрайды. Өңір экономикасының осылай қарыштап өсуі 1997 жылы жабылып қалған Жетісай, Келес аудандарын қайта құруға, жаңадан Сауран ауданын ашуға мүмкіндік берді. Халықтың әл-ауқаты көтеріліп, әлеуметтік салада жаңа асулар бағындырылды. Тәуелсіздік тұсындағы осындай өркендеу өлшемдері бәріміздің де болашаққа деген сенімімізді нығайтады.
– Тарихтан сыр тартқан тағлымы мол әңгімеңіз үшін үлкен рахмет!

Сұхбаттасқан Слам НҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі.
Пікір қалдырыңыз