Тұғырымыз биік, сеніміміз бекем болуы тиіс

Еліміздің басты құндылығы – Тәуелсіздіктің 30 жылдығын салтанатты түрде атап өткелі отырмыз. 30 жыл ішіндегі дамуымыздың ең басты тағлымы ұлттық мемлекетті қалыптастырғанымыз екендігі ақиқат.

Елбасы Тәуелсіздіктің мән-мағынасын кезекті «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында жариялап отыр. Онда «ата-бабаларымыздың азаттық жолындағы жан алысып, жан беріскен сан ғасырлық күресінің заңды жалғасы, халықаралық құжаттармен бекітіліп, мәңгілікке берілген сыйы. Тәуелсіздікке барар қиын жолдардағы сансыз көп шайқастар мен көтерілістерде қаншама қаһарман бабаларымыз шейіт болды. Оларды еске алу, құрметтеу – біздің парызымыз» дей отырып, өткенін білмеген адам ұлтының қадірін де, тәуелсіздіктің қасиетін де білмейтіндігін қатаң ескертеді.

Әрбіріміз егемендіктің қандай жолмен келгенін жүрегімізбен сезгенде ғана ел тәуелсіздігі тұғырлы болады. Тәуелсіздік – тарихи, рухани таным. Әрқайсымыздың рухани тұғырымыз биік, сеніміміз бекем болуы тиіс. Егемендігіміздің өткен отыз жылдық мерзімі адамзат тарихы тұрғысынан қас-қағым ғана сәт болғанымен, үлкен белес, асқаралы асудан өткеніміз айдай ақиқат. Елбасы мақаласындағы «...бабаларымыз Ұлы далада ұлық ұлыс құрды. Талай жұрт алапат соғыстар мен арпалысқан айқастарда үдере көшіп, бордай тозып, тастай үгіліп, құмдай шайылып кеткен замандарда қазақтар түрік жұртының атақонысын, қара шаңырағын сақтап қалды» деген пайымының астарында үлкен мән жатыр. 

Елбасының «Біздің жұрт – тамырын жеті қат жер астына жіберген алып бәйтеректей өзінің күш-қуатын ғасырлар бойы Ұлы дала төсінен алған байырғы халық. Бабаларымыз бізге мұра қылып ұлан-ғайыр жер қалдырды. Бірақ, ол кешегі патша заманында да, Кеңес Одағы тұсында да халықаралық құжаттармен ресімделмеді. Жалпы ұзындығы 14 мың шақырымдық біздің шекарамыздың барлық бойлығына қатысты сындарлы келіссөздер үдерісін ұйымдастыру оңай міндет болған жоқ...» деген сөзінің халқы алдындағы қызметінің нәтижесін сонау көнедегі түркі бабаларымыздың бүгінде Тектұрмас әулие басындағы Күлтегіннің қалдырған «Түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым. Кедей халықты бай еттім, аз халықты көп еттім» деген өсиет сөзіне ұқсатуға болады. Бұл эпитет біреуге ұнар, біреуге ұнамас. Шындығында, 1989 жылғы КСРО-ның ең соңғы халық санағының деректері бойынша Қазақстандағы қазақтардың үлес салмағы небәрі 40,1% ғана болған екен. Ал, 7 желтоқсанда Үкімет басшысы А.Маминнің Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевқа берген есебінде биылғы санақ бойынша еліміздегі қазақтардың үлес салмағы 70,48 пайызға жетіп, саны 13 миллионнан асыпты. Елбасының өзі: «...ашаршылықтың екі бірдей толқыны – 1921-1922 жыл мен 1930-1932 жылдардағы сұрқия саясат салдарынан орнаған зұлмат кезінде қазақтың тең жартысы қырылды. Ел есін енді жинай бастаған отызыншы жылдар соңында сталиндік қанды репрессия ұлтымыздың сүт бетіне шығар қаймақтарын жалмап кетті, сонымен бірге қатардағы қарапайым азаматтар да қанды қасаптан аман қалмады» деп көрсетуіндегі тарихи дерек  орны толмас қасірет екендігі анық.

Тәуелсіз еліміздің шекарасын нақтылап, бекіту ісінде Елбасының саясаткерлігінің, мәмілегерлігінің шеберлігіне ешкім шек қоя алмайды деп ойлаймын. Ол: «...екі ұлы көршіміздің – Ресей мен Қытайдың арқасында қол жеткізілді... Біз Ресейдің және оның президенті В.В.Путиннің, Қытай басшылығының тарихымыздағы сол маңызды сәтте көрсеткен қолдауының әрдайым қадірін біліп, ризашылықпен есте ұстауға тиіспіз» дейді. Мұның астарында түсінген адамға көп мән бар.

Елбасы мақаласынан: «...бұрын көп айтыла бермейтін кейбір деректі халықтың назарына ұсынғым келеді» деп келтірген маңызды деректерді оқимыз. Айталық, 

«...Тек жоғары билік бекіткен жоспар мен қосып жазуға негізделген кеңестік экономика, жалаң ой, жадағай пікірлі коммунистік идеология қоғам дамуын тығырыққа тіреді. М.С.Горбачевтың «қайта құруы» тоқырауға белшесінен батқан қоғамға серпіліс әкеле алмады, керісінше көпсөзділікке, жаппай жарнамалық ұрандарға жол берілді...» дейді.

КСРО халық депутаттарының 1989 жылдың мамыр-маусым айларында өткен І сьезінде «...Екібастұз даланы күлге бөктіруде. Мұнай өндіріп жатқандарға оның түк қайыры болмай тұр... Түрлі полигон үшін малшылар өрістерінен айырылды, ал, оның өтемі туралы мүлде сөз жоқ деп сөзімді аяқтап, залға қарасам, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Г.В.Колбиннің өңі сұп-сұр болып кеткен екен» дегенінен «Үйде қожайынның кім екенін біл» деген секілді мінез көрсеткенін байқауға болады. Оның бұл әрекеті сол кезең үшін батылдыққа балауға тұрарлық.

Мақалада көп айтыла беретін жәйтке қатысты тағы бір маңызды дерек бар. Айталық, әлеуметтік желілердегі Беларусь мемлекетінің сол кезеңдегі басшысы С.Шушкевич пен Украина премьер-министрі В.Фокиннің «біз Н.Назарбаевты Орталық Азиядан өкіл ретінде Беловежде күткен едік» деп айтқан сөздеріне қатысты айқындылықты Елбасының өзі кіргізіп отыр. Ол: «..8 желтоқсанда Б.Н.Ельцин, Л.М.Кравчук және С.С. Шушкевичтің қатысуымен Белоруссияның Беловежьесінде өткен кездесуде Кеңес Одағының «халықаралық құқық пен геосаяси жағдай субъектісі» ретінде өмір сүруін тоқтатқаны туралы мәлімдеме жарияланды. Мен Ельцинмен, Кравчукпен, Шушкевичпен жүздесу үшін шұғыл түрде Мәскеуге ұштым, мұндай кездесу күні бұрын жоспарланған еді, бірақ шақырылған үшеуі де келмей қалып, кездесу болмай қалды. Бұдан кейін кеңес және шетелдік баспасөз өкілдерімен Мәскеуде өткізген баспасөз мәслихатында: «КСРО құрамына енген барлық республикалардың тәуелсіздігін мойындап, олардың тез арада Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуына көмектесу керек, – деген пікірімді ортаға салдым» дейді. Біріншіден, Беловеж орманындағы кездесуде қаралатын мәселе негізінен Ресей мен Беларусь, Ресей мен Украина арасындағы газ тасымалы туралы болатын. Оған кенеттен шұғыл түрде Н.Назарбаевтың шақыртылуы, әрине онда «бүліктің» ойластырылып жатқанынан Елбасының сезіктенгені анық. Екіншіден, сол уақытта КСРО-ның заңды президенті әлі М.Горбачев болатын. Одан асып, бұл авантюраға Н.Назарбаевтың қосылып кетуі кездесудің нәтижесін басқа жаққа бұрып жіберуі әбден мүмкін еді. Мұны да Елбасымыз жақсы білген деуге негізіміз бар. Мақалада бұл оқиғаның кейінгі дамуына Елбасы өз бағасын берген. Одақтың ыдырауына нүкте сол жылы 21 желтоқсанда Алматыдағы ТМД құрылуымен қойылды.

Сонымен қатар, Елбасы алғаш рет өз бабаларының жүріп өткен күрес тарихынан хабары бар екенін білдіреді. Өткен бодандық дәуірдегі «бұратана» халыққа қару ұстатпай, қолына күрек ұстатуы «ұлы орыс шовинизмінің айқын көрінісі» болғандығын ол: «Бірінші дүниежүзілік соғысқа қазақтар қатыспаса да, патшаның 1916 жылғы маусым жарлығымен тыл жұмысы үшін әскерге шақырылды. Отаршыл өкіметтің өктемдігі мен зұлымдығы халықты ашындырып, төзімін тауысты. Сол кездегі Жетісу өлкесінің Қарқара, Қастек, Самсы өңірінде болған ұлт-азаттық көтерілістерге менің ата-бабаларым да қатысты» деп көрсетеді.

Көбіне ел аузындағы жиі айтылатын «1991 жылдың 1 желтоқсанында ел тарихындағы тұңғыш Президенттік сайлауға жалғыз өзі баламасыз түсті» деген уәжге Елбасының өзі қисынды жауап беріп отыр. Ол мақаласында «Біз ашуды ақылға, асығыстықты сабырға жеңдіріп, үнемі әліптің артын бағып, аңысын аңдумен болдық. Маған батылырақ қимылдау үшін бүкілхалықтық мандат керек еді. Осылайша 1991 жылдың 1 желтоқсанында ел тарихындағы тұңғыш Президенттік сайлау өткізіліп, онда халықтың 98%-дан астамы қолдау білдірді. Бұл маған қанат бітіріп, еркін қимылдауыма жол ашты» дейді. Қараңыздар, аумалы-төкпелі, ел тағдыры сын үстінде тұрған сол жылы баламалы сайлау өткізіп отыру қаншалықты қажет еді?

Жоғарғы Кеңестің 1991 жылғы 14 желтоқсанда өткен 12-шақырылған 7-сессиясының талқылауына «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңның тартысқа толы қалай қабылданғанын жазады. Елбасы «Жоғары Кеңестегі талқылауды мен кабинетімдегі байланыс арқылы жіті бақылап отырдым...» деп дәйекті деректер келтіреді. Ол «Бұл заңды қабылдауымыз керек, өйткені, жалғыз біз ғана қалдық. Көпұлтты Қазақстан халқының алдында біздің арымыз таза. Бұл – барлығы әр сөзіне үңіле отырып оқитын маңызды заң. Менің сайлауалды бағдарламам, біз шешкелі отырған барлық мәселелердің түйіні – осы. Басты мәселе – мемлекеттік тәуелсіздік мәселесі. Осы сөзден кейін қарсы сөйлеген депутаттардың біразы сабасына түсіп, заң жобасы көпшілік дауыспен қабылданды» деп есіне алады. Бұл, әрине, тарихи оқиға еді.

Елбасының сарабдал саясаты әлі де жалғасын таба береді. Тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде көптеген қиындықты еңсеріп, ұлан-ғайыр табыстарға қол жеткізгеніміз анық. Алда алар асуларымыз бен бағындырар биіктеріміз де аз емес.


Баршагүл ИСАБЕК,

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің 

проректоры.

Пікір қалдырыңыз