Ауылға деп ақша бөлінеді, бірақ, қызығын басқалар көреді

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Ауылға бөлінген ақша қайда? Бүгінгі өзекті мәселелердің бірі осы болып тұр. Бұл тақырыпты тереңірек зерттеп жүргендер жылына қазынадан қыруар қаржы бөлінетінін жоққа шығармайды. Тіпті, қаншама ақша жергілікті шенеуніктердің жалқаулығынан ба, әлде икемсіздігінен бе, игерілмей қалып жатады. Ал, ауыл халқы ауыз судан тарығып, жылуға қолы жетпей, бұларды аз десеңіз, жөні түзу жолға да жарымай жүр.

Жетісай ауданына қарасты Абай ауылдық округінде 2019 жылдан бері түсініксіз жағдай орын алып отыр. Яғни әуелден ауылы аралас, қойы қоралас жатқан қалың ел соңғы екі жылдан бері екіге бөлінген, бірі ХХІ ғасырға тән табиғи газ тұтынса, көшенің арғы бетіндегі тұрғындар өздерін алғашқы қауымдық құрылыста өмір сүріп жүргендей сезініп, әлі күнге дейін от жағып, күл шығарып жүр. Ауыл әкімі Бағдат Оспановтың айтуынша, округтегі он бір мың тұрғынның тек бір жарым мыңнан сәл астамы ғана табиғи газға қол жеткізген, қалғанын «көгілдір отынмен» қамту үшін сметалық құжаттар енді әзірленіп жатқан көрінеді. Ауылды газдандыру жұмысы қолға алынған әу баста бір ауыл неге екіге бөлініп қалғаны тағы түсініксіз. Ең өкініштісі, «ала қойды бөле қырқып» отырған ауылда тағы бір-екі жылда газ келеді деуге де сенім жоқ. Өйткені, «сметалық құжаттары енді әзірленіп жатқан» ол жергілікті мәслихатта мақұлданып, тиісті қаржы бөлінемін дегенше тағы біраз күтуге тура келеді.
Жалпы, ақшаның жетіспеушілігінен табиғи газ түгілі, ауыз суға да жарымай отырған ауылдар аз емес екенін жоғарыда айттық. Бірақ, ауылдарды абаттандыру мақсатында түрлі бағдарламаларды негізге ала отырып бөлініп жатқан қыруар қаржы естіген адамды есінен тандырады. Мысалы, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2021 жылы 480 ауылды жаңғыртуға 135 миллиард теңге бөлініп, 1 140 жобаны іске асыру көзделген екен. Бірақ, ол ақшаның тек 106 миллиарды, яғни 78 пайызы ғана бөлінген. Жоба әкімшілері бағдарламаға арналған қаржының толық түсірілмеуін өңірлерден өтінімдердің уақтылы берілмегенімен түсіндіреді. Демек, қаралып тұрған қаржыны игеру жағы кемшін түсіп жатыр деген сөз.
Рас, ауыл десе ешкімнің де аянып қалмайтыны анық. «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында да көңілге қонымды біраз жобалар бар. Соның бірі еліміздегі 3500 ауылды қайта жаңғырту болса, осы жаңғыртуды негізге алып қаншама қаржыны «қаңғыртып» жатқандар да аз емес. Тағы да статистикаға жүгінейік. Егер Қазақстан халқының 41 пайызы, яғни 7 миллионы ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, солардың көпшілігі екі қолға бір күрек таппай, жұмыссыз отыр. Сондай- ақ, табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың да басым бөлігін ауылдан табасыз. Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты да бей-жай қалдырмағандықтан, биылғы Жолдауында ауылдарды қайта жаңғырту жайына кеңінен тоқталды. Ал, Парламент Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, ауылды жерлерде тағы 137 денсаулық, 315 білім беру нысаны жетіспейді. Сондай-ақ, шалғайдағы елді мекендерде 78 мектеп үш ауысыммен оқытса, 19 мектеп апатты жағдайда тұр. Ең сорақысы, ауылды абаттандыруға жыл сайын қыруар қаржы бөлінсе де таңдай жібітетін тұщы суға жарымай отырған ауылдардың саны азаяр емес, тіпті көбейіп барады. Айталық, 2019 жылы 105 ауылдық елді мекенге ауыз су тасымалданып жеткізілетін болса, 2020 жылдың соңына қарай олардың саны 109-ға жеткен. Демек, тағы төрт ауыл ауыз суды тасымалдап тұтынуға мәжбүр болып отыр. Осындайда ауылға деп бөлініп жатқан ақшаның қайда кетіп жатқаны тағы да таң қалдырады. 
Сенатордың сөзін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі де жоққа шығармайды. Оның мәліметінше, елімізде екі мыңға жуық ауыл сапалы ауыз сумен әлі қамтамасыз етілмеген. Оның ішінде 1129 ауылда сумен жабдықтау жүйесін блок-модульдерді салу арқылы жергілікті бюджет есебінен қалпына келтіру көзделген. Сонымен бірге мамандардың бұл жұмысты 2025 жылға дейін аяқтай алатынымызға күмәні бар, өйткені, бұл ауылдардың көпшілігінде жерасты суларының қоры әлі зерттелмеген.
Қаржы министрлігі 2022 жылға 500-ден аса жоба заң талаптарына сай келмеуіне байланысты қабылданбағанын айтады. Оған тағы да себеп – әзірлеу мен жоспарлау бойынша өңірлердің орындаушылық тәртібінің төмендігі. Сонымен, ауылды дамытуға арналған қаржының жеткілікті көлемде бөлінбеуіне, бөлінген қаржының толық игерілмей кері қайтуына, тіпті мақсатсыз жұмсалып кетуіне кім кінәлі? Бүгінгі сөз болған мәселелерді екшей отырып, қарапайым халықтың «ауылға деп ақша бөлінеді, бірақ, оның қызығын басқалар көреді» деп бекерге реніш білдірмейтінін түсінгендей боласың. Қалай болғанда да, осынау ауқымды бағдарламаны орындау кезінде ведомстволар арасында ауызбіршіліктің жоқтығы ауыл-аймақтардың дамуына кері әсерін тигізіп отырғаны өтірік емес. 
Пікір қалдырыңыз