Әуежай бір жылда 267 187 жолаушы қабылдады

ҚР Тұңғыш Президенті күні Түркістандағы Әзірет Сұлтан халықаралық әуежайының ашылғанына бір жыл толды. Осыған орай әуежайда мерекелік шара өтті.  Қала қонақтары мен тұрғындардың құрметіне әндер орындалып, көрермендерге ұлттық нақышта би көрсетілді.

Шараға әуежайдың атқарушы директорының орынбасары Хакан Килавузбей, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті ректорының өкілі, профессор, доктор Женгиз Томар және Түркиядан  келген арнайы қонақтар қатысты. Мереке күні әуежайға бір жыл толуына орай арнайы әзірленген тортты қонақтар салтанатты түрде кесіп, әуежай директорының орынбасары Хакан Килавуз айтулы күні әуежай қызметкерлері мен қонақтарын мерекелік күнімен құттықтады. Сондай-ақ еліміздің әуе саласын дамыту мақсатында университет өкілімен алдағы уақытта арнайы мамандарды дайындау жоспарларымен бөлісті. 

Ал, әуежай директорының орынбасары Ілияс Нұғманов өз кезегінде әуе тасымалы бойынша едәуір жетістіктерге жеткендігін атап өтті.

«Бір жыл ішінде әуежай 267 187 жолаушы қабылдады. Жаңа бағыттар ашылып, ұшақтардың саны артуда. Бұл жолаушылардың діттеген жеріне тез әрі жылдам жетуіне жасалған арнайы мүмкіндік. Сондай-ақ, Түркістан қаласынан Ташкент, Бішкек, Ыстамбул бағытына халықаралық рейістер іске қосылды. Әуежай халықаралық стандарттарға сай болғандықтан, мұнда жолаушыларға барлық жағдай жасалған. Сапалы қызмет көрсету мақсатында қызметкерлерді арнайы біліктілікті арттыру курстарынан өткізіп, адамдармен қарым-қатынас жасау мәдениетін қалыптастырып келеміз. Тіпті, келушілерге мұнда намазхана, тамақтану орындарын ашып, арнайы дүкендер санын көбейтіп келеміз. Сонымен қатар облыс орталығына келген қонақтарға қалаға жету мақсатында әлеуметтік қоғамдық көліктерді жүргізу үшін облыс әкімдігімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз» ,- деді Ілияс Мұратұлы.

 

Ысқақ САДЫҚ,

«Оңтүстік Қазақстан».

Пікір қалдырыңыз