ТҮРКІСТАНДА ПРЕЗИДЕНТТІК ШАҚЫРЫМҒА ЖҮГІРУДЕН ЖАРЫС ӨТТІ

«1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай "Елі сүйген, елін сүйген Елбасы" ұранымен президенттік шақырымға жүгіруден марафон өтті. "Түркістан арена" стадионынан бастау алған марафонға мыңға жуық спортшы қатысты» деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 

2,4 шақырым қашықтыққа жүгіруден кентаулық А.Захидинов мәреге бірінші жетті. Екінші орынға түркістандық Б.Абдурайымов ие болса, үздік үштікті тағы бір кентаулық азамат Д.Суннатуллаев қортындылады.

 

Ал әйелдер арасында Қ.Серік жеңіске жетсе, екінші орынды Д.Күнқожа иеленді. Үшінші орынды А.Сальникова еншіледі. Үш спортшы да Кентау қаласының өкілдері.

 

Сонымен қатар 30 жастан асқан спортшылар арасында да үздіктер анықталды. Ерлер арасында сайрамдық Қ.Кәрібаев топ жарды. Кентаулық Б.Базарбаев екінші келсе, мәреге үшінші болып Е.Жадрисов (Кентау) жетті. Әйелдер арасында Түркістан өңірінің өрендері – В.Ли, Ә.Жандарбекова және Л.Белоус үш орынды бөлісті.

 

Түркістан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қ.Жолдықараев бұқаралық жарысқа қатысқан жұртшылыққа алғысын білдірді. Сонымен қатар жеңімпаздар мен жарысқа белсене қатысқан бірқатар азаматты марапаттады.

 

«Оңтүстік-ақпарат».

Пікір қалдырыңыз