«Қазақстан барысының секірісі» сәтті басталды

Тәуелсіздік таңы атқан кезде халқымыз жаңа Қазақстанның негізін қалап, қалып­тастыруды Нұрсұлтан 
Әбішұлы Назарбаевқа сеніп тапсырды. Уақыт осынау маңызды таңдаудың дұрыс­тығын дәлелдеді. Оның шынайы егемендіктің негізін қа­лауға, тиімді экономиканы қалыптастыруға, үйлесімді қоғам құруға және ұлт тарихының жаңа кезеңіндегі ел дамуының басымдық­та­рын анықтауға бағытталған көпқырлы қыз­метінің мазмұны мен мәні Қазақстанның Тұңғыш Президентін қазіргі мем­ле­кет­тігі­міздің негізін қалаушы әрі ұлттың нағыз көш­басшысы ретінде мойындау үшін салмақты дәлел болды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи фено­мені, ұлттың жасампаз әлеуетін үйлестірудегі еңбегі әлемде «Қазақстан барысының секірісі» деген атаумен әспеттелді. Нақты істерді атқаруды, барлық жүйеде орнықтылықты сақтауды, стратегиялық жос­парлау мен кезең-кезеңмен дамуды көз­д­еген Ұлт Көшбасшысының мұндай праг­матикалық ұстанымы отыз жылға жуық уақыт ішінде еліміздің таң­ғаларлық нәтижеге қол жеткізуіне мүм­кіндік берді. Қоғамның барлық саласындағы үздіксіз трансформация үдерісі мен маңыз­ды әрі жүйелі реформалардың арқасында әлем «Қазақстанның кереметі» жөнін­де айта бастады. Әрине, мұны жасаған да, авторы да – Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы ойластырған саясат пен оның көшбасшылық сипаты Қазақстан экономикасын әлем бойынша ең тез дамыған елдердің қатарына жетеледі. Тұңғыш Президенттің жеке үлесі және халықтың қуатты қолдауының арқасында әлемдік қауымдастықта «Қазақстандық даму моделі» кеңінен таралды. Бұл модель терең ойластырылған бағыт бойынша біртіндеп және сенімді дамуға негізделді. 
«Президент Назарбаев – кеңестік саясаттағы жарық жұлдыз, түрлі республикалар арасындағы ірі тұлға. Қазақ-
станның 50 жасар лидері – белгілі деңгейде қатал, тәжірибелі, жедел шешім қабылдай алатын адам. Одақтың басқа республикаларының өзі мойындаған жылышырайлы, талантты және табанды басшы. Назарбаев республиканы басқарып тұрғанда, Қазақстанның табыстарға жету мүмкіндігі мол бо­лады» депті тәуелсіздіктен бұ­рын-ақ ХХ ғасырдағы ұлы ре­фор­маторлардың бірі Ли Куан Ю. Осы пікірді оқи отырып, оның соншалықты кісі тани білетін данышпандығына, көрегендігіне бас иесің. Сол айтқандай, кеңестік жүйеден шыңдалып шыққан Нұрсұлтан Назарбаев – тәуелсіз мемлекеттің негізін қалап, оның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан біртуар тұлға, экономиканы қарқынды дамыту мен халықтың әл-ауқатын арттыруда айрықша табыстарға қол жеткізген кемел көшбасшыға айналды. Ол – бабаларымыздан келе жатқан ұлы арман – тәуелсіздігімізді  тұғырлы ету жолын­дағы қиын белестерден халқын аман алып өтіп, тарих төрінен өз орнын алды. 
Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап Нұрсұлтан Әбішұлы экономикамен бірге білім және ғылым саласын дамытуға айрық­ша көңіл бөліп келеді. Бүгінгі таңда елі­міздің білім жүйесі жаңа заманға лайық әрі халықаралық стандартқа сәйкес же­т­і­ліп келеді және оның отан­дық үл­гісі қа­лып­тасуда десек, мұнда Елбасы Н.Наза­рбаевтың инновациялық ой-тұ­жырым­дары мен тікелей қамқорлығының маңызы зор болғанын атап өтуіміз қажет. 
«ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық. Біз болашақтың жоғары технологиялық және ғылыми қамтымды өндірістері үшін қадрлар қорын жасақтауымыз қажет. Осы заманғы білім беру жүйесінсіз әрі алыс­ты барлап, кең ауқымда ойлай білетін осы заманғы басқарушыларсыз біз инновациялық экономика құра алмаймыз. Демек, барлық деңгейдегі техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға бағытталған тиісті шаралар қолдануымыз шарт» деген талап қойды Елбасы. Бүгінде Тұңғыш Президенттің осы тапсырмасын ұстанған еліміздің білім саясаты әлемдік аренадан өз орнын нақтылауда. Себебі, білімді де білікті маман-кадр­лар экономиканы қарқынды дамытуда ма­ңыз­ды ресурс болып табылады.  
Тәуелсіздік жылдарындағы отандық білім беруде жинақталған тәжірибені талдап қарасақ, еліміздің білім беру жүйесі әлемдік стандартқа біршама жақындап қалғанына нақты деректер көз жеткізеді. Осы  үдерістің бүгінге дейінгі  нәтижелі атқарылып келуіне, әлбетте, Елбасының әр жылдардағы еңбектері, әсіресе, оның Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауларындағы білім саласына қатысты берген тапсырмаларының рөлі зор. Елбасының елі­міз­­дің білім жүйесінің сапасын арт­тыруға, стра­те­гия­лық міндеттерін ше­шу­ге бағыт­­тал­ған түбегейлі қайта өзгер­ту­лер­дің қажет­тілі­гін көрсеткен инн­ова­ция­лық ой-пікірлері мен мем­­ле­кеттік стратегиялық бағ­дар­ла­малары негізгі ғылыми-теория­лық, ғылы­ми-әдістемелік бағыт-бағдар болып шықты. Ол реформалар еліміздің білім беру саясаты мен оның жүйесін қалыптастыруға мол мүмкіндік берді. 
Ашып айтуымыз керек, әлеуметтік сала Елбасының әрдайым басты назарында болды. Соның бірі —  2007 жылы қолға алған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы. Бұл бірегей, байыпты бағдарлама болды. Тәуелсіздік алып, өз қолы өз аузына жеткен жас мемлекеттің бірінші кезекте тұрмысын түзеу Тұңғыш Президенттің президенттік те, перзенттік де парызы болды. Ол кезде расында да шалғай ауылдар түгілі облыс орталықтарында білім ұялары мен ауруханалар жетіспейтін. Ол кезде қазына қаржысы да қазіргідей қомақты емес еді. Құрылыс та қарқынды болды деп айта алмаймыз. Сондай қиындықтарға қарамастан Елбасы тәуекел етіп, тас жұтты. Капиталды білімге, денсаулық сақтау саласына бағыттады. Бұл құптарлық қадам-тұғын. Елімізде кеңінен өріс алған қозғалыстың сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы мен Шымкент қаласына да шарапаты тиді. Жер-жерде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде көптеген білім ұялары мен медицина мекемелерінің құрылыстары қарқынды  жүре бастады. Бұл маңызды нысандарды Үкімет, облыс әкімдері және барлық деңгейдегі әкімдер үнемі бақылауында ұстап отырды. Араға көп жылдар салмай бағдарлама өзінің жемісін берді. Мұғалімдер мен оқушылар, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері жаңадан салынған типті мектептер мен медициналық мекемелерге қоныстанды. Әрине, бір мақалада оның барлығын атап өту шарт та емес шығар. Сол жылдары аталмыш бағдарлама аясында өңірде 39 мектеп пен 7 аурухана салынды.  «Қазығұрт» шағынауданындағы №86 мектептің ашылуына Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысқаны әлі есімде. «Нұрсәт» шағынауданында қаладағы 3 емхананың ел игілігіне берілуіне Елбасының тікелей өзі мұрындық болды. Сондай-ақ, қан орталығы, залалсыздандыру орталығы, облыстық балаларды оңалту орталығы, «Мейірім», «Ана мен бала», Түркістан қаласында 2 балалар ауруханасы, Леңгір қаласында емханасымен аурухана пайдалануға берілді. Таяуда «Оңтүстік Қазақстан» газетінен оқып қалдым, үшінші мегаполис пен Түркістан облысының аумағында 78 мектеп салыныпты. Ал, апатты мектептерді жою, үш ауысымды білім ұяларын ең кемі екі ауысымға ауыстыру осы байыпты бағдарламаның заңды жалғасы іспетті. 

Саттар ҚУАШБАЙ, 
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері.
Пікір қалдырыңыз