Заманды тани білген, болашақты болжай білген

2011 жылдың 10 желтоқсанында ҚР Парламенті Сенатының отырысында 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні мерекесі болып белгіленіп, қол қойылды. Мемлекеттік деңгейде аталып өтілетін бұл мерекенің маңызы ерекше, мағынасы тереңде. 1991 жылдың 1 желтоқсанында тұңғыш рет елімізде Президент сайлауы болып өтті. Бүкілхалықтық сайлауда дауыс берушілердің 98,7 пайыз даусына ие болған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел Президенті атанды. Дәл сол жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялады.

Содан бергі уақыттарда еліміз талай белестен өтті. Сол белестерден сындарлы саясатының арқасында сүріндірмей алып шыққан Елбасы үлкен құрметке ие. Бұл жол, әрине, оңай болған жоқ. Бұған үлкен қажыр-қайрат пен біліктіліктен бөлек, алысты болжай білетін көрегендік қасиет те керек еді. Сол қасиеттердің барлығы бойынан табылған Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанды бүкіл әлем мойындаған мемлекеттер қатарына жеткізді.
Тұңғыш Президенттің бастамасымен атқарылған игі іс-шаралардың бірі – Қазақстан Республикасының ұлттық рәміздерінің бекітілуі. Сонымен қатар ұлттық валюта – теңгеміз айналымға шықты. Мұнан бөлек, шетелдерде жүрген қандастарымыз өз Отанына оралды. Кейінгі толқын жастарға арналған «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асырылды. Осы бағдарламаның арқасында қазақ жастары шетелдердегі таңдаулы жоғары оқу орындарында білім алды. Ең бастысы, Елордамыз – Астана қаласы сән-салтанаты жарасқан ғажайып шаһарға айналды.
Н.Назарбаевтың бастамасымен тәуелсіз қазақ елінде дүниежүзілік деңгейдегі іс-шаралар жүзеге асты. 1991 жылдың күзінде 40 жылдан астам уақыт бойы адамзат баласына ажал сеуіп, ауру арқалатып келген Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. 459 ядролық жарылыс өткен бұл полигон Елбасының арнайы Жарлығынан соң қызметін мәңгіге тоқтатты. Туған елінің тыныштығын, адамзаттың қауіпсіздігін ту еткен Н.Назарбаев Америка Құрама Штаттарының, Ресейдің, Францияның президенттерімен ұзақ та күрделі келіссөздер жүргізіп, 1994 жылы ядролық қаруды Қазақстаннан аластауға келісті. Бұл біз үшін өтеуі қымбат келісім еді. 1995 жылы соңғы ядролық қару қазақ елінен әкетілді. Осылайша адамзат тарихында тұңғыш рет жойқын қарудан ерікті түрде бас тартқан мемлекет пайда болды.
1997 жылдан бастап Елбасы Жолдауын халқымыз асыға күтетін болды. Себебі, әр Жолдауда елдің әлеуметтік проблемалары шешімін тауып жататын. Өйткені, Елбасыны бүгінгі жағдайымыз ғана ойландырып қоймады, елдің ертеңі, ұрпағымыздың болашағы да толғандырды. Тұңғыш Президент өз Жолдаулары арқылы елдің болашағына нақты бағыт-бағдар, айшықты жол көрсетіп берді. 
Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан–2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы еліміздің алдына жаңа мақсат қойды. Ол – әлемнің дамыған отыз мемлекетінің қатарына кіру. Қазақ елінің 2050 жылға дейінгі даму бағыттары айқындалған Жолдаудың тарихи маңызы өте зор. Бұл мемлекет өмірінің, қоғам мен экономиканың барлық тараптарын одан әрі жаңғыртудың ауқымды бағдарламасы болып табылады. Елбасының «Қазақстан жолы–2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы бойынша Президенттің жалпыұлттық идеясы – болашақ табыстардың негізі екені баса айтылды. Ең бастысы – еліміздің рухын көтеретін, ұлы мақсаттарға жетелейтін «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы жарияланды. «Мәңгілік ел» идеясы арқылы Елбасы қазақ халқының алдына үшін маңызды міндет қойды, ол – сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру және іске асыруды жалғастыру. Осы міндет аясында қағазбастылық пен құжат айналымын азайтып, жергілікті билік өкілдерінің халық алдындағы жауапкершілігін арттырып, жергілікті жерлердегі басқару органдарына дербестік беру қолға алынды. Осының барлығы дамыған 30 елдің қатарына кіруімізге жаңа серпін беретіні сөзсіз.
1 желтоқсанды Тұңғыш Президент күні ретінде атап өту арқылы жас ұрпаққа тәуелсіз еліміздің тарихын, оның қалыптасу жолындағы Елбасы атқарған сансыз істерді танытуға болады. Билік тізгінін қолына ұстаған жылдардағы Президентіміздің жарқын келбетін, биік болмысын, кемел дарынын, ел басшысы ретіндегі көсемдік қасиеттерін бүгінгі ұрпақ  жақсы білуі керек.
Сенімді ақпарат мұндай мереке тек біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемдік тәжірибеде бар үрдіс екендігін айтады. Мәселен, АҚШ-та ақпан айының үшінші дүйсенбісі Президент күні ретінде мерекеленеді. АҚШ-тың тұңғыш президенті Джордж Вашингтонның құрметіне тойланатын бұл мереке 1855 жылдан бері АҚШ-та жалпыұлттық деңгейде аталып өтіледі. Ал, Исландия елінде бұл күн мемлекеттің бесінші әрі қазіргі президенті Олавура Рагнара Гримссонның құрметіне мемлекеттік дәрежеде 14 мамырда тойланады. Португалдардың бодандығынан Анголаға тәуелсіздік алып беру үшін аянбай күресіп, мақсатына жеткен Агоштинью Нету 17 қыркүйекте дүниеге келген. Сол себепті Ангола мемлекеті елдің негізін қалаушы президенттерінің құрметіне Президент күнін 17 қыркүйекте мерекелейді.
«Мен үшін елімді дамыған елдердің сапына тұрғызып, санатына қосудан үлкен мақсат жоқ! Қазақтың өзінің ұлттық қасиеттерінің қайта қалыптасуына қамқорлық жасау – менің президенттік те, перзенттік те парызым» деген еді Нұрсұлтан Әбішұлы.
«Қазақ елі» монументінің төменгі белдеуіндегі тас тұғырда төрт қола барельеф орналасқан. «Халық және Тұңғыш Президент» барельефінің дәл ортасында Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың Ата Заңға оң қолын қойып, Ант қабылдап тұрған рәсімі бейнеленген.
Бүгінде Қазақстан кемел ел, ынтымағы жарасқан мемлекетке айналды. Тарихта жеке адамның рөлін ешкім жоққа шығара алмайды. Н.Назарбаев – уақытын безбендеп, заманын таныған, болашақты болжаған ірі саясаткер. Елдің басшысы қандай болса, халқы сондай. Н.Назарбаев – ұлы тұлға! Оны әлем мойындап қойған. Демек, дүниеге осындай перзент әкелген қазақты ұлы халық деуге әбден негіз бар.
«2003 жылы қажылыққа барғанда, өз еліме, халқыма, қазағыма Алланың шапағатын тіледім» деген  Елбасыға осы жылдың 15 маусымында  «Ұлт Көшбасшысы» мәртебесі берілді. Белгілі британ жазушысы, саясаткер Дж.Айткеннің «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның қалыптасуы» атты кітабы әлем оқырмандарынан өзінің лайықты бағасын алды. Елбасы құрметіне Иорданияның астанасы Амман қаласында көше берілуі, Түркияның Анкара қаласында ескерткіш ашылуы – Нұрсұлтан Назарбаевтың дүние жүзі елдерінің арасында беделінің жоғары екендігін көрсетеді. Біз ұлтымыздың абыройына айналған Тұңғыш Президентіміз үшін мақтана аламыз. Қазақтың құлан жортса тұяғы тозатын, қыран ұшса қанаты талатын  ұлан-байтақ жері бар, сол елді бүгінгі әлемге танытқан – Елбасы.
Мемлекеттігімізді нығайтып, оны күрделі кезеңнен аман алып шыққан Елбасының өнегелі өмірі бәрімізге үлгі.

Саясат бөлімі.



Пікір қалдырыңыз