Ауғанстанды аштық буып тұр...

Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».

Біріккен Ұлттар Ұйымының бағалауы бойынша, 23 миллион ауғандық аштықтан көз жұмуы мүмкін. Тұрғындардың 95%-ы тойып тамақ ішпейді. «Талибанның» ресми өкілі Сухейль Шахиннің айтуынша, ауған халқы Батыстың кесірінен жапа шегіп отыр. «Олар елдің құлдырап жатқанын, ашаршылық алдында тұрғанын айтуда – бұл қайғылы жағдайдың алдын алу үшін бірдеңе істесін. Адам құқығы туралы айтып жүрген елдер, халықаралық қоғамдастықтар Ауғанстанды гуманитарлық дағдарысқа әкелетін әрекеттерін тоқтатсын» деді Шахин.

Асқа жарымай отырғандардың дені – ауылдықтар
                                      
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев биылғы «Астана клубы» отырысында осы тамыз айында Алматыға БҰҰ-ның Ауғанстанға жәрдем көрсету жөніндегі миссиясы қызметкерлерінің көшіп келгенін айтқан. «БҰҰ да Ауғанстанға гуманитарлық көмек жеткізу үшін Алматыда халықаралық логистикалық хаб құру бастамамызға қолдау көрсетті. Қазан айының ортасында делегациямыз Ауғанстанға барып, ауған халқына 5 мың тонна қазақстандық ұн жеткізді. Халықаралық донорларды Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетуге және оны қалпына келтіруде Қазақстанды белсенді пайдалануға шақырамын. Осы тұрғыда менің Алматыда БҰҰ-ның Ауғанстанды оңалту халықаралық орталығын құру идеямның өзектілігі арта түседі. Қазақстан БҰҰ тетіктері арқылы ауған халқына азық-түлік жеткізу көлемін арттыруға дайын. Осы орайда Қазақстанда құрылған «KazAID» халықаралық даму агенттігін қарқынды іске қосу қажет»  деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми өкілі Маргарет Харрис жуырда өткен брифингте жыл соңына дейін Ауғанстанда кем дегенде бір миллион бала тамақтанбау салдарынан қайтыс болуы мүмкін екендігін айтты.
«Ауғанстанда дұрыс тамақтанбау денсаулық саласы үшін үлкен сынаққа айналуда. Жыл соңына дейін 5 жасқа дейінгі 3,2 миллион бала аштықтың ксалдарынан жапа шегуі ықтимал. Олардың кем дегенде бір миллионы емделуге келмей, өліп кету қаупі бар» деді Харрис. Ол қазіргі уақытта Ауғанстанда жүр.
Оның айтуынша, ДДҰ Ауғанстанның 23 ауылындағы 47 медициналық мекемеге балалардың дұрыс тамақтанбауын емдеуге қаражат жіберді, бірақ бұл теңізге құйған тамшыдай ғана.
Ауғанстанда ішер асқа жарымай отырғандардың дені ауыл тұрғындары. Өйткені биылғы қуаңшылықтан елдегі егістік алқаптары күйіп кеткен. Бұған қоса малдың да қырылуы мүмкін. Сол үшін ауылды жерлерде тұратындарға шұғыл көмек қажет. Айта кетейік, бүгінге дейін ауылдық жерде тұратын 400 мыңнан астам ауған азаматы үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.
Биыл тамыз айында ел билігін тәліптер басып алғаннан кейін Ауғанстан халқы Еуропа елдерінен, сондай-ақ Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорынан келетін көмектен айырылды. Мұның соңы елде азық-түлік бағасының шарықтап кетуіне алып келді. Оның үстіне соңғы төрт жылда екінші рет болған қатты құрғақшылық та әсер етті. БҰҰ-ның мәліметі бойынша, ауған отбасыларының бес пайызы үшін ғана азық-түлік қолжетімді болып отыр.
Женевада қыркүйек айында өткен конференцияда халықаралық қауымдастық ауғандарды қолдауға бір миллиард доллардан астам қаржы беруге уәде етті. Бұл қаржының үштен бірі Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасын жүзеге асыруға жұмсалуы тиіс. Алайда, сол бөлінген ақшаның бір бөлігі ғана алынған.

ЮНИСЕФ неге алаңдаулы?

БҰҰ Балалар Қоры (ЮНИСЕФ) Ауғанстандағы балалардың қатысуымен неке санының өсуіне алаңдаулы. «Мен Ауғанстандағы балалар некесінің өсіп келе жатқандығы туралы хабарларға қатты алаңдаймын... Біз 20 күндік қыздарын болашақ неке үшін садақа орнына ұсынатын отбасылар туралы сенімді ақпарат алдық» деп мәлімдеді ұйымның атқарушы директоры Генриетта Форд..
ЮНИСЕФ атап өткендей, Ауғанстанда ерте неке сияқты кең таралған құбылыс үйдегі зорлық-зомбылық пен әйелдерге қатысты кемсітушілікке, соның салдарынан психологиялық проблемаларға әкелуі мүмкін. Ұйымның бағалауы бойынша, 15 пен 49 жас аралығындағы ауған әйелдерінің 28%-ы 18 жасқа толғанға дейін күйеуге шығып үлгереді.
Сондай-ақ, Ұйым Ауғанстан билігін ең осал ауған отбасыларын қолдауға және қорғауға ықпал етуге шақырады. ЮНИСЕФ-тің пікірінше, Ауғанстандағы қолайсыз экономикалық жағдай көптеген отбасыларды қыздарды ерте жастан күйеуге беруге немесе балаларын жұмысқа жіберуге мәжбүр етеді.
Әйелдерге қатысты кемсітушілік демекші, Ауғанстанда билікке келген «Талибан» қозғалысы әйелдердің көпшілігіне гуманитарлық салада жұмыс істеуге тыйым салды және бұл елдегі жалпы дағдарысты күшейтті.  «2021 жылғы 28  қазандағы мәліметтерге сәйкес, Ауғанстанның 34 провинциясының үшеуінде ғана Талибан әйелдерге гуманитарлық салада жұмыс істеуге рұқсат беретін жазбаша келісім берді. Елдің көп бөлігінде әлеуметтік қызметкерлер қатаң шектеулерге тап болды. Мысалы, оларды ер отбасы мүшелері ертіп жүруі керек, бұл олардың жұмыс міндеттерін тиімді орындауын қиындатады немесе мүмкін емес етеді» делінген Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының есебінде.
Бірқатар провинцияларда әйелдерге тек халықтың қажеттіліктері туралы ақпарат жинауға рұқсат етіледі, бірақ көмекті бөлуге қатысудан шеттетіледі. Басқа провинцияларда оларға тек білім беру және денсаулық сақтау жобаларында жұмыс істеуге рұқсат етілді. Құқық қорғаушылардың айтуынша, Талибан негізінен гуманитарлық саладағы әйелдерге арналған жұмыс ережелерін ауызша түсіндіреді. Жазбаша нұсқаулардың болмауы кейбір қозғалысқа қатысушылардың әйелдерді қудалауын ықтимал етеді.
Бұған дейін ЮНИСЕФ-тің Ауғанстандағы өкілі Салам Әл-Джанаби 2021 жылдың басындағы елдегі жағдай әлемдегі ең қолайсыз жағдайлардың бірі екенін айтқан болатын. Болжамдарға сәйкес, ауған халқының гуманитарлық қажеттіліктері көбейген үстіне көбейе түсуде.
Ресей қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев «Болжамдар бойынша, қазіргі уақытта Ауғанстанда жалпы саны 23 мыңнан астам содырлардың 20-дан астам террористік құрылымы жұмыс істейді» дейді.
    
Сыбайлас жемқорлық тәліптерге жеңіс әперді

Сыбайлас жемқорлық мәселесімен айналысатын ауған белсендісі Вахидулла Азизи талибандардың билікке келуінде сыбайлас жемқорлық маңызды рөл атқарғанын айтады. «Ауғанстандағы азаматтық соғыс басталғанға дейін сыбайлас жемқорлық өте жағымсыз құбылыс ретінде қабылданды... Бірақ соңғы 20 жыл ішінде сыбайлас жемқорлық ауғандықтар қызмет көрсеткені үшін пара бере бастаған кезде өзінің жиіркенішті қырын көрсетті» деді Азизи.
Браунов университетінің «соғыстардың құны» жобасына сәйкес, АҚШ Ауғанстанға 2,26 триллион доллардан астам қаражат жұмсады.
Азизи сыбайлас жемқорлықтың басты себептерінің бірі ауғандықтардың АҚШ инвестициялары үшін күресі болды деп санайды, елге көп ақша келген соң барлығы байып кетуге тырысты, бірақ мұны бақылайтын механизм болған жоқ.
Оның пікірінше, мұндай ақшаны соғыс ылаң салған елге әкелу АҚШ-тың Ауғанстандағы саясатының қателігі болды.
«Менің ойымша, Батыс бұған ішінара кінәлі, өйткені жауапкершілік деңгейі төмен, соғыс ылаңы бар елге ақша беруге болмайды»  дейді белсенді.
Ол Батыс елдері Ауғанстан үкіметіне бұл қаражатты қалай дұрыс пайдалану керектігін үйретуі тиіс еді дейді.
Белсенді атап өткендей, кейіннен АҚШ инвестицияларының көпшілігі американдық корпорацияларға оралды, олар Ауғанстандағы әртүрлі жобаларға келісім-шарттар алды.
Азизи Ауғанстанның бұрынғы үкіметіндегі сыбайлас жемқорлық тәліптердің елді басып алуына басты себеп болғанына сенімді, өйткені үкімет күштерінің күресуге қауқары жоқ.
«Бұл әскери жеңіліс емес еді, өйткені сарбаздар соғысқан жоқ. Менің ойымша, сарбаздар: «мен кім үшін күресемін, үкімет менің тамағымды, жанармайымды немесе киімімді ұрлауда» деген болулары керек», - деді Азизи.
Сонымен қатар, ол Ауғанстанның бұрынғы президенті Ашраф Ғани негізгі әскери лауазымдарға батыстық білімі бар және шетелден келген әскери қызметшілерді тағайындағанын айтады, бұл Азизидің пікірінше, тәжірибелі офицерлердің сеніміне нұқсан келтірді.
Пікір қалдырыңыз