«Вакцинация – коронавирустан құтылудың жалғыз жолы емес!»

Марат ДӘУМЕНОВ,
Қостанай облыстық «Қан орталығы» директорының міндетін атқарушы:


Алдымен ғимараттағы ауаны тазарту керек

– Марат Дүйсенханұлы, көпшілік өзіңізді қан қызметі саласының маманы ретінде жақсы біледі. Осымен төртінші аймақтың қан орталығында қызметтесіз, елімізде бұл саладағы ең өзекті мәселе қандай?
– Әрине, біліктілік пен тәжірибем қай аймақта қажет болса, сол жерге көмегімді беруге тырысамын. Мен сияқты мамандарды кризис-менеджер деп те атайды.
Қан қызметіндегі өзекті мәселеге келетін болсақ, ол қан донорының ресурсын үнемді және ысырапсыз, тиімді қолдану болып табылады. Донорлық қан компоненттері мен жасушаларын әртүрлі апаттан жарақат алып, қансырап, зардап шеккендерге және онкология, гинекология, гематология салаларындағы науқастарға әлі де қолданып келеді. 
Қазіргі күнде қан қызметінің ЕҢ өзекті де БІРІНШІ мәселесі – донорлық плазманың дәрілік препараттарға (альбумин, иммуноглобулин, XII, XIII, IX факторлары, т.б.) ӨНДЕЛМЕУІ. Бұл бір шешімін таппай келе жатқан үлкен проблема болып тұр. Егер осыдан екі жыл бұрын донор плазмасы Алматы қаласындағы республикалық қан орталығының өндірістік бөлімінде дәрілік препараттарға өңделсе, қазір бұл өндірістік бөлім ескіріп, жұмысын тоқтатты. Кезінде Өскемен, Қарағанды қалаларындағы қан орталықтарында донор плазмасын дәрілік препараттарға өңдейтін шағын өндіріс бөлімшелері болған. Бұл өндіріс бөлімшелері де жаңа стандарттардың талабына сай болмағандықтан, жабылып, жойылды. Керекті өндіріс зауыты Қазақстанда жоқ деп айтуға болады. Көршілес елдерде де заманауи зауыт жоқ. Оларда тек (мысалы, Ресейде) әр қан орталықтарында донор плазмасын дәрілік препараттарға өңдеу бөлімшелері ғана бар. Мен 2006 жылы Астана қаласының қан орталығының жаңа жобасымен айналысқан болатынмын, сол жобада айтып отырған донор плазмасын дәрілік препараттарға өңдеуге заманауи зауыт салу қарастырылған еді. Кейін оңтүстікте балалардың жаппай дертке (СПИД-ке) шалдығуына байланысты осы мәселені шешу жұмыстарына мені шақырып, Шымкент қаласына келдім. Сол кезде жобада қарастырылған заманауи зауытпен жекеменшік кәсіпкерлер айналысады деген себептермен бұл жобаны күн тәртібінен алып тастапты. Енді, міне, бүгін не зауыт жоқ, не басқа елмен донор плазмасын дәрілік препараттарға өңдеуге келісімшарт жоқ. Жиналған донор плазмасын қайда сақтап, қайда жіберерімізді білмейміз. Өйткені, донор қанын компоненттерге бөлген кезде, міндетті түрде плазмасын бөліп аламыз. Плазманың жартысы медицина ұйымдарының талабынша емдік мақсатта жұмсалады да, қалғаны дәрілік препараттарға өңделуі керек. Жоғарыда көрсетілген препараттар медицина ұйымдарының жоғары сұранысына ие. Қазіргі күні қымбат препараттар шетелдерден сатып алынады.
– Қазір Қостанайдасыз, бұған дейін облыстық аурухана бас дәрігерінің жұқпалы аурулар жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, коронавирус жұқтырған науқастармен тікелей жұмыс жүргіздіңіз. Маман ретінде айтыңызшы, бұл індетке тоқтам бола ма? 
– Әлбетте, тоқтам болады. Көзін таба білсең, кез келген проблеманың шешімі бар. Құдай қандай да бір сынақ берсе,  оның шешімін де қоса береді. Қалай болса да үлкен проблеманың шешімі бір қарапайым ғана шарада болады.
– Сіздің әріптестеріңіз вирустың жабық ғимараттарда ауада сақталып қалатынын, жұғу қаупі өте жоғары екенін түсіндірді. Вирусты жоюдың дезинфекциядан басқа амалдары бар ма?
– Бар. Дезинфекция жалпы қолданылатын әдістеме ғой. Алдыңғы қойылған сұрағыңызға да байланыстыра айта кетейін. Бұл сұрағыңыз үлкен жеке тақырып. COVID–19 вирусының қанды ұйытады дегені болмаса, қан қызметінің тақырыбына қатысы жоқ. Дегенмен, медицина маманы ретінде бұл вирус жайлы бірер жағдайды ашып айтып өтейін.  
Бәрімізге мәлім, вирус ауа арқылы жұғады. Әсіресе, адам көп келетін емхана, аурухана, балабақша, мектеп, оқу орындары, қоғамдық көліктер, ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар мен спорт кешендері секілді орындарда вирустың жұғу мүмкіндігі өте жоғары. Ал, біз осындай жерлердің ауасының сапасы мен қауіпсіздігіне аса көңіл бөле қоймаймыз. Маска кию керек, ара қашықтықты сақтау керек, вакцина алу керек, ауа тазарту және алмастыру құралдары мен инженерлік жүйелерді қолдану керек. Осы ғана. Бұл шаралар да маңызды. Бірақ, бұлар ауаны қажетті деңгейде тазарта ма? Ал, бізде ауаның сапасын әлі ешкім тексеріп жатқан жоқ. 
Мен – антиваксер емеспін! Вакцинация шарасын қолдаймын. Бірақ, вакцинация коронавирустан құтылудың жалғыз жолы емес. Бұл – қате түсінік. Вакцинаны ойлап тауып, шығарғандар мен отандық ғалымдардың алдында басымды иемін. Бірақ, вакцинация – кешегі ғасыр! Қазір – ХХI ғасыр, жоғарғы технологиялар ғасыры! Бүгінгі күнде ауамен тарайтын инфекцияны басқаруға болады. Жаратқанның өзі жер мен көктің арасындағы ауаның сапасы мен қауіпсіздігін әуедегі қар, жауын-шашын, бұлттану, күн күркіреу мен найзағай сияқты табиғи құбылыстар арқылы, мұны озон қабаты, аэроиондар мен сутек қышқылдары, оттегі секілді элемент-заттармен қамтамасыз ете отырып реттеуді жаратқан. Орман, тау шатқалдары мен  теңіздердегі ауа ерекше болады. Өйткені, онда ауада аталған элемент-заттардың мөлшері көп болады, қаладағыдай ауа сапасын бұзатын процестер жоқ. Қазіргі жоғары технологиялардың көмегімен жабық ғимараттар ішінде де әр адам осындай физикалық табиғи құбылыстарға қол жеткізе алады. Технология ауаны тазартып, залалсыздандырып қана қоймай, емдік функциясын да атқарады. Ауа тазартатын технологиясы бар аппараттар әлдеқашан қолданысқа енген.  Яғни бізге дәл қазір вакцинациядан гөрі ғимараттардағы ауаны тазартуға көңіл бөлу маңызды.
Бұл технология туралы бір жерден оқып алып айтып отырғаным жоқ. Соңғы 10 жыл шамасында осы технологиясы бар аппараттардың түр-түрін қолданып, тәжірибе жинап, адам ағзасына пайдалы екеніне көз жеткізген соң  айтып отырмын. Жұқпалы аурулар орталығында істеп жүріп осы аппараттарды жүкті әйелдерді емдеуде қолдануда  оң нәтиже көрсеткеніне тағы бір көзіміз жетті. Вакцинамен адамды инфекциядан жарты не бір жыл қорғасақ, айтылған технологиясы бар аппараттармен жүздеген, мыңдаған халықты жылдап қорғауға болады. Заманымызға сай технологияларды қолданғанда, мұндай экономикалық және әлеуметтік дағдарыс пен күйзеліске бәлкім тап болмас па едік?! Бұл мәселе жеке келесі бір тақырып болар.

Оңтүстік адамдарының қаны қою келеді

– Білуімізше, сіздің кандидаттық диссертацияңыз Оңтүстіктегі донорлардың агрегаттық күйінің бірқатар ерекшелігі мәселесіне арналған. Ғалым ретінде түсіндіріңізші, қанның тобына, құрамына өскен не өмір сүріп жатқан өңір қаншалықты әсер етеді? 
– Шынында, кейбір ғалымдар адамға қан тобына байланысты мінездеме беріп жатады. Сол сияқты адамның қан құрамына жеген тамағы мен ішкен суы да әсер етеді. Зерттеу нәтижесі бойынша, оңтүстік аймақ халқының қаны қою келетіні анықталды. Қарапайым тілмен түсіндіретін болсам, оның себебі ыстық және құрғақ климат пен майлы тағамдармен қоректенуге байланысты деп шештік. Ыстық аймақта адам ағзасынан, денесінен су тез азайып, жойылады. Майлы, қуырылған тағамдар ас қорыту жүйесінде баяу немесе ұзақ ыдырайды. Кезінде ата-бабаларымыз да мұндай тағамдарды көп қолданғанымен, оның қорытылып, ағзаға сіңуіне қымыз-қымыран сияқты сусындармен көмектескен, я болмаса, үнемі іс-қимылда болған, яғни көбірек ат үстінде жүрген. Қазіргі уақытта ыстық климаттың салдарынан қымыз-қымыранның орнына мұздатылған түрлі сусындарды қолданады. Оның үстіне қимыл-қозғалыс аз, көлік көбейген сайын жаяу жүру қалды. Тұрмыстық техникалар үй шаруасын әбден жеңілдетіп жіберді. Осының бәрі астың қорытылуына, қанның құрамына үлкен әсерін тигізеді. Сондықтан донорлықтан шеттетудің де бір себебі осында жатыр.
– Қазақстанда қанға донор тапшылығы бар ма? Қанның қай тобы тапшы?
– Қан донорлары соншалықты тапшы деп айта алмаймын. Халықтың біршамасы осы іс-шараға жауапты қарайды. Сол үшін алғысымды білдіремін. Дегенмен, резус факторы (Rh-) теріс қан тобы көбінесе тапшы болып келеді. Өйткені, әлемде адамзаттың 15%-ында ғана резус фактор теріс. Осындай донорларға қажеттілік жиі туындап тұрады. Сол себепті резус факторы теріс адамдарды үнемі уақытында қан тапсырып тұруға шақырған болар едім. 
– Ал, қан қызметі саласында кадрлық тапшылық бар ма?
– Кадрлардың тапшылығы бар. Қан қызметі өзі негізінде медициналық және фармацевтикалық өндіріс саласына жатады. Қызмет клиникалық және өндірістік трансфузиология болып екіге бөлінеді. Қан компоненттері мен жасушаларын (эритроцит, тромбоцит, лейкоцит, гранулацит) сапалы жоғары технологиялы аппараттармен өзіміз өндіріп аламыз. Донорлық плазманы дәрілік препараттар үшін (альбумин, иммуноглобулин, XII, XIII, IX факторлары т.б.) зауыттарда өндіреді. Біздің салаға мамандар арнайы дайындалмайды.
Сондықтан өз базамызда терапиялық немесе хирургиялық мамандардың арасынан қайта мамандандырылу, біліктілігін жоғарылату жүйесі бойынша өзімізге маман дайындап аламыз. Донор плазмасын препараттар үшін өндіру саласында мамандар жоқтың қасы.
– Қайта-қайта қан тапсыру донордың денсаулығына зиян емес пе?
– Қан тапсырудан зиян жоқ. Керісінше, ағзаңызда қан жаңарып отырады. Күш-қуатыңыз артып, иммунитетіңіз күшейеді. Мұны қан донорлары жақсы біледі. Сонымен қатар, науқас адамға өмірге деген үміт сыйлағаныңыз үшін рухани қанағаттанып, керемет бір сезімде боласыз. Осындай рухани құндылығы мол іс-шара бәрімізге пайдалы деп ойлаймын.
– Коронавируспен ауырған адам донор бола ала ма?  
– Егер де адам жеңіл түрімен ауырып, пневмония қосылмаған болса, өзін-өзі жақсы сезініп, күш-қуатты болса, ешбір клиникалық симптомдар болмаса, арасына бір-екі апта өткізіп қан тапсыруына болады. Егер де адам вирусты пневмониямен қатар ауыр түрде ауырған болса, донорлықтан кемінде алты айға шеттетіледі.

Адамнан бес дипломы болса да, қолынан келмейтін жұмысты талап етпеу керек

– Отандық донорлардың міндеттері мен құқықтары қандай? Олар қалай таңдалады? Қазақстандықтарды қан тапсыруға қалай ынталандыруға болады?
– Донор болу, меніңше, әлеуметтік міндет пен үлкен жауапкершілік. Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексі мен Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарына сәйкес қан донорларының міндеттері мен құқықтары белгіленген. Қысқаша айтып өтейін. Мысалы, қан донорлары қан тапсырар алдындағы медициналық куәландыру, іріктеу кезінде жұқпалы инфекциялық немесе созылмалы ауру барын немесе өткен шақта ауырғанын, қандай себептермен дәрілік препараттар қолданатынын, диспансерлік есепте тұрған-тұрмағанын жасырмай айтуға міндетті. Донорлық анкетасын толтырғанда жалған ақпарат беруге болмайды және ол үшін заң жүзінде жауапқа тарту қарастырылған.
Қан мен оның компоненттерiн тапсыруға келiсiм берген азамат бұрын ауырған ауруы және зардап шегетiн ауруы туралы, сондай-ақ есiрткi құралдарды, психотроптық заттар мен прекурсорларды пайдалануы туралы өзiне белгiлi мәлiметтердi хабарлауға мiндеттi. Қан мен оның компоненттерiн оның пайдалануына кедергi келтiретiн мән-жайларды донордың жасыруы Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген жауапкершiлiкке әкеп соғады.
Донорлардың құқықтарына келетін болсақ, біріншіден, ерікті қан доноры болуға және әр донор қан тапсыру туралы толық мәлімет алуға құқығы бар. Қан тапсыру процесі барысында кез келген мезетте тоқтатып, қан тапсырудан бас тартуға құқылы. Донорға қан тапсырған күніне қосып және бір күн демалыс беріледі. Немесе донорлық анықтама бойынша заңды түрде еңбек демалысына екі демалыс күн қосуына болады. Меншігіне қарамастан барлық жұмыс берушілер донорлық анықтама бойынша донорға қосымша екі күн демалыс беруге құқылы.  
Донорларды таңдауға келсек, донорлыққа дені сау адамдардың ішінен ең сауы таңдалады. Жасы 18-ден асқан кез келген Қазақстан азаматы донор бола алады. Қан донорлығына үміткер ҚР ДСМ бұйрығының талаптары бойынша медициналық куәландырудан және лабораториялық тексерістен өтеді. Үміткер алдымен анкета толтырады. Анкетада қан арқылы жұғатын инфекциялық (гепатит В, С, ВИЧ, сифилис) немесе басқа да аурумен ауырғанын, жасалған хирургиялық оталарын жасырмай көрсетуі керек. Диспансерлік есепте тұратынын, созылмалы ауруға немесе басқа да себептерге байланысты дәрілік препараттар қолданатынын да  белгілеуі тиіс. Осыдан соң үміткерді тіркеу бөліміндегі қан қызметінде қолданатын «InfoDonor» ақпаратты жүйесіне тіркеп, суретке түсіріп, оған штрих-код беріледі. 
«InfoGrantum» ақпаратты жүйесінде басқа мекемелерде донорлықтан шеттетілу себебі бар арнайы есепте тұрмағандары анықталады. Осы кезеңде донорлықтан шеттетілу болмаса, келесі кезеңде үміткерді шағын лабораториялық тексеріске жібереді. Онда үміткердің гемоглобині, қан тобы мен резус факторы, эритроциттің кейбір антигені мен биохимиялық ALT көрсеткіштері анықталады. Бұл шағын лабораториялық тексерістен шеттетілусіз өткен үміткерге терапевт-дәрігер немесе трансфузиолог медициналық куәландыру жүргізеді. Дәрігер үміткерден ауру шағымдары мен тарихы бойынша толық мәлімет жинайды. Қан қысымын өлшеп, инструментальді байқау өткізіп, анкета мен шағын лабораторияның және медициналық куәландыру нәтижесін тұжырымдай отырып, донор картасы толтырылады. Жарамды донор картасында жалпы қан немесе оның компоненттері мен жасушаларын тапсыру көлемі көрсетіледі. Әр жарамды донор 450 мл. көлемінде қан тапсыра алады.
Халықты ынталандыру бойынша айтып өтер болсам, 14 маусым дүниежүзілік донор күні болып есептеледі. Жалпы халықтың ниеті жақсы. Қан компоненті немесе оның жасушасына  қажеттілік туындаған кезде хабарландыру жариялаған кезден-ақ донор болғысы келетіндер көптеп жиналады. Жыл бойына донорлық күндерді өткізуге арналған іс-шаралар жоспары құрылады, сол бойынша жастар ұйымдары арасында, әртүрлі органдар мен мекемелер арасында донорлық маусымдар өткізіледі. Сондай-ақ, қалаға жақын маңдағы ауылдарға да көшпелі жұмысқа шығамыз. Мұндай жұмыстарымызға арнайы қаржы бөлінбейді.
Менің ойымша, әр отбасында өздерінің белгілеген бір донор күні болса екен деймін. Донорлыққа жарамды адамның екі айда бір қан тапсыруына болады. Немесе донорларға қан жасушаларын екі аптада бір тапсыруларына болады. Азаматтар бала-шағаларымен бірге келіп, науқас мұқтаж жандардың өміріне үміт сыйлап, донор болып үлгі көрсетсе, бұдан артық ынталандыру бола ма?!  
– Бізде қан әзірлеуде қандай заманауи технология, әдістер қолданылады? Қазақстанда бұл саладағы жұмыстар қаншалықты дамыған?
– Донорлық қанның емдік қасиетін ешбір препарат алмастыра алмайтыны бәрімізге мәлім. Дегенмен, науқасқа да оның зияны тиіп кетпеуі керек. Сондықтан донорлық қан сапасының жоғары деңгейде болуына өте мұқият қараймыз. Қазақстан қан қызметі, қан дайындау сапасы жағынан әлемдегі елдердің алдыңғы қатарында. Қалай болғанда да ең қауіпсіз қан – ол  тұрақты, қан тапсыруға жауапкершілікпен қарайтын донордың қаны.
Есіңізде болса, 2006 жылғы оңтүстіктегі балалардың жаппай ВИЧ/ СПИД ауруын жұқтыру жағдайы орын алған еді. Соған байланысты сіздер жақта қан қызметінің жұмысын қалыпқа келтіру бойынша жұмылдыру жұмысына қатысып, Шымкент қаласының «Нұрсәт» шағынауданындағы қан орталығының мердігерлік жобасын жасап, басынан аяғына дейін басқардым. Сол кезде бірінші болып қан әзірлеу процесіне бүкіл жаңа технологиялар енгізілді. Сонымен қатар қан қызметін жандандыру мақсатында 2008-2010 жылдарға мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Соның нәтижесінде қан әзірлеу жұмыстары Қазақстанда жоғары деңгейде дамыды.
Осы жағдайдан кейін Қазақстанда барлық облыстарда жаңа қан орталықтары салынды. Қан қызметінде қолдануға арнайы «InfoDonor», «InfoGrantum», «InfoBlood» атты ақпараттық бағдарлама әзірленіп, қолданысқа енгізілді. Қан және оның компоненттері мен жасушаларының сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жоғары технологиялы лабораториялық және медициналық техникалар қолданылады. Бір реттік, сапасы жоғары медициналық материалдар қолданылады. Қанның инфекциялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында екі деңгейлік ПТР және ИХЛА лабораториялық тестілеуі өткізіледі. Иммунологиялық қауіпсіздік те жоғары технологиялы анализаторлар мен реагенттерді қолдану арқылы қамтамасыз етіледі. Өндірістік процесте қан компоненттері мен жасушаларының қауіпсіздігі лейкофильтрлеу, вирус тазарту және карантиндеу тәсілдерімен жүзеге асырылады.
– Жапонияда жұмысқа қабылдауда резюмеде адамның қан тобы маңызды пункт саналады. Қан тобы адамның мінез-құлқының көрсеткіші дейді. Ғалым ретінде бұған көзқарасыңыз қандай?
– Адамның мінез-құлқын кейбір ғалымдар өздерінің зерттеулерімен қан тобымен байланыстырып жатады. Оны жоққа шығарып, нақтылы баға беруге де болмайды.
Менің жұмысқа қабылдау тәсілім басқаларға қарағанда біраз өзгеше. Мен үшін үміткердің түйіндемесі негізгі рөл атқармайды. Жұмысқа қабылдау жүйесінде біз үміткердегі төрт факторға көңіл аударамыз. Бірінші, нәтижелі үміткер; екінші, мінез-құлық сапасы; үшінші, лауазымға несімен ынталануы; төртінші, білімі және оған құштарлығы. Ұжымда да осы факторлар бойынша тест жүргіземіз. Адамнан бес дипломы болса да, қолынан келмейтін жұмысты талап етпеу керек. Сондай-ақ, ұжымдағы жұмыс процесіне кері әсерін тигізетін бүлікші тұлғаларды да анықтай білген абзал.
– Марат мырза, осындай керемет әңгімеңіз үшін рахмет! Ал, ауа тазартуға арналған құрылғы туралы арнайы айтып бересіз деген үміттеміз. 

Сұхбаттасқан 
Гүлжамал МҰСАЕВА, 
«Ońtústik Qazaqstan».
Пікір қалдырыңыз