Бес айда 30 медаль!

Түркістан қаласында  «Олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебі»  мекемесінің құрылғанына небәрі 5 ай болды. Осынша қысқа мерзімге қарамастан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты осы мекеменің халықаралық, республикалық жарыстардағы нәтижелері көңіл қуантарлық. Спорт мектебінің сайыпқырандары осы аз ғана уақыт ішінде  4 алтын, 14 күміс, 11 қола медаль иеленіп үлгерді. Мекеме директоры Самат Рысбеков жыл соңына дейін өтетін додаларда көрсеткіштің бұдан да жақсаратынына сенімді.

Қоржынға алғашқы медальды самбошы қыз Перизат Жақыпбекова салды. Беларусь президентінің жүлдесі сарапқа салынған халықаралық турнирде Перизат күміс жүлдеге қол жеткізді. Жеңісті жолды балуан Абдувақаб Әлиқожаев жалғады. Ол Татарстан Республикасы президенті кубогінің қола жүлдегері атанды. 
«Жоғары спорт шеберлігі мектебі құрамына  қазақ күресі, белбеу күресі, джиу-джитсу, жауынгерлік аралас бірлестігі, жекпе-жек, кикбоксинг, самбо және әскери самбо сынды бірқатар спорт түрлері енген. Осы спорт түрлерінен мектепте үш жүзге жуық спортшы айналысады» дейді Самат Әкімбекұлы.
Украинаның Харьков қаласында панкратионнан өткен әлем чемпионатында мектеп спортшылары 1 күміс, 2 қола медаль еншіледі. Желтоқсан айында каратэ шотоканнан Мәскеуде өтетін әлем кубогы бәсекесіне 6 спортшы аттанбақ.

«Оңтүстік»-ақпарат.
Пікір қалдырыңыз