Адамдар ажалға неге асығады?

Дәулет Тұрсынұлы, «Ońtústik Qazaqstan».

Алматыда үш баласын тоғызыншы қабаттан лақтырып, артынан өзі секіріп өлген келіншекке қатысты қазір түрлі қауесет желдей есіп тұр. Бірі әлеуметтік қиындықтардың құрбаны болды десе, енді бірі күйеуінің отбасы алдындағы жауапкершілігіне күмәнмен қарайды. Қалай десек те, ажалға асығудың бір себебі болғандығы анық. Ал, құзырлы органдар ресми ақпаратты алға тартып, барлығын тергеу амалдарының құпиялығына тіреп отыр. Төрт бірдей адамның өлімі, әрине, егжей-тегжейлі тексерісті қажет ететіні белгілі. Дегенмен, мұндай оқиғалар неге жиілеп кетті? Міне, осындай сұрақтар көптің көкейінде жүр.

Шындығында, суицид мәселесі қазір қоғамды ерекше алаңдатып отыр. Өйткені, жыл өткен сайын өзіне-өзі қол салатындардың саны артпаса, азаяр емес. Бұл жөнінен еліміз ТМД мемлекеттерінің арасында алдыңғы шепте екенін ескерсек, алаңдайтын-ақ жөніміз бар. Бас прокуратураның мәліметінше, осы жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында 1661 адам өзіне қол жұмсаса, 2336 адам суицид жасауға әрекеттенген. Ал, суицид жасаған әйелдер саны былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 37,4 пайызға көбейген. Өңірдегі жағдай да мәз емес. Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының мәліметіне сүйенсек, жыл басталғалы 60 оқушы өзіне-өзі қол салып, 34-і қайтыс болған. Ал, былтыр 70 оқушы суицид жасап, 30-ы өмірімен қош айтысыпты. Құзырлы орган мамандарының айтуынша, түркістандықтардың басым бөлігі суицидке тұрмыстық жанжалдардың кесірінен барады екен.
Ал, психологтар суицид жасауға жүйке жүйесі сыр берген, көбіне рухани жағынан әлжуаз азаматтардың жиі баратынын алға тартады. Күнделікті қайталана беретін күйбең тірліктің, болмаса белгілі бір ұрыс-жанжалдан туындаған күйзелістің де әсері аз емес екен. Сондықтан бұл салаға машықтанған ғалымдар да оның негізгі себебін дөп басып айта алмайды. Дегенмен, қай адам болсын, өзіне-өзі жайдан-жай қол жұмсамайтыны белгілі. Бұған бір проблемаға кезіккеннен, кейде соны шеше алмағаннан баруға мәжбүр болады. Ғалымдардың зерттеуінше, адамдардың 1,2 пайызы денсаулықтың кінәратынан, 1,5 пайызы өмір сүрудің қиындығынан, 3 пайызы қаржы тапшылығынан, 6 пайызы нашақорлыққа тәуелділіктен, 18 пайызы отбасындағы кикілжіңнен, 18 пайызы рухани жалғыздықтан, 19 пайызы жазасын өтеуден жалтару мақсатында өз қалауымен о дүниеге аттанса, 30 пайыздан астамының сыры ешкімге белгісіз күйінде қалады екен. Міне, бүгінгі қоғамдағы адами қарым-қатынастардың қатыгезденіп бара жатқаны және жаны қысылғанда жан баласынан түсіністік пен мейірім таппауы да аты жаман дерттің көбеюіне жол ашып отыр. 
Өкінішке қарай, осындай күйде жүрген адамдарды тап басып танып, оларға араша түсу, өмірге қайта бейімдеу мәселелері үнемі назардан тыс қала береді. Тек есебін тізіп, тізімін хаттап, кеңселік жұмыспен қана шектелу басым. Ел ішінде аты жаман дерттің неге етек алғанын анықтау, оған араша түсуге деген талпынысты жұрт еш жерден байқай алмай келеді. Сондықтан Ата Заңда жазылғандай, мемлекеттің басты байлығы адам және оның өмірі екенін ескерсек, азаматтарымызды өлімге итермелеген дерттің себебін анықтап, адам өміріне араша түсудің амалдарын мықтап қарастырғанымыз жөн.  
Пікір қалдырыңыз