Айыппұлдан 10 млн. теңге түсті

 Облыста «Ashyq»  мобильді қосымшасын маусым айынан бері 9445 кәсіпкерлік нысан жүйелі түрде қолданып келеді.
Аталмыш қосымша карантин уақытында кәсіпкерлік нысандардың қызмет көрсетуіне толықтай жол ашып,  оқшаулау режиміндегі азаматтардың қоғамдық орындарға жіберілмеуі үшін қолданылады.   Себебі, науқастар арасында карантин режимін сақтамай, керісінше өзі ауру бола тұра той-жиыннан қалмайтын фактілер көп кездесті. 
Облыста 10 маусымнан бүгінгі күнге дейін оқшаулау режимін бұзған 832 факті анықталды. Атап айтқанда, үй режиміндегі карантиндік талаптарды бұзған «қызыл» мәртебесі бар 340 азамат, «сары» мәртебесіндегі  335 тұрғын тіркелді. Ал, «қызыл» статустағы 226 азаматқа ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 425-бабының 1-бөлігі бойынша жалпы сомасы  9 888 610 теңге көлемінде айыппұл салынды. Түркістан облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің №22 қаулысына  сәйкес «Ashyq»  бағдарламасына қосылған кәсіпкерлік нысандардың  қызмет көрсету уақыты ұзартылып, банкет залдарының «жасыл» мәртебедегі адамдармен толтырылуы  50%-ға дейін, бірақ, 100 орыннан аспайтын ас беру, салтанатты той-жиын өткізуге рұқсат етілді. 

Асқар ИСКАКОВ, 
облыстық санитариялық- эпидемиологиялық бақылау 
департаменті  басшысының орынбасары.  
Пікір қалдырыңыз