Жаңа жобаны жүзеге асырды

Ұлас ҮСЕНБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай NEET санатындағы жастарды қолдау мақсатында облыстық қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы»  КММ  «Jas Otan» жастар қанатымен бірлесе отырып «EVENING SPORT» жобасын жүзеге асырды. Облыс аудандарынан келген жастар бес спорт түрі бойынша бақ сынады. 

Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған облыстық мәслихат депутаты Инара Намазбаева, Түркістан қалалық мәслихатының депутаты Ғаппар Сәрсенбаев, облыстық «Орталық су спорт кешені» МКҚК директоры Ғалымжан Худияров, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының орынбасары Сейіт Ескермесұлы жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жоба аясында NEET санатындағы жастарға мемлекеттік бағдарламалар (жас кәсіпкерлерді қолдау, жастарды тұрғын үймен қамту, жастарды жұмыспен қамту) туралы кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 
– Шара 18-29 жас аралығындағы жұмыссыз жастардың қатысуымен өтті. Сайысқа қатысушыларға арнайы қаржылай сыйлықтар белгіленді. Бас жүлде – 200 мың, бірінші орын – 150 мың, екінші орын – 100 мың, үшінші орын – 75 мың теңге. Мақсат – жарыс өткізу ғана емес, іскер жастар ортасын қалыптастыра отырып, оларды қоғам өміріне белсене араласуға тарту, – деді «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Жансерік Бауыржанұлы. 
Ұлттық статистика агенттігінің мәліметі бойынша, облыста NEEТ  санатындағы жастардың көрсеткіші – 7,5 пайыз. Ал, 2020 жылы бұл көрсеткіш 8 пайыздан жоғары болған.  
– Мемлекет басшысы биыл жыл соңына дейін NEEТ  санатындағы жастарды 6 пайызға төмендетуді тапсырған. Осындай ауқымды жобалардың арқасында бұл міндетті жылдың аяғына дейін жүзеге асырмақпыз.  «Жастарға қызмет көрсету және NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу» бөлімінің жанынан  арнайы мобильді қызмет көрсету тобы құрылған. Онда  NEET санатын азайту мақсатында  мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіретін психологтар, заңгерлер, білім саласындағы ақпараттандыру жұмыстарын жүргізетін  арнайы мамандар бар. Мобильді топ 17 аудан-қаланы аралай жүріп, жастарға кеңес береді, –  деді аталмыш орталықтың «Жастарға қызмет көрсету және NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу» бөлімінің басшысы Оспан Жүнісов. 
Жарыс соңында облыстық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Ерасыл Төлебаев, «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Жұман Жансерік, қалалық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Әнуар Сәрсенбаев жеңімпаздарды құттықтап, оларға дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табыстады.
Турнир қорытындысы бойынша, асық ату сайысынан бас жүлде  Мұса Биболсынға (Бәйдібек ауданы), I орын Ерболат Мырзахановқа (Кентау қаласы), II орын  Елікбай Дәулетовке (Жетісай ауданы), III орын Қасым Алдабергенұлына (Созақ ауданы) бұйырды. 
Шахмат бәсекесінде Әлібек Әбдікәрімов (Сарыағаш ауданы) топ жарып, бас жүлде алса, I орынды Тіленші Әлі (Қазығұрт ауданы), ІІ орынды Бақдәурен Асқаров (Арыс қаласы), III орынды  Ақсұлтан Шырынхан (Отырар ауданы) иеленді. 
Кір тасын көтеруде созақтық Фариман Идоятов бас жүлдені иеленді. Ал, I орынды  жетісайлық Оралхан Дербіс, II орынды сайрамдық Нұрдаулет Өтебай, ІІІ орынды сарыағаштық Абылай Әбдіғаниев жеңіп алды. 
Үстел теннисінен өткен сайыста жетісайлық Айболат Қонысбай қарсылас шақ келтырмеді.  Бірінші орын Мәди Қалдарбековке (Отырар ауданы), II орын Ерасыл Аманға (Бәйдібек ауданы) III орын Сүндет Мұхановқа (Сарыағаш ауданы) бұйырды. 
Қол күресте бас жүлдені  Бағлан Жаухан (Келес ауданы), I орынды Нұрлан Амангелдиев (Созақ ауданы), II орынды  Бағдат Бекболат (Отырар ауданы), III орынды Ақжол Анвар (Сарыағаш ауданы) иеленді.
Пікір қалдырыңыз