Буырқанған бұла күш пен ұлттық рухтың символы

Ертең Түркістан қаласында даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 150 жыл толуына орай қазақ күресінен халықаралық турнир басталады. Біз жарыс қарсаңында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат ЖОЛДЫҚАРАЕВПЕН арнайы сұхбаттасқан едік.

– Қанат Жарылқапұлы, биыл елімізде қазақтың әйгілі балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 150 жыл толуы мерекесі кеңінен аталып өтуде. Батыр есімін ұлықтау мақсатында облыста да бірқатар тағлымды шаралар қолға алынуда. Дегенмен, халықаралық деңгейде өтетін ертеңгі бәсекенің бәсі бәрінен жоғары сияқты...
– Солай десе де болады. Оның үстіне батыр атындағы байрақты бәсеке күллі түркі дүниесінің рухани орталығына айналған Түркістан қаласында алғаш рет өткізілгелі отыр. Екіншіден, бұл турнир алдағы болатын халықаралық жарыстардың бастауы іспетті. Себебі, көне шаһар бүгінде сәулеті келіскен небір спорт ғимараттарымен толығып жатыр. Алдағы уақытта осы Спорт сарайларында талай халықаралық жарыстар өтетін болады. 
Жарыс күндері белдесуден бөлек, рухани іс-шараларға да кең орын беріледі. Жарыстың алғашқы күні Қажымұқан атындағы облыстық спорт мұражайының көшпелі көрмесі ұйымдастырылып, мерейтойға орай шығарылған «Жаһандық күш атасы» кітабы мен «Қажымұқан» атты деректі фильмнің таныстырылымы өтеді. Соңғы екі туынды Ордабасы ауданы әкімдігінің қолдауымен жарық көрді. 
– Жарысқа қанша мемлекеттен балуандар қатысады? Біздің елден кімдер сынға түспек?
– Айтулы додаға Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстаннан бөлек Қазақ-станның ең таңдаулы деген балуандары түгел шақырылды. Олардың арасында «Қазақстан барысы» сияқты үлкен додаларда олжа салып жүрген спортшылар да бар. Іріктеу сынынан іркілмей өткендер «Түйе балуанға» тігілген «темір тұлпарды» сарапқа салады. 
– Ертеңгі күрес бәсекесі жыл бойы өткізілген шаралардың қорытындысы іспетті. Айтыңызшы, тұтас өмірін күрес өнеріне арнаған батыр бабамызды лайықты деңгейде дәріптей алдық па?
– Қажымұқан бабамызды қазақтың үлкен-кішісі түгел біледі десем, артық айтқандығым емес. Оның есімі айтыла қалса, көз алдымызға бірден буырқанған бұла күш пен мұқалмас асқақ рух оралады. Бұл оның әр қазақпен етене үндесіп кеткендігін білдірсе керек. Батырдың биылғы мерейтойы сол үндестікті тереңдете түсті десе де болады. Әсіресе, мерейтойды өткізуге байланысты Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауын айрықша атап өткен жөн. Арнайы түзілген жоспарға сәйкес, жер-жерде қаншама мәні зор шаралар өткізілді. Елордада еңселі ескерткіш орнатылды. Көшелерге ұлы балуанның есімі беріліп, ол туралы көптеген авторлық жобалар дүниеге келді. Мұнан өзге спорт түрлерінен аудандық, облыстық, республикалық деңгейде қаншама жарыстар өткізілді. Боз кілемде болашағынан мол үміт күттіретін жаңа есімдер пайда болды. Міне, осының бәрі біз үшін аз олжа емес. 
Күш атасы Қажымұқанның 150 жылдық мерейтойы облысымызда да лайықты деңгейде атап өтілді. Мерейтойға байланысты облыстың барлық аудан, ауылдарында танымдық және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Әсіресе, бұл жылы балуанның мерейін тасытқан төл күресімізді көбірек дәріптеп, болашақ ізбасарлардың елге кеңінен танылуына жол аштық. Даңқты балуанның құрметіне орай Бәйдібек, Отырар және Келес аудандарында қазақ күресінен дәстүрлі турнирлер өткізілді. Осы жарыстарда қазақтың атын асқақтататын небір жас таланттардың қаулап өсіп келе жатқанын көрдік. Осы ретте қазақ күресін 60 жылдан бері үздіксіз дәріптеп келе жатқан «Оңтүстік Қазақстан» газетінің еңбегін ерекше атап өткен жөн. Газет тек ақпарат құралы ғана емес, қазақ күресінің шын жанашыры ретінде танылып келеді.
Қажекең өмірінің соңғы жылдарын оңтүстік өңірде өткізгені белгілі. Ол кісі 1948 жылы 77 жасында қайтыс болып, қазіргі Ордабасы ауданының орталығы Темірланнан бес шақырым жердегі Қажымұқан ауылында жерленген. Басына үлкен кесене орнатылған. Қазір осы маңнан батыр атындағы мемориалдық кешен салынып жатыр. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында орналасқан кешеннің жалпы аумағы 5 гектарды құрайды. Кешенде кітапхана, көрме залы, асхана, қонақүй, конференц залы, спортзал, спортшыларға арналған киім ауыстыру, жуыну бөлмелері бар. Мұнда спорттың бірнеше түрімен шұғылдануға, түрлі деңгейдегі жарыстар өткізуге болады. Ғимараттың аумағы жасыл желекпен абаттандырылып, орындықтар мен жарықшамдар қойылады. Кешен іске қосылса, халық жиі келетін туристік орынға айналады.
– Соңғы жылдары қоғамда бұқаралық спортқа деген қызығушылық артып келеді. Қазір мемлекет тарапынан әр адамның спортпен шұғылдануына барынша жағдай жасалынуда. Түркістан облысында бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Тұңғыш Президентіміздің пікірінше, дені сау ұлт қана мықты мемлекеттің негізін қалайды. Ал, мықты мемлекеттің табысты болуы тек экономикамен ғана емес, тұрғындарының денсаулығымен, салауатты өмір салтын ұстануымен де өлшенеді. Дамыған елдерде бұқаралық спорт жақсы жолға қойылған. Ондағы тұрғындар спортты өмірінің бір бөлшегі деп біледі. Біздің қоғамда да осындай сана қалыптасуы қажет. Осы бағытта облыста бірқатар жұмыстар қолға алынды. Жыл басынан бері бұқаралық спортты дамыту мақсатында 1321 іс-шара өткізіліп, оған 150 мыңға тарта адам қатысты. Оның ішінде ауылдық жерлерде өткізілген іс-шаралардың саны мыңға жуықтайды. Он айдың қорытындысы бойынша дене шынықтыру және спортпен тұрақты шұғылданушылар саны 700 мыңға жуықтап, облыс тұрғындарының 33,8 пайызын құрап отыр.  Бұл – мақтанарлық көрсеткіш. Бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жұмыстар одан әрі жалғаса беретін болады.
– Қанат Жарылқапұлы, биыл облыс спортшылары үшін табысты жыл болды. Бір ғана Сәкен Бибосыновтың өзі Түркістанды күллі әлемге екі рет танытты... 
– Түркістан өңірі спорт саласы бойынша үнемі көшбасшылар қатарында жүреді. Оны жанкүйерлер де жақсы біледі. Бүгінге дейін облыс спортшылары ел чемпионаттары мен біріншіліктеріне қатысып, 352 алтын, 207 күміс, 252 қолаға қол жеткізсе, Азия чемпионаттарында 47 алтын, 19 күміс және 12 қола медаль, ал, әлем чемпионаттары мен кубоктарында 26 алтын, 8 күміс, 14 қола медаль жеңіп алды. Жаңадан құрылған облыстың спортшылары үшін бұл өте жоғары көрсеткіш де білемін. Сайыпқырандарымыз жыл соңына дейін жүлде санын молайтады деп сенеміз. 
– Мықты спортшылардың көпшілігі ауылдан шығады. Алайда, ауыл спортының бүгінгі жағдайы аса мәз емес. Спорт ғимараттары, ойын алаңшалары жоқ ауылдар бар және ондай ауылдар аз емес. Мұндай жағдайда біз болашақта Сәкен Бибосынов сияқты елдің атын шығаратын спортшыларды ауылдан шығара аламыз ба?
– Бүгінде спорт саласына мемлекет тарапынан барынша жағдай жасалып жатыр деуге болады. Елбасының да, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да халықты спортқа тарту туралы тапсырмасы бар. Мұны жүзеге асыру үшін елімізде көптеген жұмыстар атқарылуда. Әрине, ауыл спортын дамыту үшін міндетті түрде ауылдарда спорт кешендері болуы керек. Бұл жұмыстар Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сай кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Айталық, биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Төрткүл, Бабайқорған, Ағыбет және Ескі Иқан ауылдарында спорттық сауықтыру кешендерінің құрылысы басталды. Жеке кәсіпкерлер тарапынан салынып жатқан спорт алаңшалары қаншама?! Мұның бәрі де ауыл спортын дамытуға деген талпыныс. 
– Сөз соңында Түркістандағы спорт ғимараттары жайлы бірер сөз.
– Түркістанда қазір туризм мен бұқаралық спорт қатар дамып келеді. Ол үшін қалада заманауи спорт нысандары көптеп салынуда. Алды ел игілігіне беріліп те жатыр. Ал, биыл халықаралық теннис орталығы, Әбдісалан Нұрмаханов атындағы облыстық спорт мектебінің спорт кешенін қайта жаңғырту, мұз сарайы, ескек есу спортына арналған спорт кешендерінің құрылысы басталды. Аталған нысандар келер жылы пайдалануға беріледі.
– Әңгімеңізге рахмет! 

Сұхбаттасқан Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Ońtústik Qazaqstan».

Пікір қалдырыңыз