Жолбасшыдағы жұмыс Айдостан артылмайды

Аман ЖАЙМБЕТОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Тұрмыс-тіршілігі негізінен ауыл шаруашылығы жұмыстарынан тұратын ауыл-аймаққа міндетті түрде темір, ағаш ұсталары керек. Кеңес өкіметі кезінде тұрғындар кетпен-күректері сынып, қандайда бір дәнекерлеушінің көмегіне жүгінетін болса сол маңдағы кеңшар, ұжымшардың ауыл шаруашылығы техникаларын жөндейтін шеберханасына баратын. Бүгінде бірен-саран іріленген шаруа қожалықтары мен кооперативтерде болмаса көптеген ауылдарда темірден түйін түйіп, ағаштан ою оятын ұсталар табыла бермейді. Сол үшін ауыл еңбеккерлері құрал саймандарын жөндету үшін сыртқа сабылып, аудан орталығындағы шеберлердің қызметіне жүгінуге мәжбүр.

Келес ауданына қарасты Жолбасшы ауылының тұрғындары темір ұстасын сырттан іздеген емес. Өйткені, мұнда Айдос Әлімов есімді жас маман өзі құралпы жастарды жанына жинап, ауылдың әжетіне жарап жүр. Өз ісінің маманы заман талабына сай темір есіктер мен түрлі бастырмаларды да, тіпті, ауыл шаруашылығы жұмыстарына пайдаланылатын тіркемелерді де өздері жасай береді екен. Бағасы да қымбат емес. Айдос тұрғындар тарапынан қай мезгілде қандай қызметке сұраныс артатынын да жақсы біледі. «Қазір үйге жылыту қазандықтарын орнату жұмыстары қызып тұр. Тамыз, қыркүйек айларында басталған бұл жұмыс желтоқсан, тіпті, қаңтар айларына дейін жалғасады. Одан кейін, мұнда ауа райы жылы болғандықтан, ақпан айынан бастап жылыжайларды жөндеу, жаңасын салу сияқты жұмыстар басталады. Көктемге таман есік алдына бастырма салатындар, дарбаза орнататындар, ауласын қоршағысы келетіндер көбейеді. Сондай-ақ, дала жұмыстары да қыза түседі. Бір сөзбен айтқанда жыл он екі ай жұмыс тоқтамайды. Алғашқыда жұмысты екі адам болып бастадық, қазір мұнда төрт адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Біз өз қолымыздан шыққан жұмыстың өте сапалы болмағына баса мән береміз. Өйткені, біздің кәсіп бір күндік емес, егер сапаға емес, санға басымдық беріп, шала-шарпы істесек, ертеңгі күні өз тұтынушыларымыздан айырылып қаламыз. Оның үстіне, осы ауылда тұрғандықтан бәрі бізге таныс. Сол үшін ұятқа қалмау жағын да ойлаймыз» деген ол алдағы уақытта кәсібін өркендетуді де жоспарлап жүргенін жасырмады. «Біздің шеберхана ауыл орталығында орналасқандықтан тұрғындардың келіп-кетуіне де ыңғайлы. Бірақ, соңғы кездері жұмыс көлемі ұлғайған сайын, шеберхананы үлкейту керек екені білініп жүр. Сондай-ақ, соңғы үлгідегі дәнекерлеу аппаратын алу да жоспарда бар. Ұстаның құрал-жабдығы неғұрлым жаңа болса, жұмысы да соғұрлым өнімді болады. Қазір мұнда Бекзат Мархабаев, Тұрсынбек Тасболат және Арай Қалымбаев есімді дәнекерлеуші шеберлер жұмыс істейді».
Айдос Әлімов бала кезден түрлі техникаларды құрастыруға қызығып өскен екен. Мектеп қабырғасында жұргенде төрт доңғалақты мотоцикл құрастырып, мектеп ұжымын таң қалдырғаны бар. Бұл өнерін одан әрі ұштай түссе, тәп-тәуір маман болып шығатынын түсінген әкесі баланың бетін қақпай, қайта қолдау білдіргенін айтады. «Айдос мектеп қабырғасында жүргенде-ақ техниканың тілін меңгеріп, түрлі бұйымдар жасай бастады. Алғашқыда жас бала бір жерін ауыртып ала ма деген қауіп болды. Жұмысын сырттай бақылап көріп едім, техникаға епті екенін аңғартты. Талабын түсініп қолдау білдірдім. Мотоцикл құрастырып шыққан кездегі қуанышын көріп, біз де мәз болдық. Сол мотоциклге тіркеме жасап, егістік алқаптарындағы жұмысшылар үшін су апарып жүрді. Кейін сондай тіркемеге сұраныс көбейіп, жеңіл көліктерге де тіркеме жасай бастады. Осылайша ол өз кәсібін қалыптастырды» дейді Айдостың әкесі Ержан аға.
Міне, осылайша ауылдан шыққан шебер өз кәсібін өркендету арқылы ауыл тұрғындарының әжетіне жарап жүр. Бүгінде дәнекерлеушінің жұмысына жүгінетіндер көп екенін ескерсек, ауылдағы Айдос бастаған жігіттердің жұмысы жандана түсетіні белгілі. Ең бастысы, әр ауылдың осындай өз шебері болса, тұрғындар керек-жарағын жасатып алу үшін алысқа сабылмай-ақ алтын уақыттарын үнемдеген болар еді. 

Суретте: Айдос ӘлІмов, 
(оң жақта бірінші) шәкірттерімен.

Пікір қалдырыңыз