«Turkistan» индустриалдық аймағы: жаңа жобалар қолға алынуда

Ұлас ҮСЕНБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Шағын және орта бизнесті өркендету – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Экономиканы отандық өнім көлемін арттыру арқылы көтеруді көздеген мемлекетімізде бұл саланы дамытудың түрлі жолдары қарастырылып жатыр. Соның бірі инвесторларды тарта отырып, өндіріс орындарын көбейту. 

Жеке кәсіпкерлерді қолдау, оларға лайықты жағдай жасау мақсатында құрылған «Turkistan» индустриалдық аймағында ілкімді істер аз емес. Осыдан сегіз жыл бұрын құрылған аймақтың аумағы алғашында небәрі қырық гектар болып белгіленсе, кейіннен, яғни 2018 жылдың 27 желтоқсанында Түркістан қаласы әкімінің шешімімен тағы да екі жүз гектарға, артынша тағы жүз он гектарға ұлғайды. Нәтижесінде аталған индустриялық аймақтың қазіргі таңда жалпы аумағы 350 гектарды құрап отыр. 
«Turkistan» индустриялық аймағының басшысы Бекбол Амантаевтың айтуынша, қазіргі таңда мұнда 23 өндіріс орны орналасқан. Жалпы сомасы 5 млрд. теңгені құрайтын 16 жоба жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, мұнда «Түркістан Трасса», «Азрет–ЖолҚұрылыс», «Kadiris»,  «Стройсервис-ХХІ», «Cordial Turkestan», «Turkistan textile» БК, «SouthAluplast», «Алем Бетон – 1», «MAKS BETON», «Нурлы НазАй», «Kaztor LTD», «АЗИЯ АГРО», «Айбек ЛТД», «EKP Group 878» сияқты ірі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен «Grand Miks» сынды жеке кәсіпкерлік нысандары және «Grand Miks» жеке кәсіпкерлігінің екінші кезеңі жүзеге асып жатыр. «Өңірімізде өндіріс саласын дамыту, жергілікті тұрғындарды жұмыс орындарымен қамтамасыз ету мақсатында біраз жобаларды қолға алып жатырмыз. Таяуда төрт жүзге жуық жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін жалпы құны 4 миллиард теңгені құрайтын сегіз ірі жоба индустриалды аймаққа тартылып, құрылыс жұмыстарын бастады. Алдағы уақытта жобалар санын ұлғайтуды жоспарлап отырмыз» деді «Turkistan» индустриалдық аймағының инвестиция бөлімінің басшысы Қанат Ұзақбайұлы.
Мұнда кәсіпкерлер үшін түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Кәсіпкерлер құжат ресімдеу барысында уақыт жоғалтпайды, барлық жұмыс «Бір терезе» қағидасы аясында атқарылады. Өз жобасымен келген кәсіпкер тізбеге сәйкес қажетті құжаттаманы жинақтап, басқарушы компанияға ұсынса жетіп жатыр. Ал, индустриалдық аймақ өкілдері еліміздің өзге өңірлеріне, тіпті шетелдерге де шығып, инвесторлармен кездесулер  ұйымдастырып, келіссөздер жүргізіп, өңірдің ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін ұсынатын болады. 
Бөлім басшысы Қанат Ұзақбайұлының айтуынша, инвесторлар тартуға облыстық инвестиция және экспорт басқармасы, «Kazakh Invest» АҚ, «Turkistan Invest» және «Атамекен» кәсікерлер палатасы тарапынан да көптеген жұмыстар атқарылып жатқан көрінеді. «Биыл «Kazakh Invest» АҚ мен Түркістан облыстық инвестиция және экспорт басқармасының басшылары Өзбекстан және Түркия елдеріне іссапармен барып, екіжақты келісімдер жасасып қайтты. Сол келісімдердің нәтижесінде «Turkistan» индустриалды аймағына Түркиядан инвесторлар келіп, өз жобаларын осында жүзеге асыратын болды» дейді бөлім басшысы. 
Сондай-ақ, аталған аймақтағы кейбір шешімін күткен мәселелер де назардан тыс қалмады. «Turkistan» индустриалды аймағынан «Батыс Европа – Батыс Қытай» автомагистраліне қосылатын автожол бар, сонымен қатар индустриалды аймаққа теміржол тартылған. Мұның бәрі инвесторларды қызықтырып отыр. Бірақ, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ газбен жабдықтауға техникалық шарттарды беруге мораторий жариялады. Осыған байланысты индустриалды аймақ қатысушылары техникалық шарт ала алмай, газ қосу мүмкіндігінен айрылып отыр. Бұл өз кезегінде кәсіпорындарының жұмысына кері әсерін тигізуде. Техникалық шартқа қатысты мораторийдің аяқталу мерзімі белгісіз. «Nur Оtan» партиясының Түркістан қалалық мәслихатындағы депутаттық фракциясы «Turkistan» индустриалды аймағының теміржол тұйығының ағымдағы жөндеу жұмыстарына ықпал жасауда. Міне, осы мәселелер ертерек өз шешімін тапса, инвесторлар да кідірмес еді, олардың келуіне мүдделі болып отырған біздің де жұмысымыз біршама жандана түскен болар еді» дейді ол. 
Аймақтағы ірі жобалардың бірі – «Turkistan Textile» БК серіктестігінің жұмысы басталғанына да көп бола қойған жоқ. Бүгінде мұнда жүзге жуық адам жұмыс істейді. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі үш азамат бар. Өзбекстандық инвесторлардың ықпалымен жүзеге асырылып жатқан жоба толық іске қосылғанда тағы сегіз жүз адамға жұмыс табылмақ. Ал, қырық гектар аумаққа орналасқан жиһаз шығаратын «Grand Miks» жеке кәсіпорны әзірше 170 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде өндіріс орнының төртінші кезеңін қолға алған олар келешекте тағы да 250 адамды жұмыспен қамтымақ.   
Пікір қалдырыңыз