Ыстамбұлдан олжалы оралды

Түркияның Ыстамбұл қаласында каратэ-до шотоканнан жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында әлем чемпионаты мәреге жетті. Дүбірлі додаға ұлттық құрама сапында қатысқан облыс спортшылары жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Олар Қазақстан қоржынына 3 алтын, 3 күміс және 1 қола жүлде салды.
Атап айтсақ, Елнұр Төребек, Маржан Әшім, Меруерт Әбен алтыннан алқа тағып, ел мерейін үстем етсе, Мәди Катешов, Димаш Укматов пен Олжас Құлажан күміс медаль иеленді. Тағы бір жерлесіміз Ердос Қуандық қола медальді жеңіп алды.
Бұл аламан додаға түркістандықтарды аға бапкер Боранбай Төлеев бастап барды. Сонымен бірге, ортақ жеңіске бапкер Роман Сәрсеқұлов та үлкен үлес қосты. Осы бәсекеде облыстық балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған №1 олимпиадашылар даярлау резерві спорт мектебінің екі шәкірті алтыннан алқа тағынды. 61 келіде өнер көрсеткен Маржан Әшім мен 52 келі салмақтағы Елнұр Төребек осы мектептің шәкірттері.
Аталған спорт мектебінің директоры Бердалы Әділбек Ыстамбұл төрінде олжа салған спортшыларды қабылдап, сый-құрмет көрсетті. Аталған мекемеде спорттың 10 түрі бойынша 1000-нан астам ізбасар даярланып жатыр. Спорт мектебінің шәкірттері әлем чемпионаттарында 4 алтын, 2 қола еншілесе, Азия чемпионаттарында 1 алтын, 2 қола медаль олжалаған.

Пікір қалдырыңыз