Оқылмай қалған газеттер...

Менің әкем кісінің ала жібін аттамаған, өткір жүзді, шындықты  бетке айтатын, туралықты ту еткен жан еді. Оның бізге ұрысып, жекігенін көрген емеспін. Сонда да шешеміз «әкең келе жатыр» десе жым болатынбыз. Кітап оқығансып, моп-момақан болып отыра қалушы едік. Әкем түскі асқа келгенде басымыздан сипап, «айналайын» дейді. Осы бір ауыз сөзінің өзі жанымызға шуақ құятын. 
Әкемнің газет-журналдарға мақала жазып тұратыны болушы еді. Өлең де шығаратын. Содан ба, ауылдың үлкен-кішісі әкеме келіп, ақыл сұрайтын. Оның үстіне  қызметі бар. Біз әкеммен мақтанатынбыз. «Кісінің ақысын жеме, адамдық қасиетті жоғалтпа, байлық қума, адалдығыңа сен» деп үнемі айтып отырушы еді.
Бірде, баламыз ғой, таңнан кешке дейін үйге келмей ойнағаным бар. Кешкұрым үйге келсем, аулада апам мен әкем тұр. Апамның қолында шыбық. Сол күні  әкем ләм-мим демеді, есесіне шешем жазалады. Сол таяқтан  сабақ алдым деп ойлаймын. Содан кейін үйге кешікпей келетін болдым.
Мектеп бітіріп қалаға жол тарттым.  ҚазМУ-дің журналистика факультетіне  құжат тапсырдым. Алайда, екінші емтиханнан сүріндім.  «Енді не істеймін?»  деп әкеме хабарластым.
– Әке, қалада қалайыншы? – деп өтініш айттым. 
Әкем:
– Қызым, ауылға қайт, совхозда жұмыс көп, шөпке, картоп теруге шығасың, – деді. 
Сондағы әкемнің ойы ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, жұртшылықпен  араласып, еңбекке үйренсін деген ой екен-ау.
Бірде дастарқан басында отырғанымызда:
– Қыз баласы жиырмаға толғанда тұрмысқа шыққаны  жөн, – деді.
 Бетіне таңырқай қарадым, ешқандай әзіл байқалмайды.
– Нәсекеңнің (қайын атам) баласына шығасың, – деді.
– Әкесі сондай ақкөңіл, аңғал кісі, алма ағашынан ұзап түспейді, – деп қосып қойды.
Артынан күлімсіреп маған қарады. Мұның да астарында үлкен мән бар екенін ұқтым. Содан періштелер «әумин» деді ме, Аллаға шүкір, ұлды, қызды болдық. Осылай әкемнің сөзін аттап кете алмадым.
Үйіміз том-том кітаптар мен газет-журналдарға толы болатын. Бірде-бірі оқылмай қалмайтын. Жұмыстан келе әкем газетке үңілетін. 2006 жылы әкем ауруы жанына батып, ауруханаға  жататын болды.  
«Апаңа қараңдар, жылатпаңдар» деді үйден шығарда.
– Жарайды, әке, сауығып келесіз ғой, – дедім.
Ауруханада небәрі бір-ақ апта жатты. Күніге тамағын, газет-журналдарын апарып тұрдым. Өйткені, газет-журнал оқымай отыра алмаушы еді.  Сәрсенбіде барғанымда әкем жарқылдап, қасындағы кісілермен оны-мұны айтып күліп отыр екен.
– О, менің Айнам келді, айналайын, мына газеттеріңді оқып бітірдім, ертең тағы газеттер  ала келші, – деді.
– Жарайды, – дедім. 
Ертесіне өмірінің мәніне айналған газеттерін алып палатасына асыға кірдім. Әкем сұлқ түсіп жатыр екен.
– Әке, сізге не болды? Ертең шығамын деп отыр едіңіз ғой, – дедім.
– Мені реанимацияға алып кетейін деп жатыр. Хабарымды алып тұршы, – деді.
Көз жасымды көрсеткім келмеді. «Қорықпаңыз, сауығып, ортамызға ораласыз» дедім.
«Су берші қызым» деп бір кесе су ішті.
Ішіп болып: «Әкелген газеттеріңді оқи алмадым-ау» деді.
Әкемді реанимацияға алып кетті. Артында таңғы асы мен оқылмаған үш газеті қалды. Қайран әкем, өмірін тек оқуға, балаларына тәлім-тәрбие беруге, халқына адал қызмет көрсетуге арнаған еді. Әкемнің тағы бір арманы «кітабым шықса» дейтін. 
Содан бері  15 жыл өтіпті. Ұл-қыздары ақылдасып, әкемнің жазған-сызғандарын құрастырып, кітап етіп шығардық. Үйде әкеміздің ешкімге жыртқызбайтын газет-журналдары әлі де сақтаулы тұр. Өткенде барғанда әкеміздің жансақтау бөліміне апарғалы жатқанда оқи алмай кеткен үш газетін тағы көрдім. Оны мен арнайы папкаға салып, бөлек қойған едім. Көзіме жас толды. Күн шуағында газет оқып отырған үлкен кісілерді көрсем, әкем есіме түседі. Неге екенін білмеймін, маған газет-журналдарға үңіліп отырған ақсақалдар әкемдей көрінеді. Соларға қарап сағынышымды басамын.

Айна ПЕРНЕБЕКҚЫЗЫ.

Пікір қалдырыңыз