Сыбайлыс жемқорлыққа күрес – баршамызға ортақ іс

Өздеріңізге белгілі,  үлкен мәселелердің әрі үлкен күнәлердің бірі – жемқорлық, парақорлық болып саналады. Жемқорлық мәселесі – мемлекеттің дамуына кері әсерін тигізіп отырған жағымсыз құбылыс.

Бұл лауазымды тұлғаның басқа бір тұлғадан лауазымына қатысты көрсететін  қандай да бір қызмет түріне берілетін ақша немесе өзге игіліктерді алуы. Бұл жағдайда көрсетілген ақша мен игіліктерді әрдайым парақордың  жеке өзі алмайды, оларды көбіне оның жақын адамдарына немесе жасанды жалған ұйымдарға ұсынады.

 Пара деп саналатын нәрселер: Түрлі заттар – ақша, оның ішінде валюта, банк түбіртектері мен құнды қағаздар, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған бұйымдар, автокөліктер, пәтерлер, саяжайлар мен қала сыртындағы үйлер, тұрмыстық техника мен аспаптар, өзге тауарлар,  жер учаскелері және  өзге жылжымайтын мүлік т.б. саналады.

Ислам шариғатында жемқорлықтың үкімі харам. Яғни, үзілді-кесілді тыйым салынған үлкен күналар қатарына жатады.

           Бұл жөнінде Қасиетті Құран Кәрімде: Уа, мүміндер! Алла Тағаладан қорқыңдар. Әркім ертең үшін не жібергеніне қарасын. Алла Тағаладан қорқыңдар. Шәксіз Алла Тағала не істегендеріңді толық біледі. Сондай Алланы ұмытқан, Алла Тағала оларға өздерін ұмыттырған кісілер тәрізді болмаңдар. Міне солар бұзақылар” [Хашр сүресі, 18-19-аят].

         Араларыңдағы малдарыңды бұзық жолмен жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра адамдардың малынан бір бөлігін жеу үшін билерге апармаңдар” [ Бақара” сүресі, 188 аят.] деген.

         Сондай-ақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: “Алла Тағала пара берген және параны алғанды лағынеттеді” [Имам Бухари, Имам Муслим]. 

         Зұлымдық ету мақсатында пара беру ауыр қылмыс әрі күнә. Сонымен қатар түрлі істі бітіру мақсатында пара беруге де болмайды. Бірде Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Абдуллаһ ибн Рабаханы (родиял-лаһу ъанһу) яһудилерге жібереді. Олар құрма бақтың салығын төлеуі тиіс еді. Сонда яһудилер Абдуллаһты (родиял-лаһу ъанһу) параға жыққысы келіп, оған түрлі сыйлық ұсынады. Олардың бұл ісіне ол: “Сендердің параларың заңсыз. Сондықтан біз оны қабыл етпейміз”, - деп жауап береді [Имам Малик]. 

         Жалпы, жемқорлыққа алып баратын пара тіленушілік  қоғамды бұзады. Пара жүрген жерде әділетсіздік әділ орнына қабылданып, тыйым салынған нәрсеге рұқсат етіледі және әділетсіз шешім шығарылады. Залымдар істі өз пайдасына шешу мүмкіндігіне қол жеткізеді.

         Пара жүрген жерде жауапкершілік деген болмайды. Ислам параның қандай түріне болмасын тыйым салады. Тіпті сыйлық ретінде берілген параның өзі харам [ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі].

         Қадірменді мұсылман қауым! Күмәнді нәрседен аулақ болыңыздар! Харамнан Алла Тағаланың Өзі сақтасын! Ата-бабаларымыз «Аз болса да берекесін берсін», «Қанағат қарын тойғызар», - деп босқа айтпаған. Демек, дүниеқорлыққа бой алдырып, діндегі тыйымдарды ескермеуге болмайды.      Әрбір жанұяда береке болса, қоғамда береке болады. Ал жемқорлыққа қарсы күресті – әрбір жан өз отбасынан бастап, ұрпаққа дұрыс тәрбие беріп, сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабар – имандылықты ұстану қажет.

 

Мұхамеджан Естеміров,

Түркістан облысы бас имамының орынбасары, магистр.



Пікір қалдырыңыз