Татулық – тұрақтылық пен тыныштық тірегі

Түркістан қаласында «Қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуы мүддесіндегі әріптестіктің 30 жылдығы» тақырыбында Түркістан облысының Х Азаматтық форумы өтті. 

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткен дәстүрлі жиынға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев,  облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев және облыстағы мемлекеттік органдар мен бизнес-құрылымдардың басшылары, қоғамдық бірлестіктердің көшбасшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиынды «Түркістан облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Шәріпбек Жамалбек жүргізіп отырды. Форумда сөз алған өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев азаматтық қоғамды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар барысына тоқталды.  
«Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Бұл белесті Түркістан өңірінің халқы толайым табыстармен қарсы алды. Бұл жетістікте қоғамның барлық мүшелерінің үлесі бар. Үкіметтік емес ұйымдар әр бағыттағы ұстанымдарына қарамастан, барлығы бір мақсат, бір мүдде жолында әрекет етуі тиіс. Ол – Қазақстанның тұрақтылығы, елдің барлық бағытта дамуы. Азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттік құрылымдардың бірлескен үйлесімді жұмыстарының нәтижесінде тәуелсіздіктің жетістіктерін жетілдіре түсерімізге сенімдімін» деді Өмірзақ Естайұлы. 
Шара барысында «Түркістан облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Шәріпбек Жамалбек облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы болып сайлануына байланысты өзінің орнына облыстық мәслихат депутаты Инара Намазбаеваның кандидатурасын ұсынды. 
Сонымен қатар, іс-шарада мүгедектердің «Шапағат» қайырымдылық қоры қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шалтан Еркінбай, «Generation» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Владислав Голярко, «Түркістан облысы ата-аналар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ақбаян Жақыпова, «Береке» қоғамдық бірлестігінің жоба үйлестірушісі Гүлсім Андабаева сөз алып, өңірдегі азаматтық қоғамды қалыптастыру бағытындағы ой-пікірілері  мен ұсыныстарын ортаға салды. 
Сондай-ақ форум аясында 2021 жылғы 22-26 қараша күндері Алматы қаласында өтетін республикалық Х Азаматтық форумға қатысатын делегаттардың құрамы анықталды. Облысқа бөлінген квота бойынша 5 делегат анықталды.
Жиын барысында «Ең үздік ҮЕҰ» байқауының жеңімпаздары, әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесінің үздіктері марапатталды. Елдің ынтымағы мен бірлігін сақтауға үлес қосып жүрген бірқатар белсенді үкіметтік емес ұйым өкілдеріне облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиевтің марапаттары табысталды. 
Форум аясында «Аудандық ақпараттық-ресурстық орталықтардың жұмыс істеу стандарттары» және «Жергілікті өзін-өзі басқарудағы азаматтық қоғамның рөлі», «Әлеуметтік мәселелердің инновациялық шешімдері, Азаматтық қоғам дамуындағы инновация», «Жергілікті билік органдары мен ҮЕҰ арасындағы өзара іс-қимыл механизмдері» тақырыптарында пленарлық секциялар өтті. Секциялар барысында қатысушылар тарапынан түскен ұсыныстар алдағы уақытта ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жолданатын болады.

Пікір қалдырыңыз