Салғырт мұғалімнен мәңгүрт шәкірт шығады

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».


Ауық-ауық әлем әдебиетіндегі жауһарларға көз жүгіртіп отыратын әдетіміз бар. Жуырда Лев Толстойдың мына сөзіне көзім түсті. «Ойын ойнау үшін қарын тоқ болу қажеттілігі түсінікті. Қоғамның әр мүшесі қарны ашпаған кезде ғана өнерге ден қоя алады. Егер қоғам мүшелері тоқ болмаса, нағыз өнер өркен жаймақ емес. Салғырт өнер – кескінсіз, аш қоғамдағы өнер – дөрекілеу, өкінішті...».

Ойланып қалдым. Өйткені, өзім куә болған мына оқиға жанымды жаралаған еді. Осы оқиға мен әлемдік ақыл-ойдың арыстаны айтқан ойдың арасынан бір байланыс іздегім келді. Қазір қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман дейміз. Дегенмен...

Таяуда бір мектепте болдық. Мектеп барлық ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған, ұстаздық жолында көңіліне түйген пікірлерін толғамды ойларымен толықтырып жаднама, кітап жазып кеткен көшелі кісінің атында екен. Арнайы бөлмеде мектеп мұғалімдері мен оқушылары қаламгерлермен кездесу өткізді. Қарап отырмай,  «Жұлдыз», «Жалын» журналдары мен «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттері туралы сөз қозғадым. Өйткені, мектеп кітапханасынан осы басылымдар көзіме түспеді.

– «Жұлдыздар отбасы» журналы ма? – деп қалды мектеп директоры.

Өзі сондай сымбатты жан екен. Жүріс-тұрысы, өзін-өзі ұстауы, сөйлеу мәнері келісіп-ақ тұр.

– Жоқ, «Жұлдыз» журналын айтамын, – дедім.

Мұғалімдер бір-біріне қарады. «Ол қандай журнал еді?» деп бір-бірінен көздері арқылы сұрасып тұрғандарын аңғардық.

– Ал, «Жалын» журналын білесіздер ме?

Мұғалімдер тағы да иықтарын қиқаң еткізді. Біз бір-бірімізге қарастық. Содан кейін қос журналды  және аталған газеттерді  кезінде әдебиетіміздің алыптары басқарғанын айтып өттік. Бірақ, «мұны білмегендеріңіз ұят емес пе?» дей алмадық. Тілімізді тістедік. Өйткені, олар бізді аттай қалап шақырып, төріне отырғызған болатын. Асын ішіп отырып, текеметін тіліп кеткендей күй кешетін болдық. Дегенмен, көңілде, көкейде көп ой кетті. Өзегімізді өкініш өртеді.

Япырай, қайда кетіп барамыз? Әлемді алапат апаттан әдебиет пен әдемілік құтқарады дейміз. Қай елдің әдебиеті мен мәдениеті, өнері мәуелі болса, сол елдің еңсесі тік, мәртебесі жоғары, шығар шыңы биік, өресі – өрісті, еңбегі – жемісті! Ендеше, әдебиет – ұлттың ұлы қазынасы! Қазақтың кестелі де қасиетті көркем сөзі ежелден-ақ талайларды тамсандырған. Қазақ сөз өнерімен есейіп, ержеткен халық. Сөз сиқырын терең меңгерген бабаларымыз терең тамырлы толғауларымен талай өршігелі тұрған өртті тұншықтырып, тоқтата білген. Құдіретті көркем сөз арқылы адамдардың жүректеріне жол тауып, қалыптасқан ойлар мен пікірлерді өзгерту арқылы келер ұрпақты дұрыс жолға сала білген. Бүгінгі өскелең ұрпаққа даналықтың дәнін еге алмасақ, ертеңгі күніміз қараң болмай ма? Осыларды ойлап, тұнжырадық.

Бойымызды белгісіз үрей билегені бұл ғана емес. Көптеген мектептерге барып жүрміз. Мұғалімдердің айтатындары бір сөз. Уәждері де осы. Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңына сәйкес қандай да бір басылымға күштеп жаздыруға болмайды! Бітті! Үзілді-кесілді қарсылық бұл! Тіпті, өздеріне керекті төл басылымдары болсын, керек етпей ме, жазылмайды. Сонда олар білімдерін қалай жетілдіреді? Япырай, қатардағы мұғалімді қойып, мектеп басшысы әдебиетіміздің басты басылымдарының атауын білмесе, олар қандай шәкірт тәрбиелеп шығарады? Салғырт мұғалімнен мәңгүрт шәкірт шығады емес пе?

Осы мұғалімдеріміз, ұлағатты ұстаздарымыз ұрпаққа өнеге-үлгі көрсетуге келгенде неге кейіншектей береді? «Ойбай, бізді сенбілікке шығаруға болмайды!», «Ойбай, бізді театрға күштеп апаруға болмайды!», «Ойбай, бізге көше аралауға болмайды!». Бұл неткен таусылмайтын «болмайды»? Ойбайлағандардың оңғаны қане? Қолына кетпен-күрек алып, шәкірттеріне үлгі көрсете алмаса, еңбекке, көпшілік ісіне баулымаса, осы арқылы оларды өзімшілдікке, еріншектікке тәрбиелесе, мұндай мұғалімнен не күтуге болады? Театрға барып, жан дүниесін байыта алмаған ұстаз шәкірттеріне жүрек жылуын дарыта алар ма? Туған өлкенің табиғатына оқушыларын  алып шығып, бай мұрамыз бен киелі орындарымызды көрсетпеген, насихаттамаған мұғалімнен отаншылық рух табылар ма? Осы ретте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Ата-анасымен бірге ауласына ағаш екпеген, үлкендердің жан-жануарға мейірімін көрмеген, кішкентайынан табиғатты аялауға дағдыланбаған бала өскенде туған жеріне жаны ашымайды. Мәселе экологияда емес –

отаншылдықта, заңда емес – санада» демеп пе еді? Бұл ұстаздарға да тікелей қатысты. Ағаш егуді, табиғатты аялауды бала бойына сіңіру мұғалімнің қасиетті де қастерлі міндеттерінің бірі. Күні кеше емес пе еді, көшеде  мұғалім келе жатса, үлкендердің өздері олардың алдында иіліп сәлем беріп тұратыны. Ешкім танымайтын, ешкімге керегі жоқ мұғалім мектепке керек пе? Осындай сан сауалдар жүрек сыздатады.

Османлы халифатының ІІІ Осман (һижри 1171/ 1775) және ІІІ Мұстафаның (һижри 1187/ 1774) бас уәзірі Рағып паша  аса ірі мемлекет қайраткері әрі парасатты кісі болған екен. Сонымен қатар ол османлы диуан әдебиетінің жарқын тұлғалары санатына кірген. Өлеңді үш тілде еркін жаза біліпті.

Рағып паша кітапхананың таза әрі мұқият ұсталуына үлкен көңіл бөлген. Өзі де кітапхананы жиі аралап тұрыпты. Кітапхана күтіміне арнайы маман тағайындаған. Зерттеушілер кітапханада 1173 қолжазба сақтаулы тұрғанын жазады. Әрине, кітаптардан бөлек. Белгілі ақын, жазушы, публицист Сүлеймен Назиф бір келгенінде кітапхана жөнінде: «Уа, оқырман! Стамбұлдың немесе басқа жердің тұрғыны. Қай жерден болғаның маңызды емес. Егер Рағып пашаның кітапханасында болмасаң, егер сол жерде бірнеше сағат көз жүгіртіп бақылап, айрықша сезімге бөленіп, уақыт өткізбесең, біліп қой, сен бұл керемет аймаққа бөтен һәм надан адамсың» деп жазып кетеді. Ал, бұл сөз Стамбұлдың Фарих шағынауданындағы кітапхана маңдайшасында күні бүгінге дейін ілулі тұр. Сәулетті де кітап қоры бай оқу залына  Стамбұлға келген саяхатшылар күні бүгін де толассыз келіп жатады.

Біз осыларды екшегенде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасынан басқа руханият ошағын еске түсіре алмадық. Бұл жерде мәдениет үйлері, кітапханалар салынбай жатыр дегіміз келіп отырған жоқ. Салынуын салынып жатыр, бірақ бұл жерде әкімдердің руханият әлеміне деген көзқарастары әлі де кемшін екенін еске салғымыз келеді. Айталық, кітапханаларға әдеби басылымдарды жаздыру жағына келгенде қаржының жетіспей қалатыны осы сөзіміздің айғағы. Аттарын атап, түстерін түстемей-ақ қоялық, көптеген кітапханашылар «неге сіздерде мынадай журнал, газет жоқ» деп сұрағанымызда қаржының жоқтығын айтып ақталады. Руханиятқа бөлінбеген қаржы қайда бөлінбек?

2018 жылы Алматыда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында халықаралық қазақ ПЕН клубының ұйымдастыруымен «Құбылмалы әлемдегі әдебиеттің рөлі» тақырыбында жазушылардың І халықаралық форумы өтті. Осы форумда Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет: «Бір парадокс бар: Қоғам байыған сайын рухани аштық үдей түседі. Сондықтан тоқ қоғамда жүріп рухани аштыққа ұшырамас үшін, жазылған һәм жазылмаған рухани қазыналарымызды жойып алмау үшін асыл Сөзді қадірлейік, көркем Сөздің құнын түсіріп алмай, көздің қарашығындай қорғап, арымызды сақтағандай ардақтай білейік. Сөздің оты сөнбесін! Сөз, тіл алдындағы жауапкершілікті ұмытпасақ болды» деді.

Сөздің отын сөндірмеудің жолы қайсы? Әрине, баланың бойына бармақтай кезінен сөз құдіретін сіңіре білгенде ғана өшпейді. Ал, соны жас өркеннің бойына дарытады деген ұлағатты ұстаздар, руханият шамшырақтары ашқарақтық, салғырттық, немкеттілік танытып, ұзын арқан, кең тұсауға салынып, бойкүйездене берсе болашағымыз бұлыңғырлана түспек. 

Менің бүгінгі айтпағым осылар еді.

Пікір қалдырыңыз