Өзбекстан: кеше және бүгін

Өзбекстан Республикасының тұңғыш президенті Ислам Каримов елді 27 жыл басқарып, 78 жасында дүниеден өтті. Өткен шақпен айтар болсақ, оның кезінде Өзбекстан жабық мемлекет саналды. Мемлекетте мұнай мен газдың қомақты қоры болуына орай Каримов көрші елдердің басшыларымен лидерлік мәртебе үшін үнемі бәсекелесіп келгені, сондай-
ақ кейбір көрші мемлекеттермен шекара мәселесінде проблемалар туындағаны, көбіне су ресурсына байланысты келіспеушіліктер орын алғаны жасырын емес. Өзбекстан көршілес жатқан Қырғызстан мен Тәжікстанға газды экспортқа шығару арқылы ықпал еткісі келді.

Мұнан бөлек, Ислам Каримов кезінде ел ішінде саяси оппозиция қудаланып, сөз бостандығы шектелді, сыншыл тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары жабылды. Мұндай қатаң шараларға ол елде тәртіп орнату үшін барғаны белгілі. Десе де, шектен тыс басып-жаншу мен өмір сүру жағдайының төмендігі жұртты, әсіресе, ер азаматтарды өзге елдерге сабылып жұмыс іздеп кетуге мәжбүр етті. Сыртқы ел оларды арзан жұмыс күші ретінде пайдаланды. Дегенмен, Каримовтың әсіредіншіл радикалдарға қарсы аяусыз күрескенін, соның нәтижесінде елдің ішіне сырттан түрлі діни ағымдардың бірде-біреуін кіргізбегенін былайғы жұрт жақсы біледі. Деректерге сүйенсек, 1999 және 2004 жылдары мемлекетте терактілер орын алды және елде тыйым салынған Өзбекстанның ислам қозғалысы (ӨИҚ) тобы 1999 және 2000 жылдары екі рет басып кірді. Қаруланған экстремистердің толқынын басу үшін Каримов әскерді пайдаланды. Жергілікті тәртіпті қатаңдату арқылы Каримов жағдайды уысында ұстап тұра алды. Елді өңірлік қақтығыстарға араластырмай алып шыға алды және саяси тұрақтылықты сақтай білді. «Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов – ұлы тарихи тұлға, сол кісінің арқасында біздің республикамыз тәуелсіздігін алып, дербес даму жолында зор жетістіктерге жете білді, жас мемлекетіміздің қиын-қыстау күндерінде соғыс қаупінен аман қалып, жағдай тұрақты қалыпта сақталды» деп еске алады ел үкіметі мен парламент өкілдері. 
Сондай-ақ, ол елінің тілін, дінін, дәстүрін жақсы сақтап қалу үшін және одан әрі дамыту үшін қыруар жұмыстар атқарды. Орыс тілінің мәртебесін жойса да, Ресеймен қарым-қатынасын сақтауға тырысты. 1991 жылы халқы 19 миллион болса, Каримов қайтыс болған жылы өзбекстандықтардың саны  31 миллионға жетті.   
Ислам Каримовтың ел билеген уақытында мемлекет көптеген халықаралық ұйымдардың мүшелігіне өтті: ТМД (1991), БҰҰ (1992), ЕҚЫҰ (1992), ХВҚ (1992), ШЫҰ (2001). Осыған қарамастан мемлекет негізінен өзінің сыртқы саясатында тым ашық болуға басымдық беруден бойын аулақ ұстай отырып, екіжақты қарым-қатынастың дамуына кең өріс ашты.
Өзбекстанды сынаушылар Каримовтың кезінде елде экономикалық реформалардың болмағанын, сыбайлас жемқорлық пен тамыр-таныстықтың белең алғанын, мақта өнеркәсібі үшін халықты мәжбүрлеп жұмысқа салғанын айтқанымен, тәуелсіздік жылдарында Өзбекстан экономикасы 6 есе өсті. Өнеркәсіптің үлесі 14 пайыздан 34 пайызға дейін ұлғайды. «Елдің экономикалық әлеуетінің дамуына, оның халықаралық беделінің өсуіне, қоғамның әл-ауқатының артуына ықпал еткен ауқымды өзгерістердің жүзеге асырылуы Өзбекстан Республикасы тәуелсіздігінің бастауында тұрған Ислам Каримовтің есімімен байланысты» деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Ислам Каримовтан кейін билікке Шавкат Мирзиёев келді. Өңірдің әкімі, кейін ұзақ жылдар Өзбекстан үкіметін басқарған Мирзиёев өзін кезінде қатал да ымырасыз басшы ретінде көрсеткен еді. Бірақ, ол президенттікке сайланған соң мүлдем өзгеріп, керісінше Ислам Каримовтің кезіндегі қатқан сеңнің көбесін бұзды. Сөйтіп басқарудың өзіндік жолын тапты деседі. Содан да халық жаңа басшыға күдікпен емес, үлкен үмітпен қарай бастаған. Ал, бұл бұқараның билікке деген сенімінің арта түскендігін көрсетеді. Мирзиёев Каримовтің кезінде биліктен аластатылған шенеуніктерді қызметке қайта әкелді. Сондай-ақ, ол өзінің қызметін талқаны шыққан, жағдайы мүшкіл ауылды бастан-аяқ жаңғыртып, түлетуден бастады. Осы арқылы халықпен жұмыс істеуде өзінің тәжірибесі бар екендігін көрсетті. Оның мақсаты – елдің әлеуметтік жағдайын жақсарту, көршілермен байланысты нығайту. Сол үшін де елдің вице-премьерлері бастаған топ Қырғызстан, Қазақстан, Тәжікстанды аралап, қарым-қатынасты тереңдете түсуге кірісті. Еркін сауда айналымын жасау үшін көршілермен достық қарым-қатынас ұстану керектігін Мирзиёев жақсы біледі. 
Биылғы сайлауда Шавкат Мирзиёев 80,1% дауыс жинап, Өзбекстан президенті болып қайта сайланды. Конституциямен бірге Құран ұстап тұрып, халыққа адал қызмет етуге ант беретін басшының өзбек жұртының ғана емес, Орталық Азия елдері алдында да беделі арта түсетініне бек сенімдіміз.

Пікір қалдырыңыз