Заң білмеудің залалы көп

Дәулет Тұрсынұлы, «Ońtústik Qazaqstan».

Нарықтың қатал қыспағында өмір сүріп жатқандықтан, «тегін» деген сөзге кейде таңғалатынымыз бар. Қадам басқан сайын ақша төлеуге дағдыланып қалғандықтан ақысыз немесе арзан дүние көрсек, алдымен сапасын екшеп жатамыз. Десе де, қоғамымызда халық игілігі үшін жүзеге асырылып жатқан ақысыз қызметтер барын білген абзал. Соның бірі – әділет органдары арқылы көрсетілетін тегін заң көмегі.

Байқасаңыз, бүгінде әділдік іздеп, әр кабинеттің есігін тоздырып жүрген жандар аз емес. Есесіне, оларға құқықтық көмек ұсынатын мекемелер де көп. Алайда, көбісінің қызмет түрлері ақылы болғандықтан, оны екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Ал, Түркістан облысының әділет департаменті тарапынан мемлекет кепілдік берген және кешенді әлеуметтік заң көмегін алу бойынша халыққа құқықтық көмектер тегін көрсетіледі. Таяуда Түркістан облысының адвокаты Рүстем Орынбаев департамент қызметкерлерімен бірге кезекті рет тұрғындарға құқықтық көмек көрсету шарасын өткізді.
Тегін заң көмегін беру шарасында алимент өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелеріне ерекше екпін берілді. Себебі, тұрғындар тарапынан осы мәселелерге қатысты сауалдар көп.
– Көмек сұрап келгендерді мұқият тыңдап шықтық. Тәжірибелі мамандар көтерілген мәселелер бойынша тегін кеңес берді. Жалпы, айтылған мәселелер оң шешімін табады деуге болады. Тек құқықтық жағынан сауаттырақ болса, алынбайтын қамал жоқ. Біздің ойымызша осындай форматта өткізілетін шаралар азаматтарға тегін құқықтық көмек берумен ғана шектелмейді. Олардың біздің қызметімізге бақылау жүргізуіне де мүмкіндігі бар, – дейді Рүстем Шералыұлы. 
Жалпы, департаментте тұрғындарға тегін құқықтық көмек беру ісі жолға қойылған деуге болады. 
Бұл – әрбір маманның күнделікті атқаратын шаруасы. Бұдан өзге облыстық адвокаттар алқасы да аптаның бір күнін тегін құқықтық көмек беруге арнаған. Түркістан қаласының халық көп жүретін «ыстық» нүктелерінде де сауаттандыру жұмыстары жиі өткізіліп жатады. Сайып келгенде, мұның барлығы халықтың құқықтық сауатын жетілдіруге деген әрекет. Ал, оны пайдаға асыру – сіздің міндетіңіз.
Пікір қалдырыңыз