Сәкен сөзінде тұрды!

Төрткүл әлем көз тіккен бокстан әлем чемпионаты да аяқталды. Қазақстан құрамасы 2 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлде еншілеп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады. Түркістан облысы құрылғалы бері өңір спортшылары арасында алғашқы Олимпиада жүлдесін Сәкен Бибосынов алып келген-ді. Енді Сәкен ересектер арасындағы әлем чемпионатының алтынын еншілеген тұңғыш түркістандық спортшы атанды. Ол Олимпиаданың қола жүлдесіне әлем чемпионатының алтын медалін қосып отыр.

Сәкен Бибосыновтың Токио рингінде қалай бокстасқанына ел куә. Жартылай финалда британиялық Галал Яфайды соққының астына алып, сабаса да, төрешілер жеңісті бермеген-ді. Токиодан өзегі өртеніп келген жерлесіміздің аузынан шыққан бірінші сөз: «Қайтсем де қазақтың көк туын биікте желбіретіп, әнұранын шырқатамын» болды. Сәкен сөзінде тұрды. Әлем чемпионаты аяқталған соң Сәкеннің жеке бапкері Мырзағали Айтжанов чемпионатқа дайындықтың қалай жүргенін айтып берді.
– Токиодан келген соң небәрі екі-ақ апта демалдық. Сол демалыс күндерінің бірінде Сәкенге «жалғастырасың ба, қоя саласың ба?» дедім. Шәкіртім «Олимпиада ойындары аяқталғанда жанкүйерлеріме алдағы әлем чемпионатында алтын аламын деп уәде бергенмін. Сол уәдені орындауға тиіспін» деп кесіп айтты. Осыдан кейін екілене жаттығуға кірісті. Сәкеннің чемпион болуы әуелі Алланың, сосын еңбектің арқасы. Олимпиадада алтын жүлдеге қолы жетпей, сағы сынып, қолғабын шегеге іліп кеткен талай боксшыны көрдім. Алайда, Сәкен тоқтап қалған жоқ. Тынымсыз жаттығудың арқасында бүгін елге қуаныш сыйлап отыр, – дейді Мырзағали Құланұлы.
Расымен де, Сәкеннің осы чемпионаттағы жүріп өткен жолына қарасаңыз еріксіз таң қаласыз. Жарыстың алғашқы кезеңінде-ақ жеребе оны Олимпиада чемпионы Хасанбой Дусматовқа жұп қылғанда тіксініп қалғанымыз рас. Алайда, Сәкен атақты қарсыласынан қаймыққан жоқ. Рингке сенімді түрде шығып, жеңісті Хасанбойдың қолынан жұлып алды. Екінші айналымда тағы бір мықты боксшы, үндістандық Дипак күтіп тұрған еді. Әлем, Азия чемпионаттарында жүлде алып жүрген Дипакты осал қарсылас дей алмайсыз. Сәкен бұл жолы да жанкүйерлерін жерге қаратқан жоқ. Одан кейін Колумбия қабыланы Юберхен Мартинестің осал тұсын тауып, жартылай финалға шықты. Жартылай финалдағы қарсыласы тайландтық боксшы да осы жарыста талай мықтыны үйіне қайтарған жампоздың бірі болатын. 
Тайландтық боксшыны еркін ұтқан Сәкенді финалда АҚШ боксшысы тосып тұрған. Дене тұрқы жағынан екеуі қарайлас. Бокстасу мәнері де ұқсас. Екеуі де аяқта нық жүріп, алыс қашықтықта бокстасады. Алайда, АҚШ боксшысы Роско Хилл Сәкеннің алдында дәрменсіз күй кешті. Сәкен бұған дейінгі жекпе-жектерінде қарымта шабуылдың ретін күтетін. Алайда, финалда ринг қожайыны өзі екенін дәлелдеуге тырысты. Бірінші раундта Роско Хилл оң қолымен бірнеше соққысын дарытқандай болған. Үзілісте бапкерлер кеңесінен қорытынды шығарған Сәкен ол соққыға лайықты жауап беріп отырды. 
Бір жылда Олимпиаданың қола жүлдесін, әлем чемпионатының алтынын әкелген Сәкен Бибосынов жыл қорытындысы бойынша еліміздің «Үздік спортшысы» атағына бірден-бір лайық деп санаймыз.
Қазақстан қоржынына екінші алтын медальді салған Теміртас Жүсіпов әлем чемпионы атанған ең егде қазақстандық боксшы атанды. 33 жастағы Теміртас үшін бұл – биылдыққа әлем чемпионатының екінші алтыны. Теміртас екі ай бұрын ғана әскерилер арасындағы әлем чемпионатында топ жарған. Осылайша ол айналасы екі айдың ішінде бүкіл мансабында жете алмаған табыстарға қол жеткізіп отыр. 
Финалға дейін жетіп, ақтық сында сүрінген қос боксшымыз Серік Теміржанов пен Махмұд Сабырханға еш өкпеміз жоқ. Серік Павлодар боксының тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатының жүлдесін алған боксшы ретінде қалмақ. Ал, Махмұд Сабырхан әлем чемпионы атанатын шығар деп күткенбіз. Бұған дейін жастар арасындағы әлем біріншілігінде топ жарған шымкенттік боксшы финалға дейінгі қарсыластарын қоғадай жапырып, ақтық мәреде жапон боксшысына жол беріп қойды. Алғашқы раундты өз пайдасына шешкенімен, екінші, үшінші раундтарда жапон боксшысы айласын асырып кетті. 20 жасар Махмұд үшін әлем чемпионатының күміс жүлдесі де аз олжа емес. Ал, команда капитаны Абылайхан Жүсіпов осымен үшінші рет әлем чемпионатының қола медалін еншілеп отыр.
Жалпы, бұл әлем чемпионаты Қазақстан ұлттық құрамасы үшін сәтті өтті деуге болады. Токио Олимпиадасының сәтсіздігінен кейін біздің құрама ес жиып, әлем чемпионатында барын салды. Біздің құрама өз тарихында бірінші рет жалпыкомандалық есепте екінші орынды еншіледі. Бұған дейін бір рет бірінші орын, төрт рет үшінші орынға жайғасқан. 3 алтын, 2 қола медаль иеленген Куба құрамасы жалпыкомандалық есепте топ жарса, үздік үштікті АҚШ құрамасы түйіндеді. 
Бұл чемпионатта тағы қандай жағдайлар есте қалды дейсіз бе? Айтайық. Қазақстан құрамасы алғаш рет Жапония, Сербия, Шотландия боксшыларынан жеңілді. Бұған дейін бұл елдің боксшылары қазақ боксшыларынан айласын асыра алмай келген. Біздің құрама алғаш рет Черногория, босқындар құрамасымен кездесіп, жеңіске жетті. Бұл әлем чемпионатында біздің боксшылар жалпы 46 кездесу өткізіп, оның 35-інде жеңіс тойын тойлады. Бұл – құраманың әлем чемпионаттары тарихындағы екінші үздік көрсеткіші. 2013 жылғы әлем чемпионатында біздің құрама 36 кездесуде жеңіске жеткен.
Белградта өткен чемпионатта төрешілерге айтылған сын да аз болған жоқ. Біздің федерация ширек финалдағы Нұрқанат Райыс пен Санатәлі Төлтаевтың жеңілісіне күмәнданып, шағым білдірген. Алайда, шағым қанағаттандырылмады. Төрешілер құрамына қарасаңыз да түсініксіз жайттарға ұшырасасыз. Шри-Ланка, Тринидад және Тобаго, Гватемала, Сирия секілді боксы дамымаған елдерден келген өкілдер боксшылардың тағдырын шешіп отырды...  
Бокстан ендігі әлем чемпионаты 2023 жылы Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өтеді. 

Ерболат Айнабеков,
«Ońtústik Qazaqstan».

Пікір қалдырыңыз