Сұлтанбибі – байқау жеңімпазы

 «Конгресс холл» кешенінде «Түркістан аруы – 2021» облыстық сұлулық байқауының жеңімпазын марапаттау рәсімі өтті. Іс-шарада Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов «Түркістан аруы – 2021» облыстық байқауының жеңімпазы атанған Сұлтанбибі Шахапованы марапаттады. Ақылы мен көркі сай аруға алдағы уақытта өтетін «Қазақстан аруы – 2021» байқауында сәттілік тіледі.

Сонымен қатар арнайы тағайындалған «Мисс талант» атағы Ақерке Тұрдалиеваға табысталды.
«Түркістан аруы – 2021» облыстық байқауы биыл алғаш рет онлайн форматта өткен болатын. «Қазақстан аруы» ұлттық сұлулық байқауы дирекциясының демеушілігімен өткен сайысқа Түркістан өңірінің ең сұлу қыздары қатысты. Финалға шыққан 10 арудың анкетасын, суреттері мен бейнетаныстыруын қазылар алқасы ZOOM арқылы тамашалап, әділ бағаларын берді. Нәтижесінде қазылардың ортақ шешіммен 18 жастағы Сұлтанбибі Шахапова байқау жеңімпазы атанды. Түркістанның ең сұлу аруы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алып жүр. Мамандығы – интерьер дизайнер. Сұлтанбибі – «Қазақстан аруы» ұлттық байқауында онлайн іріктеуден өткен алғашқы жеңімпаз.

Ұлас Үсенбай.
Пікір қалдырыңыз