Қуыршақ театрының үш-ақ көрермені бар ма?

Дилара БИМЕНОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрында Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай патшазада» әңгімесінің желісі бойынша сахналанған қойылымның премьерасы өтті.

Айта кетейік, «Кішкентай патшазада» ертегісі аллегориялық ертегі. 

Ол – Антуан де Сент-Экзюперидің ең әйгілі туындысы. Онда ғарыштағы әртүрлі планеталарға, жерге баратын кішкентай патшазаданың өмірі баяндалады. Қойылымда жалғыздық, достық пен махаббат тақырыптары қозғалған. Зұлымдыққа төзбеушілік те бар. 

Жалпы балаларға арналған қойылымдарды сахналау екінің бірі еңсеріп алып кететін оңай дүние емес. Осындай киын да күрделі рөлдерді театр әртістері Ақберді Мұсақұлов, Фариза Әбіл, Толқынай Өмірзақова, Ерғали Тұрдәлиев, Олжас Уалханов, Ғабит Сейдахмет және Шымболат Бейсенов өз деңгейінде шебер ойнап шықты деуге болады. 

Әрине, балаларға ертегі кейіпкерлерін кітаптан оқып, ұялы телефоннан көргеннен гөрі сахнадан тамашалаған мүлдем басқаша әсер қалдырады. Сондықтан мұндай қойылымдардың олардың дүниетанымын кеңейтіп, қиялын дамытуға айтарлықтай үлес қосатыны сөзсіз. 

Дегенмен, өкініштісі сол, біз арнайы барып тамашалаған қойылымды небәрі үш-ақ бүлдіршін көрді. Бұл қойылымды мектеп жасына жетпеген балақайлардың түсіне қоюы екіталай. Сондықтан оған жасөспірімдер көбірек шақырылу керек еді деген ойда қалдық. Бәлкім, шақырылған да, жарнамасы жүргізілген де болар. Мұнда театр ұжымының кінәсі жоқ шығар. 

Сосын қазір балаларға арналған театрлар бүлдіршіндер көретін қойылымдарды ғана қоймайды. Олардың жұмыс ауқымы кеңейген. Сондықтан ертегі желісімен сахналанған бұл спектакль жайлы ештеңе айта алмаймыз. Премьераға зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының мамандары келді. Залда бос қалған орын болмады. Біздің көкейімізде қуыршақ және жасөспірімдер театрының негізгі көрермендерінің қамтылмай қалғаны ғана сұрақ болып қалды.  

Қазір ата-аналар балаларын театрдан гөрі ойын-сауық орталықтарына көбірек апарады. Тіпті, арамызда перзенттерін театрға ең болмағанда бір рет те ертіп әкелмеген ата-аналар баршылық. Ал, олар балаларының бір спектакльден бір кітапты түгесіп оқып тастағандай күйде қайтатынын біле ме екен?! 

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, өскелең ұрпағымыз мәдениетіміз бен өнерімізден сусындап өссін десек, оларды кішкентай күнінен театрға апарып үйретейікші... Қуыршақтар арқылы балаларға, тіпті бүкіл дүниеге, салт-дәстүрге...  қатыстының бәрін айтуға болады.

Пікір қалдырыңыз