Білекке емес, білімге сенетін заман

Бүгінгі заман білекке емес, білімге сенетін заман. Сондықтан үкімет білікті мамандар даярлау мен білім саласын әлемдік стандарттарға сай реформалау мәселесіне баса назар аударып отыр. Экономикалық және қаржылық қиындықтарға қарамастан, осы салаға барынша қолдау көрсетіп келеді. 

Бәйдібек ауданында 12822 мектеп жасындағы оқушы тіркелген. Оларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында қызмет жасайтын 2307 ұстаздың 2264-і жоғары білімді, 1112-сі жоғары және бірінші санатты мамандар. Аудандағы 50 білім беру мемлекеттік мекемесінің 44-і типтік үлгіде салынса, алтауы ыңғайластырылған жайда орналасқан. Құрылысы таяуда ғана аяқталған «Қосбұлақ» мектебі жаңа оқу жылының қарсаңында пайдалануға берілді. «Досан» негізгі орта мектебінің құрылысы әлі жалғасуда. Сонымен қатар, М.Әуезов ІТ мектеп-лицейінің жанынан жүргізіліп жатқан қосымша спорт зал құрылысын аяқтау желтоқсан айына жоспарланып отыр. 
2021 жылы мектеп бітіруші шәкірттеріміз ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысынан айтарлықтай жетістікке қол жеткізе білді. Атап айтсақ, Үйісбек Асанбай 131, Мәдина Әлсейт 129, Қәдірбек Балауса 129 балл жинап үздіктер қатарынан көрінді. Бұл оқушылар М.Әуезов атындағы ІТ-лицей-мектебінің, Шаян көпсалалы лицейі мен Қ.Сыпатаев мектебінің түлектері.  Ғ.Мұратбаев атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Адина Аманбекқызы шетел оқуларына жарияланған конкурстардың жеңімпазы атанып, АҚШ-тың Сант-Мартин университетінен, Италияның Америка–Рим университетінен, Испанияның Джен-Хаэн университетінен шақырту алды. Қазіргі таңда Испания еліндегі Джен-Хаэн университетінің (University of Jaen-Хаэн) студенті атанып отыр. Республикалық «Зерде» конкурсының облыстық кезеңінде М.Әуезов атынағы ІТ мектеп-лицейінің оқушылары Іңкәр Жарқынбек пен Ерсұлтан Мейірбек ІІ-ІІІ дәрежелі, Бақыт Бекнұр ІІІ дәрежелі дипломды еншіледі. «Күлтөбе» мектебінің оқушысы Гүлайым Жолтай халықаралық интеллектуалдық-танымдық онлайн турнирінің «Ең білімді оқушы» номинациясына ие болды. Республикалық «Жырлайды жүрек» байқауынан шәкірттеріміз Ақсәуле Өтеш, Жансая Қанышқызы, Тоғжан Ғалымқызы, Аружан Шермахан, Гүлзат Бектұрсын, Жасмин Болысбек І дәрежелі дипломға қол жеткізді.
Қорыта айтқанда білім беру мазмұнын жаңарту – ата-аналар мен педагогикалық қауымдастықтан жоғары деңгейдегі ұйымдастыруды, жауапкершілікті, ұтқырлықты, тұтастықты, өзара қолдау мен түсіністікті талап ететін зор міндет және ауыр сынақ. Білім берудің ешкімге ұқсамайтын өзіндік қазақстандық моделін қалыптастыру біздің, ұстаздар қауымына зор міндет жүктеп отыр.

Ақбала Құлымбет, 
Бәйдібек аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы. 

Пікір қалдырыңыз