Күш – бірлікте, талап – тірлікте!

Елдің ынтымағы мен бірлігі бекем болса, алынбайтын қамал, бағынбайтын белес болмайды. Ежелден елдің бірлігін ойлаған ата-бабаларымыз кейінгі ұрпақтарына осыны өнеге етіп қалдырған. Алдыңғы жылы Арыста болған жарылыста, одан кейін Мақтааралдағы су тасқынында, кешегі қуаңшылықтан зардап шеккен батыстағы ағайындардың басына іс түскен жағдайда ел бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, шын мәнінде үлкен ұйымшылдық таныта білді. 

Иә, ел болашағының қандай болмағы сол елдегі аға буынның бағыт-бағдары мен қолында қайраты бар жастардың талап-тілегіне, арман-әрекетіне байланысты. Бүгінгі таңда жұмыс істегісі, жағдайын жасағысы келген адамға мүмкіндік көп. Біз талабы бар жастардың бетін қақпай, олардың іс-әрекеттерінің ертерек жүзеге асуына жағдай жасауымыз керек. Кейде түрлі түсініспеушіліктер орын алып жатады. Мұндайда мәселеге байыппен қарап, ақ-қарасын әділ шешкенде ғана әділдік салтанат құрады. Ал, әділдікті, туралықты қолдаған адамның мерейі қашан да үстем болады.
Жалпы, жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатыны белгілі. Осы орайда түрлі үкіметтік емес ұйымдарға бірігіп, қоғамдық бірлестіктер арқылы әрекет етіп жатқандардың жұмысы анағұрлым жеңіл болатынын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та кешегі Жолдауында айтып өтті. Жолдауға тек көз жүгіртіп қана қоймай, зер салып оқып, одан туындаған міндеттерге байыппен қарау керек. Міне, осы маңызды құжат міндеттеген жұмыстарды жүзеге асыру үшін «Nur Оtan» партиясы Жетісай аудандық филиалы да біршама ілкімді істерді қолға алып отыр. Жастарды ынталандыру, жұмыссыздықты жою, әділетті қоғам орнату, әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға қарайласу сияқты көптеген мәселелер өз кезегінде рет-ретімен жүзеге асып келеді. Аудан бойынша жиырма бастауыш партия ұйымы, алты жарым мыңға жуық мүшесі бар іргелі ұйым алдағы уақытта да бір үйдің баласындай жұмыла жұмыс істеп, Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға атсалысатын болады. 

Әділхан АСАУОВ, 
«Nur Otan» партиясы Жетісай аудандық филиалы төрағасының 
бірінші орынбасары.

Пікір қалдырыңыз